Бурабай аңыздары

Бурабай аңыздарын әрі қарай жалғастырамыз. Бұл жолы да қасиетті өлкенің құпия тұнған тау-тастарымен жақынырақ танысамыз.

Tron-i-polyana-Abylay-Khana

МЫҢ БҰРАЛҒАН БИШІ ҚАЙЫҢДАР

Бурабай баурайындағы елдің жастары әлімсақтан-ақ бірінен-бірі асқан кіл өнерпаз болса керек. Олар Күміскөлді шығысынан көмкерген орман шетіне таманғы шағын ғана алаңқайға жиі жиналып, ойын-сауық құрады екен. Ән шырқап, күй шертеді. Би билеп, неше түрлі өнер көрсетеді.
Жастар ойын-сауығының дақпырты сол елдің ханына да жетеді. Хан өз көзімен көруге құмартады. Бірақ нөкер ертіп, сән-салтанатпен бүкіл елді дүрліктіріп баруға болмайды. Жұрт назарын аудартпай елеусіз ғана бару керек. Әйтпесе ол заманның әдепті өскен жастары именшектеп, қысылып-қымтырылып, өнер көрсете алмайды.
Хош, сонымен жастар ұзамай ойын-сауық алаңына тағы да жиналады. Хан қарапайым адамның киімін киіп, бірер нөкермен ғана барады. Қызықты тамашалаған көптің бірі болып тұра қалады. Оны ешкім аңдамайды. Жастар бір өнерден соң бір өнерді қыздырады. Бір кезде биге кезек келеді. Ортаға қыздар шығады. Айдың аппақ нұрынан жаралғандай, қараса көз тоймайтын аппақ-аппақ арулар. Мың бұралып билей жөнеледі. Ақ көйлегі желбіреп, бастағы үкі үлпілдеп құйындай үйірілгенде көздің ілесуі қиын. Оларға сүйсінген хан көңілі тасып кеткен соң өзі де байқамай: «Ой, бәрекелді-ай! Көп жасаңдар, қарақтарым!» – деп дауыстап жібереді. Ханның араларында тұрғанын сонда бір-ақ көрген әлдекім: «Хан ием!» – деп қалады. Сол-ақ екен, жұрттың бәрі қоғадай жапырыла тағзым етіп: «Хан ием!» деседі.
Шалқып-тасып жүрген арулар сасқалақтап, қайда тығыларларын білмейді.  Би ырғағымен құба талдай бұратылған күйде тұрып-тұрып қалады да, құданың құдіретімен аппақ-аппақ қайыңдарға айналып кетеді. Бурабайға жолы түскендер биші қайыңдарды көрмейінше кетпейді. Олар шынында мың бұрала толқынды әсем биге басқан ай сипатты ару қыздарды көз алдыңа келтіреді.

 РУХТЫ ЖАНЫР АБЫЛАЙ АЛАҢЫ

Оқжетпесті әңгімелегенде айтқанымыздай, ол ағашын қару еткен алаңқайға Абылай хан кезінде Ақ ордасын орнатып, айбарлы Ақ туын желбіреткен-ді. Содан бермен бұл алаң Абылай алаңы атанған еді. Қазіргі ұрпақ қасиетті, киелі орын санайды, алаң төсінде қадау-қадау өскен ақ қайың, жасыл шыршалар бұтақтарына ақтық байлайды.

 ҚАСИЕТТІ ХАН ТАҒЫ    

Абылай алаңынан шығатын жалғыз аяқ жол Көкшенің биігінен бермен құлдилай кеп сарқылған орман шетіне сүңгіп кетеді. Осы жолға түсіп жүрсек, сарғыш тас қосындысынан хас шебер құйып иә қашап шығарғандай биік арқалы тақ тұрады қарсы алдымызда. Кәдімгі алтын тақ!
Иә, ол Хан тағы аталады. Қыс өтіп, көктем туғанда Абылай Қызыл ағашты қойнауындағы қыстауынан көшіп, осы алаңқайда көктеуде отырар еді. Сонда ол азанғы жұпар ауада, кешкі жанға жайлы жібек самалда ордадан шығып, осы тасқа келіп дем алып, табиғат тамашасына тұшынып отыруды айнымас дағдысы еткен емес пе. Содан табиғат шебер жасаған бұл тас орындық Хан тағы атанған. Киелі орынға айналған. Әдейілеп тамашалауға барған мұсылман баласы ақтық байлайды.
Әттең, не істерсің, өзінің болмашысын бұлдап, дәріптеп, өзгенің ұлысын аяқ асты еткен шовинистік қызыл көз пәленің қиянатын тас екеш тас та тартқаны, теперішті көп көргені өзекті мұз боп қариды ғой. «Хан тағына» кім көрінген тайтаңдап шығып, шұқылап, үгітіп, мінтіп біткен, өзін «тарихта қалдыру үшін» аттарын да қашап жазған… Не дауа?!

КЕМЕТАСТЫҢ ҚҰПИЯСЫН БІЛЕСІҢ БЕ?

Бүкіл тарихшылар қауымы Нұх пайғамбардың кемесін Қап (Кавказ) тауының төбесінде қалдырады. Ал, біздің қазекем ол сөзге қол қоймайды. «Жоқ, Қап тауында қалғаны бекер, өзіміздің Қазығұрт тауында қалған!» дейді. Және:
Қазығұрттың басында кеме қалған?– деп өлеңге қосқан. Ал бізге салса, Нұх жарықтықтың кемесін Қап тауында қалдырған да жаңсақтыққа жатса керек. Пайғамбар біздің Бурабай табиғатына қызыққан да кемесін Көкшетаудың төбесіне тоқтатқан. Дәлел ме? О, дәлел мықты! Күдік-күмән келтіретіндер Тассырғанақтан сәл оңға таман көз қиығын аударсын. Ақ толқынды айдынды қақ жара ағып бара жатқан кемені көрмесе, бізге келсін!.. Бабаларымыз оған Кеметас деп ат қойыпты.

ТАЙҒАҚ ТА ТАЙҒАҚ ТАССЫРҒАНАҚ

Таудың болат қашау батпас көк гранит тасын бауырдай тіліп жасаған ғажайып сырғанақты көргіңіз келе ме? Онда Абылай алаңында табан аудармастан тұрып, Көкшенің қарсы алдағы биігіне көз салайық. Дәл қыр жотадан басталып, еңіске құлдилай құлаған ғаламат үлкен тас сырғанақты көреміз. Табиғаттың адамзат қолынан келмес тағы бір кереметі бұл. Көк тастың енін он бес-жиырма қадамдай, табанын жүз елу қадамдай етіп, кертіп ала қойған. Екі жаны тіп-тік, теп-тегіс. Жалпақ табанында да не бармақтай кедір-бұдырмақ, не тостағандай ойық болсашы! Аузы дуалы әулие бабаларымыз бұл ғажайыпты Тассырғанақ атаған.

ШЫҢҒА ШӨККЕН ПІЛ   

О заманда бұ заман, көк тастан өрілген, адамзат баласының өзі де  шыға бермес шырқау биік шыңның тап төбесіне піл шығып, жатып алыпты дегенге илана қоятындар табылмас. Иланбайтындар Бурабайға келсін. Абылай алаңында тұрсын да, жүзін Оқжетпес шыңына туралай бұрсын. Әлемнің бірде-бір пұшпағынан мұндай ғажайыпты көрер ме екен? Шың төбесінде төрт аяғын бауырына баса шөгіп жатқан піл! Ұшы сәл жоғары қайқиған ұп-ұзын тұмсығы, көзі, құлағы, құйрығы, қысқасы – он екі мүшесі бәрі түгел. Оқжетпес батыр қалың жау қамалағанда тәңірден тілек етіп, тасқа айналыпты дедік, сонда төбесіне көтеріп алған пілі осы. Тіпті, арқасындағы тоқымы да алынбаған, әлі сол қалпында.

 ТЫРБАҢДАҒАН ТАСБАҚА

Үйдей  пілді басынып, өрмелеп басына шығып, бара жатқан жаужүрек тасбақаны көргендер бар ма екен? Қайдан болсын!.. Ал, ондайды көргісі келген адам Бурабайға жетсін. Оқжетпестің тап түбіне Күміскөл жақтан тоқтасын да, бөркі жерге түскеніне бақыт боп басын шалқайта, Оқжетпестің төбесінде шөгіп жатқан пілге артқы жағынан қарасын. О, ғаламат-ай!.. Пілдің оң құлағы енді құлақ емес, алып тасбақаға айналып шыға келеді. Мойнын соза ұмтылып, оң аяғын пілдің шекесіне сап, тырбаңдап, тырмысып барады. Ондағысы пілдің дәл қара құсына қонжиып отырып алмақ ойда болса керек.
Тасбақаның ең алыбы теңізде тіршілік етеді. Ұзындығы бір метрге жетеді, салмағы жүз кило шамасы деседі ғалымдар. Сол тасбақаларың біздің Тасбақамыздың қасында ергежейлі бірдеме боп қалар-ау, өйткені біздің Тасбақа бес метрден кем соқпайды. Ал, салмағы… білгісі келген адам өзі көтеріп көрсін!

АУЗЫНАН ОТ ШАШҚАН АЙДАҺАР

Оқжетпесті іргелей асатын сұр таспа жолға түсейік те, Көгілдір қолтықты орағыта Бурабай елді қонысына қарай бет түзейік. Қарсы алдымызда, Күміскөлдің кемеріне төне тұрған биік құз жартастың үстіне назар аударалық. О, қараңыз! Кәдімгі қолтырауын. Судан жаңада ғана шығып, Үлкен Шалқарға өтіп кетпекке жүрер жолын байқастап, бағып тұрғандай.
Көкшетау жерінде қолтырауын ертеде болды ма, болмады ма, ол бізге беймәлім. Біздің білетініміз – ата-бабаларымыз жылан тұқымдастар мен кесіртке тұқымдастардың бәрін айдаһар дей берген. Мына қолтырауын тастың ел аузында  «Айдаһар» аталуы содан. Енді бұл айдаһарға оң жағынан жанамалай қарайықшы. Әлгінде Оқжетпестің төбесіндегі пілдің оң құлағы тасбақаға «айналып кеткендей» айдаһарымыз да кебіске айнала салады. Қазағымның кәдімгі биік өкше кебісі. Енді бір аңызда «бұл хан қызының кебісі екен, қалып қойған» деген қисын бар.

ҚОЙ ПІШІНДІ ҚОЙТАС

Бөлек таудың етегін бастыра сонау бір жылдары әскерилерге арнап орнатқан санаторийдің алдында алақанның аясындай ғана алаңқайлы төбешік бар. Сол төбешікте ақ гипстен жасалған шаңырақ мүйіз таутеке тұрады қасқайып. Осы текенің қасына тоқтап, Күміскөлдің үстін ала Жекебатыр тауына көз салсақ, қалың орманнан аса бой созған құз-қия назарға шалынбай қалмасы анық. Құз үстінде … қой. Көзге үйреншікті қысқа сирақ, қарыны жер сызған саулықтың өзі! Титтей аусайшы!.. Сондықтан да ол Қойтас аталады.
Осы Қойтасқа Жекебатыр тауы жағынан келіп қаралық… О, ғажап, қойымыз қайда кетті? Мынау қой емес, атқа салатын ер ғой. Қазағымның жалпақ қасты ері, үстіне жұмсақтап қалың көпшік салынған! Бурабай табиғатының кереметі қалай, ә?!

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий