Бурабай аңыздары

Бурабай аңыздарын әрі қарай жалғастырамыз. Бұл жолы да қасиетті өлкенің құпия тұнған тау-тастарымен, күміс көлдерімен жақынырақ танысамыз.

feed.photo

СИҚЫРЛЫ САНДЫҚТАС  

Енді санаторийдің желке тұсына оқшырая төніп қалған биік құзға назар аударалық. О, пәлі деген, құз үстіне әлдебіреу абажадай әбдіре қалдырып  кетіпті ғой өзі? Сірә, іші толған асыл бұйымдарын алмақшы ма, әлде көрмекші ме, әйтеуір бір оймен қақпағын көтеріп аша бергенінде қабағат бірдеңе төтеннен килігіп қалып, соған асыға-үсіге жөнелген де, қайта айналып соғуға мұршасы келмей, содан әбдіре сол күйі ұмыт қала берсе керек… Қазақ атам бұл кереметті әбдіре тас деуді лайықсыз көріп, Сандықтас депті.

КЕНЕСАРЫ ҮҢГІРІНЕ КІРДІҢ БЕ?  

Күміскөлдің батыс иығында қазақтың қара қосындай төбесі шошайғандау биік шоқы сарғыш түспен «мен мұндалайды», шығыс белдеуінде әлдене қарауытып назарға шалынады. Оның не екені тосын адамдарға жұмбақ, ал бір мәрте барғандарға бесенеден белгілі – үңгірдің аузы.
Кенесары үңгірі!
Тас-тастың табанға тиянақ кедір-кетігін баспалдақтай тік өрлеп үңгірге жетесің. Кірер ауыздың алды әдейі жасағандай жалпақ кенере. Үңгірдің кеңдігі сегіз қанат ордадан тар түсе қоймасы анық. Тап төбеде түтін шығатын тоқымдай ғана «шаңырақ». Адам қолының ісі…Дәл астында тұрып жоғары қарасаң, аспан күмбезі одан сайын биіктеп кеткендей әсер етеді.
Үңгір алдынан қарағанда, әсіресе, арайлап таң атып, алаулап күн шығар, сондай-ақ, күн ұясына қонар шақтағы сұлу суретті жеткізуге тіл керек!.. Көз алдыңа қалың төселген киіз үстіне қалы кілем жайып, құс жастықта шынтақтай жатқан Кенекем келер еді. Батыр-бағландар. Шырқалған ән, шертілген күй, қызу әңгіме-дүкен…
Әкелеріміз бен ағаларымыз: «соғыстың алдындағы жылдарда үңгір алдында «Қазақ халқының ұлттық батыры Кенесары ханның үңгірі» деген сөз қашап жазылған жалпақ тас тұратын еді» дейтін. Соғыстан кейін сол қастерлі жәдігерлік мұра ұшты-күйлі жоғалған көрінеді. Сірә, Кенесары аруағына қарсы жарияланған жойқын күрес кезінде қолды болған деп ойлаймыз. Өкінішті-ақ!..
Кенекем атымен аталатын бұл үңгір – киелі қасиетті орын. Қашан барсаң да тамашалап жүрген адамдар. Мұсылманшылығы барлар Кенекем аруағына дұға бағыштайды.

БУРАБАЙДЫҢ КҮМІС КӨЛДЕРІ

Көкшетау жерінде 1515 көл бар. Аумағы атшаптырымнан асатыны – 80 көл. Ал, осы сексеннің онға жуығы Бурабайдың айналасында, кербез Көкшенің баурайында шалқып жатыр. Бұл дүниеден озған қазына қарттарымыз Үлкен Шалқар, Күміс көл, Шабақкөл мен Қотыркөл төртеуінің, Шортан көлі, Қопа көлі мен Шағалалы теңіз үшеуінің әу баста бір-бірімен жалғасып, бірін-бірі қоректендіріп жатқанын әңгіме еткен.
Қотыркөл Бурабайдан он бес-жиырма шақырымдай шамада. Аса сұлу көл. Анығында бұл қатар жатқан екі көл. Екеуінің арасын ені жиырма-отыз қадамдай құмдауыт жал бөледі. Көлдің теріскейіндегісі – шалқыған үлкен де, түскейдегісі кішірек, екі бүйірі қысыңқы, ұзыннан-ұзақ кесілген. Бір қызығы үлкен көлдің айдыны таза, балығы бағландай дерлік, ал кіші көл қамысты-қоғалы, құсы жыртылып айырылады. Бірақ балыққа ұятты. Үлкен көлдің айналасы қалың орман, жақпар-жақпар жартастар. Ілгері уақыттарда оған құятын бұлақ көп болған. Көктемде сай-саламен келіп селдете құятын қар суы, тіпті орасан екен. Соның өзінде көл кемерінен асып төгілмей, үнемі бір деңгейде тұрған. Сонда бұлақ сулары, көктемгі қар суы қайда кетіпті? Сөйтсе, бар құпия табиғат шіркіннің шеберлігінде, бәр-бәрін үйлестіріп ұстайтын кереметінде жатыр екен ғой… Көлдің теріскейінен кішірек өзен шығады. Не ғаламат сыры барын кім біліпті, әйтеуір қамысы үнемі сарғыш тартып тұрғаны. Содан Сарыбұлақ атанған өзен Қотыркөлдің артық суын шетінен алып, ну орманның арасымен Әндіғожа тауын қапталдай өтіп келіп Бурабай көліне, яғни Күміскөлге құяды. Ал, Бурабай көлі судан онсыз да кенде емес. Тау-таудан бастау алған бұлақтар үздіксіз құйып жатады. Оған Қотыркөлдің суын Сарыбұлақ және үстейді екен. Соншама мол су, ең терең жері 7 метрмен шектелетін көлді кемерінен шығарып, телегей-теңіз төгіліп кетпей қалай сияды? Табиғат жарықтық бұл жағдайды да реттеп қойған. Көлдің шығыс бүйірінен тарам-тарам жылғалар шығады да, әудем жерде тоғысып, ортақ арна тартады. Сөйтеді де, тау өзеніндей күркіреп, тастан тасқа секіріп жөнеледі. Сол асау мінезі, ашулы арыстандай орман жаңғыртқан күркірі оған Күркіреуік деген атауды лайықтаған. Ол Күміскөлдің артық суын Үлкен Шалқарға жеткізеді.
Үлкен Шалқарға келелік. Бурабай баурайында Шалқар атанған бес көл бар, бұл соның ең көлемдісі. Бұдан жүз жылдың арғы жағында о шеті мен бұ шеті 30-35 шақырымдай, қазіргі Наурызбай батыр атындағы кеңшар жеріне дейін көсілген көк майдан теңіз еді дейді. Сол көлеміне орай оған бабаларымыз Үлкен Шалқар деген ат беріпті. Бурабай көлінің суы күміске ұқсағанынан Күміскөл деген қосымша ат алғаны сияқты, Үлкен Шалқар суы айнадай жарқырайтын қасиеті үшін Айнакөл деген әдемі атауға және ие. Осы Үлкен немесе Айнакөлдің 40-50 жылдай ілгеріде тереңдігі 16 метрге жетіп, аумағы 25 шаршы шақырымнан асқанына бүгінгі біздің замандастарымыз да куә.
1515 көлдің ішіндегі ең тереңі – Шортан көл. Ұзындығы жеті шақырымнан, көлденеңі төрт шақырымнан астам әсем көлдің кей тұсының тереңдігі 45 метрге жететін де, орташа тереңдігі 15 метрге тең еді. Өсіп-өнуіне жайлы келгендіктен бе, қалай, бағзы замандарда мұнда шортан балық керемет көп әрі ерекше нән болған, тіпті суға түскен адамға шабатын оқиға да жиі кездесіп тұрған көрінеді. Соның себебімен бабаларымыз бұл көлді Шортан көл деп атапты. Көлдің теріскей-батысын тұтас ораған тау Шортан тауы атанған.
Айнала өркештенген таулар мен қалың орман шымылдықтап қоршаған соң, көлге құятын тас бұлақ, әлбетте, аз болмайтыны аян. Демек, көл кемерінен шығып кетуге тиіс қой.  Жо-жоқ, шебер табиғат бұл жерде де өз кемеңгерлігімен көлдің түстік-батысынан табаны терең өзен шығарыпты. Ол қаланы түстігінен қапталдай орап батыс бетке тартады да, Аюлы орманының шетінен, Ақсұраттың өзегі аталатын жерден басталып, тіке терістік бағытқа бет түзейтін Қылшақты өзеніне көлденеңнен барып қосылады. Қылшақты жүз шақырымға жуық «жол жүріп» келіп, Көкшетау қаласының іргесінде шалқып жатқан Қопа көліне құяды. Ал, енді Қопа көлінің артық суын теріскейінен келіп жанамалай өтетін Шағалалы өзені сексен шақырымдай шалғайда жатқан Шағалалы теңізге жеткізеді.

ТАБАНДЫ ТАСҚАМАЛ
Түп ізі Шортан қаласынан шығып «Оқжетпес» санаторийін жанай Бурабай асатын сұр таспа жол сүмбідей-сүмбідей сұлу қарағайлы қалың орманды қақ жара, қия-құздардың ара-арасын қуалай оңды-солды бұралаң қаға келіп, дәл Бура таумен тұспа-тұс әдемі қайқаңға көтерілер еді. Оған түсіп аз-кем жүрсең қарсы алдыңда тастан қаланған көне қабырға тұрады. Кіл көк ала, сары ала сандық тастар мен кебеже тастардан өрілген. Мысыр пирамидаларын «қалай қалады екен?» деп, есіміз кетіп таңдай қағамыз ғой. Мына тау әсері одан әсте олқы емес. Кебеже тастардың ең кіші дегенінің өзі дырау-дырау он жігіт орнынан көтере қоюы екіталай. Ал, мынадай биікке көтеріп шығару үшін ше?.. Және әр тасты бұрыштап, кедір-бұдырын қашап-шауып түсіріп, жан-жағын мінсіз тегістеп, арасын шебер қиюластыра келтіріп, жымдастыра қалау үшін қаншама уақыт, қаншама күшті, қандайлық инженерлік жәдігерлік керек десеңші!
Қамалдың еңсесі әу баста қазіргіден де биік болғаны айтпаса да аян. Кей тұсының кетіліп, домалап-домалап түскенін аңғарасың. Әдейі бұзған сияқты. «Қиялы жүйріктер» қалмақтардан қорғануға салынған қамал деген бірдемені шығарып ала қойғанын қайтерсің. Айналасы сыңсыған орман, құз-қия, тас жерге қазақ қамал салған ба? Қорғаныс үшін дәл осы араға қамал тұрғызу, онда да жалғыз қабырғасын ғана қалау ақылға симас.
Ал, қамалдың сыры бар.
Абылай сарбазды тек тегеуірінді ержүрек жігіттерден ғана таңдап алған. Қатаң тәртіпке, ұрыс өнеріне үйреткен. Аштыққа да, шөлге де, басқадай қиыншылықтарға да төзімін шыңдау үшін, тіпті батыр-бағландары Көкшетауға жиналғанда да ішкен мас, жеген тоққа салындырмаған. Шынықтырудың, шыңдаудың амалы мен жолын ойлап, таудан тас тасытып, оларды қашатып, тегістеп, осы қабырғаны қалатқан дейді. Зілмауырын тастарды бұл араға жеткізу, жоғарыға көтеріп шығару, қиюластырып қалау қиямет-қиын. Оның да әдіс-амалы табылған. Қамал биіктеген сайын іргеге топырақ үйдіріп, өсіріп отырған. Қабырғасының шығыс іргесіне үйілген топырақ биік қырқаға айналып кеткен. Оған тамыр жайған қарағай мен қайың аспанға бойлай сыңсып тұр.
Кешегі отаршыл арсыздар Абылай атына қатысты тас екеш тасты да аямаған, қамалды әдейі қиратып баққан. Оны үлкендеріміз күйіне, зығырданы қайнай отырып айтатын еді…

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий