Бурабай курорттық аймағын дамытудың басым бағыттары

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы әкімінің туризм мәселелері жөніндегі кеңесшісі Марат Иғалиев пен облыстық туризм басқармасының жетекшісі Шынарбек Батырханов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді.

Жаңа қызметіне жуырда ғана кіріскен М.Иғалиев журналистермен жүздесуді қуанышты хабардан бастады. «Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың ІІІ кезеңіне 61,3 миллиард теңге бөлінгендігі хабарланды. Бұл өңір үшін зор мәртебе дер едім. Бұған дейін курорттық аймаққа салынған қыруар қаржының нәтижесі қазір анық көрініп отыр. Көптеген түйткілді мәселелер шешіліп, абаттандыру, жол қатынасы саласы жақсара түсті. Аймақты дамытудың үшінші кезеңіне бөлінетін қаржы негізінен су көздерін тазарту, жолдарды жақсарту, спорт-сауықтыру кешенін салу сияқты жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақшы», – деді ол. Осы орайда «Жол картасы» әзірленді. Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары 4 бөлім және 33 іс-шарадан тұрады. Оның ішінде инфрақұрылымдық және экологиялық мәселелерді шешу бойынша 17, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бойынша 5, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бо-йынша 6, аймақтың туристік әлеуетін дамыту бойынша 5 шара көзделген. Осы мақсаттар үшін республикалық бюджеттен 58,2 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 3,1 миллиард теңге қарастырылған. Облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов туризмді дамытуға қатысты алда тұрған міндеттерге жан-жақты тоқталды. Ақмола облысы өзінің табиғи-климаттық жағдайымен, курортты əлеуетімен, сауықтыру орындармен дүниежүзіне танымал. Өңірде туризмді дамытуда Ақкөл, Бұланды, Қорғалжын, Сандықтау, Зеренді, Ерейментау аудандарының да мүмкіндігі зор. Осы күні облысымыз отандық туристерге ғана емес, шетелдік қонақтарға жоғары сапалы туристік қызмет көрсете алады. «Oktobeerfest», «Табиғат сыйы», «Қансонар», байкерлер слеті сияқты шаралар туристік кластерді дамытуға тың серпін беруде. Ұйымдастырушылар бұл істі алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізбек. Жасыратыны жоқ, қазіргі Бурабай аймағындағы жыл санап қатары көбейіп келе жатқан қонақ үйлер мен демалыс орындарының бәрі бірдей замана талабына сай келе бермейді. Екі, үш, төрт, тіпті бес жұлдызды деп аталған жүзден астам қонақ үйдің тек 19-ы ғана халықаралық деңгейдегі стандарт бойынша сертификатталған екен. Ал, атауы дардай болғанымен, қонақ үйлердің көбінде ғаламтор желісі дұрыс жұмыс істемейтіндіктен, онлайн-броньдау қызметі көрсетілмейді. Ивент-туризм, яғни түрлі спорттық-мәдени шаралар арқылы туризмді дамыту өкінішке орай, курорттық аймақта жеткілікті деңгейде қолға алынбай отыр. Мұндай шараларды өткізу жыл бойы демалыс орындарын туристермен толықтыруға игі ықпалын тигізер еді. Бурабай аймағына жыл сайын 1 миллионға жуық дем алушы келеді десек, мұның бәрі дерлік жаз айларының үлесіне тиіп, күз-қыс айларында қонақ үйлер мен демалыс орындары қаңырап бос тұрады. Осы мақсатта көпсалалы спорт кешенін салу қолға алынбақшы. Онда республикалық, халықаралық жарыстар мен жаттығулар өткізуге толық жағдайлар жасалады. Сонымен бірге, Бурабайдан тау шаңғысы жолын ашу да жоспарда бар. Спикерлер курорттық аймақта түрлі мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру жайында айта келе, өз ұсыныстарымен бөлісті. Бұл орайда, ең алдымен жарнамалау, жергілікті демалыс орындарының қызмет сапасын көтеру қажеттігі айтылды.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий