Былғары қолғап – менің таңдауым

 

IMG_0178

  Красный Яр селосында жыл сайын жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мереке Жүсіповтің құрметіне бокстан халықаралық турнир ұйымдастырылады. Биыл жарыс қаңтардың 6-9 күндері аралығында өтті. Осымен 16-шы рет өткен турнирге  Қазақстан мен Ресейден 27 құрама команда, жалпы саны 167 спортшы қатысты. Ақтық мәрені қала әкімі Ермек Маржықпаев арнайы келіп тамашалап, жүлдегер баланы мараппаттау рәсіміне қатысты. Айта кету керек, шаһар басшысы өзі де осы спорт түрімен шұғылданады және былғары қолғапты жанына серік еткен балаларға қашанда қолдау білдіреді.  

    Биылғы турнирдің ерекшелігі, алғаш рет қыз балалардың қатысып жатқаны –дейді  Мереке Жүсіпов. Боксшылар жастарына қарай үш топқа бөлініп жұдырықтасты: қыздар (2002-2003 ж.), жасөспірімдер (2004-2005ж.) және жастар (2000-2001 ж.). Биыл да қатысушылар саны өте көп. Ал ақтық сайыстарға өткендердің қатарында көкшетаулықтар, атбасарлықтар, қостанайлықтар, красноярлықтар және омбылықтар ерекшеленді. Биылғы турнирдің төрешілері әділ қазылық жасады деп есептейді спортшы. Өйткені дау тудырарлық немесе нәтижеге көңілі толмағандық жағдайлар орын алған жоқ.

Красный Яр селосының намысын қорғаушы Айнұр Мағзұм  мен Сабина Ерденова 48 келі салмақта бір-бірімен ақтық сайыста кездесті. Екеуін де  Жүсіпбек Бектасов жаттықтырады. Бокспен айналысып жүргендеріне бір жыл. Алдағы уақытта бар мақсаттары чемпион болу. Шаршы алаңға жақсы дайындықпен шыққан Сабина қарсыласын қапы қалдырып, турнирдің  жеңімпазы атанды. Әрине, бұл жерде көз жасы да, толқу да, реніш те –бәрі-бәрі болады. Намыстан көзіне жас алған Айнұр тіпті мұрнынан кеткен қанға да мән беріп жатқан жоқ.

Степногордағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен келген Әділ Айтышевті бапкері Руслан Айтбатыров ақтық мәреге дайындап жатыр екен. Бокспен шұғылданып жүргеніне бес жыл. Халықаралық, республикалық және облыстық сайыстарда өзін жақсы қырынан танытып келеді. Бұл жолғы турнирде Әділ жеңімпаз деп танылды. Ол атбасарлық Абылайхан Есмағанбетовпен жұдырықтасты. Қарсыласының осал тұстарын тез тауып, шаршы алаңда шалт қимылдар көрсетіп, шапшаңдығымен ерекшеленді. Өте тартысты өткен сайыста жүлдеге қол жеткізді.

Айта кету керек, биылғы турнирде ақтық мәреге көкшетаулық он боксшы бала жолдама алса, красноярлық жеті бала әр өңірден келген былғары қолғап шеберлерімен жұдырықтасты.

Нәтижесінде 48 келі салмақта Красный Яр селосының намысын қорғаған Сабина Ерденова мен 54 келі салмақтағы Меруерт Берікова жеңімпаз атанды.

Жасөспірімдер арасында (2004-2005 ж.ж.) жеңіске жеткендер: Ислам Тұрсынбеков пен Павел Токарев -34кг.  (Атбасар қ.),   Аят Қыпшақбай -36 кг,  (Атбасар қ.),  Жалғас Арманов-38 кг. (Жезқазған қ.),   Артем Троегубов-40 кг. (Омбы қ.),  Қазбек Тайыр -42 кг. (Астана қ.),   Дауыл Әкімбеков -44 кг (Көкшетау қ.), Виктор Литвинов -46 кг (Атбасар қ.), Ильнур Сағалбеков -48 кг (Омбы қ.), Әділ Айтышев -50 кг (Степногорск қ.), Никита Свинцов -52 кг (Атбасар қ.).

Жастар арасында  (2000-2001 ж.ж. ) турнир жеңімпаздары: Тимур Қабдешев -49 кг (Көкшетау қ.), Ғалым Мырзатаев -52 кг (Красный Яр с.), Ерназ Рахметулин -56 кг (Көкшетау қ.), Сұлтан Мусинов -60 кг (Көкшетау қ.), Әлішер Жолтаев -64 кг (Қостанай қ.), Нұрбол Бердімұратов -69 кг (Қостанай қ.).

75 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткендер арасында көкшетаулық Шамиль Жармедетов ерекшеленді.

                                                       Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.    

 

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий