Бізге керегі сан емес, сапа!

Қала әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығын сәулеттендіру, абаттандыру, таза ұстау, құрылыс, тағы басқа жұмыстармен айналысатын мекемелер басшыларын, оларды қаржыландыру тетігіне ие бөлімдер жетекшілерін жинап, шұғыл жиын өткізіп, арнайы тапсырмалар берді. 

Ол лифтерді іске қосудың жоспарлы уақыттан кешеуілдеуін, конкурстардың уақытылы жарияланбауын сынға алды. Жауын-қарлы ұзақ қыстан қала жолдары зардап шекті. Енді, барлық көшелер тез арада жөнделетін болады. Абылай хан даңғылы жөнделіп те үлгерді. Өткен сенбіліктерге адам көп қатысты, ол – жақсы. Бірақ, сол шыққан адамдарды түгелдей жұмыспен қамту жөнінен жауапты мекемелер кемшіліктер жіберді. Ал, алда апта сайын өтіп тұратын «Таза бейсенбіліктерде» мұндай қателіктер орын алмасын. Саннан сапаға көшер уақыт жетті. Былтыр отырғызылып, өспей қалған көшеттерді алып тастап, жаңа талдар егу шұғыл да, мұқият жүргізілсін. Ағаштарға су құю да үстірт жүруде. Көз алдаудың қажеті жоқ. Ағаш түптерін су тұратындай етіп түптеу керек. Суға қанбаған, тамырына ылғал жетпеген тал қалай өспек? Көше бойындағы талдарға қай мекеме су құяды, сол мәселе қайта анықталып, пысықталсын. Кәсіпкерлер өз дүкендеріне мүгедектердің арбамен кіретін жолдарын есеп үшін емес, қолайлы қылып жасасын. Кейбіреулеріне мүгедек арбасымен шығу мүлдем мүмкін емес, тіп-тік. Ол кімге керек? Солар қайта жасалып, реттелсін. Астана жақтан кіреберіс көшелер үйлерін, жол жиектері мен жақтауларын ақтап, сырлау тездетілсін. Мүгедектер қала бағынан бір мүйісті алып, ағаш егіп, күтуді қолға алды. Олардың осы жақсылыққа ұмтылысына біз де қол ұшын беруіміз керек. Әкімдіктің барлық тапсырмалары уақытылы және сапалы орындалсын. Сонда, іс нәтижесін тез арада көретін боламыз. Қала әкімі Ермек Маржықпаев жиын соңында қаланы көріктендіріп, сәулетін асыру жөнінде сын пікірлер айтып, нақты тапсырмалар берді.

«Көкше-ақпарат».

Сенбілік белсенділік
жағдайында өтті

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға және Көкшетау қаласы әкімінің 2016 жылғы 30 наурыздағы №А-3/604 қаулысына сәйкес 4 сәуірден 20 мамыр аралығында елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалығын жақсарту жөнінде айлық жарияланған болатын. Осыған орай 30 сәуірде кезекті жалпықалалық сенбілік өткізілді.

DSC_7711

Сенбілікті жоғары деңгейде әрі ұйымшылдықпен өткізу мақсатында қала аумағы 207 шағын учаскеге бөлініп, әрқайсысы мемлекеттік мекемелерге, коммуналдық кәсіпорындар мен бюджеттік ұйымдарға, заңды және жеке тұлғаларға, пәтер иелері кооперативтеріне бекітіліп берілді. Сонымен бірге белгіленген шаралардың толық ауқымда орындалуын қам-тамасыз ету үшін қаладағы барлық коммуналдық қызмет саласымен бірге жоғары және орта оқу орындарының студенттері, еріктілер мен волонтерлар жұмылдырылды. Бұл жолы да сенбілікке қатысушылар өз аулаларында, үй маңдарында жинақталған күл-қоқыстарды сыртқа тасымалдап, ағаш отырғызу және оны әктеу жұмыстарымен айналысты. Тағы бір атап өтерлік жәйт, қала көшелерінде орнатылған 55 автобус аялдамасы сырланып, тәртіпке келтірілді. Қала ішіндегі көпірлердің металл конструкциялары жөндеуден өтті. Қала көшелері мен алаңдарына ағаш отырғызу бес учаске бойынша жүргізіліп, бірнеше күнге жалғасты.
Бұл жолы 7175 түп сібір шыршасы, қайың, алма ағашы, терек отырғызылды. Санитарлық тазалық жұмысына келетін болсақ, ауқымды шаралар Красный Яр жолының бойындағы саяжай маңында, орталық паркте, «Мәңгілік алау» ескерткішінің маңында, Абай көшесі бойындағы Досмағамбетов скверінде, Бұқпа тауындағы бақылау алаңында, «Есіл» жанар-жағармай құятын станция жанында атқарылды. Атап айтқанда, «Алтынтау Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі саяжай маңындағы 19 стихиялық көң-қоқыс үйіндісін тазартты. Бұл ауқымды жұмысты атқару үшін кәсіпорынның 5 техникасы жұмылдырылып, 195 адам еңбек етті. «Көкше-Жәрдем» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны және «Көкшетауский ДЭУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қажетті мөлшерде әк және қап сатып әперді. Соның нәтижесінде сенбілікте белгіленген шаралар толығымен орындалды. Ұйымдар мен кәсіпорындар өздеріне бекітілген көше бойларында 5367 түп ағашты, 4257 мың текше метр жиектасты әктеп, 1785 қап күл-қоқыс жинады. Сонымен бірге 24 стихиялы күл-қоқыс үйіндісі жойылды. Сенбілікке сондай-ақ, қала ұйымдарынан 29 бірлік техника, жекеменшік кәсіпорындар-дан 24 техника жұмылдырылды. Бұл техникалардың барлығы ескі аэропорт және «Көктем» мөлтек ауданында алдын ала белгіленген жерге шоғырландырылды. Сенбілік аяқталған соң коммуналдық кәсіпорындар көше бойларындағы күл-қоқыс салынған қаптарды жинап, қала сыртындағы полигонға шығарды. Атқарылған жұмыс көлеміне және адамдардың белсенділігіне қарағанда сенбіліктің бұл жолы жоғары деңгейде өткендігін атап көрсетуге болады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс