«Біз болашаққа жауаптымыз»

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жастардың отансүйгіштігін арттыру мақсатын көздеген шара облыстық Қорғаныс департаментінде өтті. «Ауғанстан ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігі және №18 орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің қолдауымен жоғары сынып оқушылары үшін патриоттық сабақ өткізілді. Олар Щучье әскери-техникалық мектебінің Көкшетаудағы филиалын аралап, онда әскери-резервтік курстардан өтіп жатқандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, оқушылар №18 мектептің ауласындағы әскерге шақырылушылар аллеясына ағаш егіп, №5510 әскери бөлімшеде Отан алдындағы міндетін өтеп жатқан сарбаздардың өмірінен мағлұмат алды.

«Ауғанстан ардагерлері мен мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дуанбай Ыбырай облыстық қорғаныс департаментіне келген №18 орта мектептің жоғары сынып оқушыларына Ауған және Тәжікстан жерлеріндегі қақтығыстарға қатысқан ардагерлерді таныстырды. Омырауларында орден, медальдары жарқырап, сымдай тартылған, жаужүрек жігіт ағаларына қарасаң көз тояды. Бәрі дерлік «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Олардың қатарында Ауған соғысының ардагерлері Қайролла Қосмағанбет, Қанат Бірәлин, Анатолий Митрофанов, Болат Уәйісов, Жақсылық Өтебаев, Жанатай Құсайынов, Нұрбек Әбілқасымов, Нұрлан Аябек және Чехословакия, Тәжік жерлеріндегі қақтығыстарға қатысқан Владимир Оберемко, Тұрсынбай Жақсылықов пен Қайдар Бәкіров бар. Оқушылардың алдына шыққан батыл да батыр жігіттер балаларды Отанды сүюге шақырды. Облыс-
тық қорғаныс департаменті басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерлан Шаяхметов сарбаздарының қатысуымен Ресей және Қазақстанда өткізілген әскери ойындар жайлы айтып берді. Жас патриоттардың «Айбын» оқу-жаттығу жиынында Степногор қаласының патриоттық клубы 1-ші жүлделі орынды иеленіпті. Ал, Ресей жерінде биыл өткен «Әскер-2016» жаттығу ойындарында Қазақстанның құрама командасы 2-ші орынды жеңіп алыпты. Сарбаздар 23 сыннан өтіп, өзінің жақсы дайындығын көрсетіпті. Мектеп оқушылары одан кейін қорғаныс департаментінің аумағында орналасқан міндетті әскери борышын өтеуге денсаулығы жарамайтын және отбасылық жағдайы келмейтін, бірақ әскери-резервтік курстардан өтіп жатқан жігіттердің өмірімен танысты. Олар мұнда 40 күн жатып, әскери жарғыны жаттап, қару-жарақ қолдануды үйреніп, түрлі тактикалық сабақтар алып шығады. Сапқа тұру, сарбаздардың міндеті жайлы біледі және денесін шынықтырады. Курс аяқталғанда емтихан тапсырып, қолдарына әскери билет беріледі. Олар сол құжатпен жұмысқа да тұра алады. Оқушыларға мұнда оқудың жолдары жайлы әскери-патриоттық мәліметтер берілді. Бұл күні, сондай-ақ, оқушылар өздері білім алатын №18 орта мектептің «Әскерге шақырылушылар» аллеясына Ауған ардагерлерімен бірге ағаш екті. Көкшетау қаласындағы №5510 әскери бөлімшеге барып, ондағы сарбаздардың өмірімен танысты. Отан алдындағы борышты өтеудің қаншалықты маңызды екенін ұғынды.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс