Біз де бесік тербетіп, әлди әнін айтамыз

Бірде бізбен көрші тұратын ингуш ұлтының өкілі Фатимаға бір жұмысыммен барып, сонда қонаққа Кавказдан келген туысқаны Бэламен танысудың сәті түсті. Екі келіншек төргі бөлмеде тігін машинкасының жанында шүйіркелесіп отыр екен. Барқыттан бастап, алтын түсті жалт-жұлт еткен, көздің жауын алатын түрлі-түсті маталар жатыр. Бэла Көкшетауға жаңа туған сәбиге бесік жабдықтарын тігіп беру үшін арнайы келіпті. Өзінің ұлты қарашай-черкес. Бала күнінен ине мен жіпті жанынан тастамайды екен. Танысып, білісе келе өздерінің ұлттық салт-дәстүрлері жайлы айтып берді.

Сәбиге арналған жасау Бэланың айтуынша, Кавказда бөбектерге жаялықтарды жай ғана матадан тіге салмайды, «алтындатып», шашақ салып, кестелеп, ата-баба белгілерін салып, күміспен өрнектейді. Оның бағасына қарамай, шебер тігіншіге бірнеше ай бұрын тапсырыс беріп қояды. Әр қарашайдың өмірі кәдімгі қазақ халқы ғасырлар бойы қолданып келген бесіктен басталады. Сәбидің жанына жайлы төсек Қарашай-Черкес халықтарында әр отбасында бағзы замандардан бері болған, әлі күнге дейін қолданыста. Бесікті отағасы өз қолымен жасайды. Ал, әйелдер тігін ісімен айналысады. Шебер қолдан шыққан жаялық, жастық, төсеніштерді «сәбидің жасауы» деп атайды екен. Дәстүр бойынша оны жаңа туған бөбекке анасы жағынан әжесі сыйға тартады. Бэла Гочияева өз өңірінде сұранысқа ие тігінші екен. Көкшетауда тұратын туысқандарына уақыты тығыз болса да бәрін жиып қойып келіпті. Енді дүниеге жаңа туған нәрестеге өз қолымен «жасауын» тігіп беріп, бесігіне бөлеп, содан кейін ғана еліне қайтамын дегенде, жүзінен мейірім төгілген жанға деген құрметім арта түсті.
Бэла Гочияева Қарашай-Черкес елінің ең алыс деревнясы Учкекенеде тұрады. Мұнда әр үйде тоқыма цехы мен ағаш шеберханасы бар. Бэланың өзі бесік жабдықтарын жасаудың шебері. Ол өз ауылындағы жалғыз шебер емес, әрине. Бірақ оның өте нәзік мәнері мен күрделі сәндік композициялары көпшіліктің көңілінен шығады. Бэланың шеберханасы өзінің үйінде. 3,5-те 2 метрлік ұзын үстел бір бөлмені түгел алып тұр. Онда фурнитуралары салынған қорапшалар, жіп орамдары, шілтерлер, қола оймақ, сәтен, барқыт маталар орын алған. Сонымен қатар, аса қажетті дүниенің бірі – мақта мен аққудың мамығы. – Мен медициналық шыт мақтаны бейіндік базалардан тапсырыс беріп, сатып аламын. Онымен матрас жасалады. Синтепонды мүлдем пайдаланбаймын, себебі ол синтетика. Жүн де қолданбаймын. Өйткені, қазіргі уақытта көп балалардың оған аллергия-сы бар, – дейді Бэла. Жалпы, «сәбидің жасауына» он шақты зат кіреді. Ол үлкен тығыз матрас, мамық төсек, жастық, көрпе, жаялықтар және баланы бесікке байлап қоятын ленталар. Осындай жасауды тігіп шығуға екі күндей уақыт, үш келі мақта, бір келі мамық, бірнеше метр сәтен мен барқыт жұмсалады.
Ескі түйме
Әдетте бұл елде ұл балаға жасыл, қыз балаға қызыл түсті таңдайды. Мұндайда Бэла сапалы барқыт, пүліш, алтын жиектемені пайдаланады. Сондай-ақ, барокко стиліндегі пердеге арналған өрнектелген қалың маталарды да қолданады. Ал, ешқандай суреті жоқ біркелкі маталарға өрнек салуға келгенде шебер жанып кетеді.
Оларды өз қолымен безендіргенді жақсы көреді. Әшекей жұмыстарын арнайы ағаш кергіштің көмегімен жасайды. Ондай жұмыстарға Бэла күніне төрт сағатын жұмсайды. Аздап үзіліс жасап алып, сүйікті ісіне қайта кіріседі. Өрнектерді маржан, майда моншақ, шыны моншақ, оқамен жасайды. Бұл жұмыстарға ол әдетте үш күннен бір аптаға дейін уақыт кетіреді. «Жасаудың» ең әдемі бөлігі – сәбидің тізесіне қоятын жастық. – Ертеде ондай жастықтарды күміспен күптейтін, – дейді менің кейіпкерім. – Қазір де бұрынғыдай ата-бабасынан қалған бағалы тастармен әшекейлеуді сұрайды, ал егер олар сақталмаған болса, жергілікті зергерлерге тапсырыс беріп жасатады. Менің отбасымда да матадан жасалған ескі түйме сақталған. Бала күнімізде ойнап жүріп, көбін жоғалттық. Ал, сол түймені көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін. Арнайы қорапшаға салып қойдым. Тапсырыс берушілер жастыққа немесе көрпеге ерекше бір белгі салуымды сұрайды. Соңғы жылдары ата-баба белгісін салу сәнге айналды.
Тігінші боламын деп ойламадым
Бэла бала күнінен тігеді. Анасы киім тігудің шебері болыпты. Жалпы, олардың тұқымында барлық әйелдердің он қолынан өнер тамған. Шетінен шебер. Сол кісілерге қарап Бэла да қолына ине алып, қуыршақтарына киім тіге бастады.Бірақ тігінші болуды армандаған жоқ. Әсіресе, 80-90-шы жылдары өнердің бұл түрін ешкім бағаламады. Мысалы, дүние қат кезінде Бэланың анасы кез келген қымбат киім үлгісіне қарап дәл сондай етіп қыздарына тігіп беретін. Кейде жанымыздан өтіп бара жатқандар мына киімді қайдан сатып алдыңдар деп сұрайтын, сонда біз анамыз тігіп берді дегенде бастарын шайқап өтіп кететін, тіпті қызығушылығы жойылатын. Өйткені, халық сол кезде тек бренд киімдер алуға ұмтылатын. Осының бәрін көрген қыз есепші немесе программист боламын деп жүретін, бірақ кейін жергілікті дизайнердің шеберханасынан бір-ақ шықты. Сөйтіп, тігін тігу өзінің таңдауы екенін түсінді.

Бесіктен артық жайлы төсек жоқ

Қазір Бэлаға тапсырыс берушілер бір ай бұрын жазылады. Бағасы жұмыстың күрделілігіне байланысты 7 мыңнан 15 мың рубльге дейін. – Қазір тауарларымды Instagram арқылы сатамын. Базарда қолымнан шыққан дүниелерім онша өтпейтін. Өйткені, жанымда 4-5 мың рубль тұратын бұйымдар сатылып жататын. Бірақ менің материалдарым, жасаған жұмысымның сапасы, өрнектеу, бәрі-бәрі сол бағаға лайықты, – дейді ол. Учкекендік шебердің жабдықтары Қарашай-Черкес қалалары мен селоларына ғана емес, балқар, кабардин елді мекендерінде, Ставрополь аймағында да сұранысқа ие.Тұрақты тұтынушылары да бар. Кейде бір отбасына бірнеше сәби жасауын дайындауға тура келеді. Кейде түні бойы отырып, бірнеше сағаттың ішінде тігіп берген уақыты да болыпты.
Негізі халық қашанда наным-сенімдерге сенеді. Бала өмірге келмей тұрып, оған қажетті заттарды ертерек алып қоюға болмайды дейді. Қазақ халқында да сондай сенім бар. Сәби дүниеге келмей жаялықтарын дайындамайды. Бэланың айтуынша, кавказдықтар қашаннан осы салтты ұстанады. Мысалы, қарашайлықтар сәбиді бесікке салмас бұрын оған мысықты отырғызған. Бұл осы үй жануарларының өміршеңдігімен байланысты болса керек. Себебі, олар ешқашан арқасымен құламайды, қанша биіктіктен лақтырсаң да аяғымен тік тұрады. Сондықтан, балаға оның өміршеңдігі берілсін деген сенімді ұстанады. Ал, бесікті қарашайлықтар ерекше құрметтейді. Оны атадан балаға мұра етіп тапсырады. Мысалы, жергілікті музейде табаны әбден мүжілген ескі бесік бар. Онда төрт ұрпақ өсіп шыққан дейді ол. Бэланың жұмысы мынадай карантин уақытында да тоқтаған жоқ. Себебі, сәбилер дүниеге келіп жатыр, сондықтан олардың жасауы да сұраныстан түспейді. Бесікті әдетте қарағайдан, бір шеге қақпай жасаған. Бұл ертеден келе жатқан өнер түрі. Ана үшін бір жақсы тұсы, ол тігін тігіп, тоқыма тоқып отырып, бір аяғымен бесікті тербете береді. Екі шаруаны бір уақытта тындыра алады. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш болады. Асты құрғақ, қолдары мен аяқтары таңулы болғандықтан, артық қимыл жасай алмайды, өз-өзінен шошымайды. Әдетте бала аяқ-қолын ербеңдетіп, өзінің тынышын алады. Бесікке таңып қоятын баулары оның жерге құлап кетпеуін қамтамасыз етеді. Ал, түтікше сияқты жасалған қойдың жіліншік сүйегі баланың асты құрғақ болуына ықпал етеді. Бесіктің астыңғы жағына қойылған кішкентай ыдысқа дәретін сындырады. Асты құрғақ бала мазасызданып жылай бермейді деп менің кейіпкерім асықпай түсіндіріп шықты. Мен де қазақ халқы осындай бесікті ғасырлар бойы пайдаланып келгенін және әлі де қолданыстан түспегенін айттым.
Қарашай-черкестер де сәбиді бесікке бірінші рет бөлеудің өзіндік ырымдарын жасайды екен. Ол нәресте дүниеге келген 7-ші күннен кейін өткізіледі. Туған-туыстар шақырылып, қой сойылып, ет асылады. Алдымен баланы қайын енесінің қолына береді. Ол құрмет ретінде оны құндақтауды келіннің енесіне жолдайды. Бірақ сәби осы рудың ұрпағы болғандықтан, қыздың анасы ол рәсімді жасаудан бас тартып, қызының екінші анасы-қайын енесіне жолын береді. Сәбиді шомылдырып барып, ақ тілегін арнап, бесікке сол кісі бөлейді, әлди әнін айтады. Осы дәстүр күні бүгінге дейін берік сақталған. Бірақ кей ырым-жырымдар жоғалған. Мысалы, бұрын баланың матрасының астына табысты болсын деп – темір, теріс рухтарды жайландыру үшін – нан тілімін, оларды қашыру үшін – жануарлардың тісін салатын. Тек бір ғана – бос бесікті тербетуге болмайды деген наным сақталған. Иә, қазақ халқында да ол бар деймін мен құптап. Менің бүгінгі кейіпкерім қазіргі жастардың көпшілігі баласын бесікке бөлеуден бас тартады дейді. Бірақ уақыт өте келе бұл ойларынан айнып, ата-баба дәстүріне қайта оралады. Себебі, бесіктен артық балаға тыныш та жайлы төсек жоқ. Одан артық дүниені әлі ешкім ойлап тапқан да жоқ.
Бэламен әңгіме үстінде қарашай-черкес пен қазақ халқының арасындағы ұқсастықтарды байқап, қуанып қалдым. Олар да өте балажан болады екен. Балаларын ақылмен еркелетеді. Көп еркіндікке жібермейді. Шаңырақтың иесі ретінде ұлға құрмет ерекше. Қыздың инабатты болуына анасы көп көңіл бөледі. Әкесі тарапынан қыз балаға мейірім көбірек жасалады. Мұның бәрі болашақ отанасын дайындау, отағасын күні ертең сыйлайтын болсын деген ұстанымнан туған. Кейіпкеріммен қоштасып жатып, сол жаққа жол түсе қалса, міндетті түрде үйіңе қонаққа барып, салт-дәстүрлеріңмен етене танысамын деп уәдемді бердім. Кім біледі, мүмкін бір күні барып та қалармын.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий