Біз көрген алапат қайталанбасын

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 28 жыл толуына орай осы қанды қырғынның куәгері, жерлесіміз Қайролла Қосмағанбет жат жерде шәйіт болған қандастары, бүгінгі күні интернационалист-жауынгерлерге үкімет тарапынан көрсетіліп отырған әлеуметтік көмек, жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеу жолындағы белсенді қоғамдық жұмыстары жайлы әңгімелейді.

«Көкшетау» газеті: Қайролла Жолдасұлы, әлі күнге дейін Ауған жеріндегі соғыс қалай болды, оның негізгі себебі қандай? – деген сауалдарға толық жауап берілген жоқ. Әрқилы деректер айтылып жатады. Өзіңіздің пікіріңіз қандай?
Қайролла Қосмағанбет: Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 15 ақпанда 28 жыл болады. Міне, қанша уақыт өтсе де, он жылға созылған бұл қасіретке деген көзқарас әр-
түрлі. Бұл қандай соғыс, өз жері үшін бе, өз дінін сақтау үшін бе, әлде өз бостандығы үшін бе? деген сауалдарға жауап ашық күйде қалып отыр. Біз ол кезде соғыстың ақиқаттығына сендік, өйткені партия мен үкіметттің саясаты сондай болды. Ауған елінің тәуелсіздігін қорғау үшін, ынтымақ-
тастық борышымызды атқару үшін кірдік деген ойда болдық.
«Көкшетау» газеті: Жалпы ауған жерінде соғыс қалай басталды?
Қ.Қ.: Ауған елі тарихының елеулі бір кезеңі 1978 жылғы 27 сәуірде Нұр-Мұхамбет Тараки басқарған халықтық-демократиялық партия жеңіп шығып, ауған халқы өз тізгінін қолына алды. Бірақ бұл үстем тап өкілдері Х.Аминді жақтап, «Ислам партиясын» Гүлбиден Хикматияр бастағанын ұнатты. Бұлар АҚШ-тың қолдауымен, ЦРУ-дың тікелей көмегімен, Таракиді жауыздықпен өлтіріп, төңкеріс жасауға ұмтылды. Х.Амин АҚШ-пен келісіп, 1979 жылы 29 желтоқсанда әскери-десант түсіріп, төңкеріс жасап, билікті өз қолына алмақшы болды. Бірақ бұл ойлары белгілі болып қалып, халықтық-демократиялық партияны қолдаған отансүйгіш күштер мен ауған әскерилері Кеңес Одағынан көмек сұрады. Сол себепті 1979 жылғы 27 желтоқсан күні Кеңес Одағының әуе күштер десанты Ауғанстан әскерімен бірлесіп, «Амин сарайына» шабуыл жасап, АҚШ әскерінің жолын кесті. Міне, осы кезден Ауғанстанда демократиялық мемлекет құру жолындағы күрес басталып кетті.
«Көкшетау» газеті: Сіз де осы қарулы қақтығыстардың ортасында болдыңыз ғой?
Қ.Қ.: 1980 жылы «Каскад» командасының құрамында осы соғысқа мен де қатыстым. Біздің команда Ауған полкінің құрамына берілді. «Сарде» таулы-атқыштар полкі сапында 1980-1981 жылдары шайқастым. Осы әскер құрамындағы сарбаздар мен офицерлер иық тіресіп, тау ішіндегі жасақтармен үзілді-кесілді ұрыс жүргізді. Біз қарулы қақтығыс туралы пікір бөлісіп, жауға шабуыл жасау және қорғаныстағы ұрыс тәсілдерімен тәжірибе алмастық. Бейбіт тұрғындарды моджахедтер жасағының тосын шабуылынан қорғадық. Ауғанстан жеріндегі соғысқа қазақстандық 22 мың жауынгер қатысып, 21 сарбаз із-түзсіз жоғалып кетті. Олардың үшеуі біздің жерлестеріміз – қатардағы жауынгерлер Алексей Зуев, Василий Федоров және кіші сержант Николай Саминь. Ақмола облысынан бұл ұрыстарға 972 жауынгер қатысты. Жат жерде 60 жауынгер жерлесіміз қаза тапты. Осы шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін ақмолалық Александр Старцев, Талғат Балақаев, Қайрат Хасенов, Нұрлан Өтепов, Ержан Фазылов, Юрий Гомозов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.
«Көкшетау» газеті: Интернационалист-жауынгерлер бір-бірін қалай қолдаушы еді?
Қ.Қ.: Ауғанстан жерінде қазақстандық жауынгерлер бір ананың баласындай бір-бірімен өте тату, достыққа адал, мейірімді болды. Сол ынтымақтастық, бауырластық дәстүр қазіргі күнге дейін жалғасуда. Тау мен тастың ортасында, адам төзгісіз жағдайда, беймәлім жат елде от оранып, оқ кешкен сол кездегі бозбалалар бір-бірін жақсы түсінді. Бір-біріне көмектесіп, мұң-мұқтажына, тұрмыс-тіршілігіне қарайласуға, мүгедектіктен жапа шеккендерге көмектесу үшін Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы құрылды. Ардагерлер кеңесін запастағы полковник, 1980 жылы Жалалабад провинциясындағы шайқастарға қатысқан Дуанбай Ыбырай басқарады. Ол ұйымның жұмысын жақсы жүргізіп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелегені үшін Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне орай «Құрмет» орденімен марапатталды. Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қанат Бралин көпжылдық белсенді жұмысы үшін 2015 жылы «Құрмет» орденін иеленді. Қанат 1980-1981 жылдары генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың батальонында қатардағы жауынгер-пулеметші болды. Көптеген ұрыстарға қатысып, ротасы жаудың қоршауында қалып, өз бөлімшесімен қиян-кескі ұрыс жүргізіп, қоршауды бұзып шықты. Осы ретте өзге де интернационалист-жауынгерлер жайлы айтып өткім келеді. Олар: Жанатай Құсайынов, Болат Уаисов, Берік Хайруллин, Александр Чурсин, жауынгер-сазгер Нұрбек Әбілқасымов. Бұлармен қатар тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстарға қатысқан Марат Жұмабеков те қоғамдық жұмыста белсенділік танытып жүр. Қазір кәсіпкерлер палатасының төрағасы, қадірлі азамат. Сол сияқты «Құндыз» бекінісіндегі мотоатқыштар полкінің жауынгер-снайпері, бүгінгі таңда №18 орта мектептің директоры Жақсылық Өтебаев оқушыларға патриоттық тәрбие беру жұмысына белсенді араласып жүрген ұлағатты ұстаз,. Ал, Асылбек Абылхаев – «Визави» жекеменшік шаруашылығының басқарушысы.
«Көкшетау» газеті: Ауған жауынгерлерінің денсаулығын бақылауға алу жұмыстары қалай жүргізілуде?
Қ.Қ.: Облысымыздағы интернационалистжауынгерлердің саны 908, оның 230-ы Көкшетау қаласында тұрады. Олардың ішінде соғыстың салдарынан мүгедектікке ұшырағандар – 120, 1-ші санатта – 5, 2-ші санатта – 57, 3-ші санатта – 61 адам бар. Созылмалы дертпен диспансерлік бақылауда тұрған ардагерлер саны – 213. Бұлардың бәрі үнемі дәрігер бақылауында, қажетті ем-шараларын алып тұрады. Өткен жылы күндізгі стационарда 106 ардагер емделіп шықты. Ал, дерті күрделілері республикалық госпитальда квотамен тегін ем-дом алады. Өткен жылы Алматыдағы клиникалық госпитальда 6 адам, Астанадағы госпитальда 27 адам емделді. Ауған жауынгерлері жыл сайын медициналық қараудан өтеді. Олар Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналған емханада тіркелген. Біздің азаматтарды бақылауына алып отырған осы медицина мекемесін өз ісінің шебері, білікті дәрігер Бағила Закрина басқарады. Емдеу жұмысын жүйелі жолға қойып отырғаны үшін ол кісіге алғысымыз шексіз.
«Көкшетау» газеті: Ауған жауынгерлері жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстарына белсене қатысатынын білеміз. Осы жайлы да айтып өтсеңіз?
Қ.Қ.: Біз қашанда Отанға адал қызмет ету, борышымызды атқару ісіне селкеу түсірген емеспіз. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу бағытында ардагер-жауынгерлер білім мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Түрлі кездесулер ұйымдастырады. Мәлік Ғабдуллин музейі құрған «Жас ұлан» әскери-патриоттық бірлестігі өткізетін іс-шараларға үнемі қатысамыз. Жастар арасында ұйымдастырылатын түрлі спорттық сайыстарға ұйытқы боламыз. Еліміздің Қарулы Күштері сапына азаматтық борышын атқаруға шақырылған жастарға ақ жол тілеп, ақыл-кеңестер береміз. Қаламыздағы №55/10 әскери бөлім жауынгерлерімен кездесулер өткіземіз. Отансүйгіштік бағыттағы шерулерге қатысуды өз міндетіміз санаймыз. Мұндағы басты мақсатымыз – өскелең ұрпақты өз жерін, өз елін сүюге баулу, Отанын қасық қаны қалғанша қорғау қажеттігін түсіндіру. От пен оқтың ортасынан келіп, туған топырағына тағзым етіп жүрген осындай өр рухты жігіттерден жастар үлгі алуы қажет деп түсінемін.

              ***

«Көкшетау» газеті: Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңіз жана берсін!
Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс