Білгеннің бағыты айқын…

Дін және қоғам

Қалалық әкімшілікте ішкі саясат бөлімінің басшысы Андрей Подгурскийдің төрағалығымен теріс діни ағымдар зардаптары, олардың ықпалында кетпеуді көпшілікке тиімді түсіндіру жолдары туралы семинар болып өтті. Оған мектептер, колледждер, жоғары оқу орындарының оқытушылары, құқық қорғау органдары қызметкерлері, көптеген қоғамдық ұйымдар, дәстүрлі діндер өкілдері қатысты.

Семинарды ашқан А.Подгурский бұл тақырыптың бүгінгі күнгі өзектілігіне тоқтала келіп, осы мәселемен Ұлтаралық қарым-қатынасты жетілдіру және сараптау орталығының кеңінен айналысып, ширақ жұмыс жасап келе жатқандығын, аталмыш тақырыпқа баяндамаларды сол орталық мамандары жасайтындығын айтты. Алғаш мінберге көтерілген орталық директоры міндетін уақытша атқарушы Г. Сатыбалдина теріс ағымдарға тән ортақ белгілерге тоқталды. Оларға ағымның өз идеясын ғана ту етіп, өзгенің бәрін жоққа шығару, өз жетекшілерінің артықшылығын ерекше дәріптеу, басқа сенім, ұстанымдағылармен мәмілеге келмей, мүлдем қарсы болу, өз отбасы мүшелерінен алшақтау, өзі қосылған ұйымының мүшелерін «аға», «апа» деп, соларды ғана жақын санау сияқты белгілер жатады екен. Көбінесе, жат ағымдар құрығына психологиялық торыққан, жалғызсыраған жастар ілінеді. Көңілі алаң, білімі таяз, өмірден көрген-түйгені кемшіндер аңдығандардың тұзағына оңай түседі. Қысқасы, білімі терең, оң-солын білгеннің бағыты түзу, адасатындар негізінен білімі таяз, білігі жоқтар. Сондықтан, үйде де, оқу орындарында да діни дұрыс сауат ашылып, ел тарихы мен салт-дәстүр жете жеткізілуі керек. Орталық бұл ретте қала мектептерімен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді.
Екінші болып сөз алған орталықтың бөлім меңгерушісі Д. Тоқсанбаев сөзін тақырыптық бейнефильмдермен, тренингпен толықтырып, өз ойын тиімді жеткізді. Тақырыпты әр аудиторияға лайықтап дайындап, жеткізу де мәселенің бір қыры. Қолына қару алып, оқ атқан балаларды бала көрсе ары-берісін ойламай, құр еліктеуге берілуі ықтимал. Сол себепті орталық мамандары өз тыңдаушыларының жас ерекшеліктері мен білімдерін, сауаттары дәрежелерін мұқият ескереді екен. Тіпті, мақала жазар журналистердің де интернет мәліметтерін оңды-солды ала беруі жөн емес. Әр ел өз саясатына орай кейбір деректерді қисынсыз қиыстыруы да мүмкін.
Семинар жұмысын қорытын-дылаған А.Подгурский тұрғындарды жат ағымдар мақсаттары туралы толығырақ хабардар етіп, сауаттандырып, тиімді жұмыстарды жалғастыра беру қажеттігін, Орталықта лекторларға, насихат-шыларға қажетті мәліметтер, роликтер мен бейнефильмдер, кітаптар жеткілікті екенін, 72-25-96 телефоны бойынша құпия түрде де кеңес алуға болатынын көпшілікке жеткізу керектігін айтты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс