Білікті басшы – мектеп мерейі

Еліміздегі ертеңгі тізгін ұстар, Отанын ғаламдық дамудың көшінен қалдырмай өрге шығарар азамат тәрбиелеу ұстаздарға жүктелген аса маңызды да жауапты міндет. Осы абыройлы борыш үдесінен табылып, жаңа заманның ауыр жүгін қайыспай көтере білген ұстаз, білікті басшы – Мәриям Қалиева.

Ол үнемі ізденіске толы өмір жолында қарапайым мұғалімдіктен мектеп басшысына дейінгі өнегелі баспалдақтардан өтті. Жастайынан білімге құштар жан еңбектен қол үзбей, талай биіктерді бағындырып келеді. Мәриям Қалиева бұрынғы Көкшетау облысы, Қызылту ауданының Жаңауыл ауылында дүниеге келген. Балалық шаққа жететін нәрсе жоқ. Еркелік, еркіндік, арман-қиял бәрі осы кезеңде, ата-ананың аялы алақанындағы ең бір қымбат, аяулы кезең. «Біздің заманның балалары кітапқұмар еді ғой. Жездем Боранбай Кәрімұлы ауылда кітапханашы болатын. Алған кітаптарымызды мұқият тексеріп, бір парағын да бүктетпейтін. Содан ба, бала жасымнан кітапқа аса құнды дүние ретінде қарауды үйрендім. Мектеп бітіргенде «Кім боламын?» деген сұраққа ойланып жатпадым. Бірден ұстаздық жолды таңдадым. Бұл мамандықты таңдауыма маған жанашыр жандардың бойынан табылатын адалдық, қарапайымдылық себеп болды деп ойлаймын», – деп сағынышпен еске алады ол өткен күндерді.
Мәриям Қалиева алғашқы ұстаздық еңбек жолын туған ауыл мектебінде бастайды. Тағы да сол өзінің сүйікті ортасы. Күні бойы мектепте. Кешке ертеңгі сабаққа дайындық, оқушылардың дәптерін тексеру, уақыт тауып өзінің сүйікті ісімен айналысу – көркем әдебиет оқу. Бәріне уақыт табады. Кейін аудан орталығына қоныс аударады. Білім ордасында мұғалім бола жүріп, өзінің біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің, қызметке деген жауапкершілігін бірден байқатқан Мәриям Мұхамеджанқызы директордың орынбасары болып тағайындалады. Кейін Көкшетау қалалық білім бөлімінде еңбек етеді. 2004 жылдан №21 орта мектепке директор болып, білім ордасын абыройлы басқарып келе жатыр. Қазіргі білім саласындағы үздіксіз өзгерістердің енуін саналы қабылдап, әрекет ету ұстаз қауымынан аса жауапкершілікті қажет етеді. Ал, ұстаздың шығармашылық тұрғыдан дамуына ықпал ететін де мектеп басшысы. Педагогикалық еңбек өтілі әуелі қатардағы мұғалім қызметінен басталып, мектеп басшысы деңгейіне көтерілген Мәриям Қалиеваның еселі еңбегі көпке үлгі боларлық. Шәкірт жүрегіне жол табумен қатар, үлкен ұжыммен тіл табысып кету үшін де адамның бойында ерекше қасиет болу керегі анық. Міне, осындай ұжымды айрандай ұйытып, ынтымақтыққа бастай білген білікті директор алдымен мектептегі кадр мәселесінің тұрақталуына, педагогтардың қазіргі жаңа талапқа сай әлеуетінің көтерілуіне жағдай жасап келеді.
Осы уақыт аралығында білім ордасында қаншама жетістіктердің орын алуына бірден-бір себепші болған-ды. Осы бір нәзік жанның бойындағы қайрат, жігер, мәдениеттілік, ізеттілік сарқылмайтын бұлақтай деп айтсақ артық болмас. Мәриям Мұхамеджанқызының ұйымдастырушылық қабілетінің шыңы өз жемісін беруде. Мектепте қазіргі таңда 1056 оқушы білім алуда. 90-ға жуық педагог қызметкер бар, барлығы да жоғары білімді. Биыл ашылғанына 25 жыл толған білім ұясында тағылымды шәкірттер, білікті ұстаздар еңбек етеді. Білім ордасы ашылған алғашқы күннен қызмет істеп келе жатқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Торғын Қажымұқанқызы, оқу ісінің меңгерушісі Раушан Серікқызы, бастауыш сынып мұғалімі Ажар Қабиқызы сияқты ұстаздардың есімдерін ерекше атап өткен жөн.
Әр оқу жылының соңында өткізілетін мектеп жетістіктерінің соңғы бес жылдағы мониторингі бойынша білім ордасы үздіктер қатарынан көрінуде. Мектеп ұстаздарының бірлесе шығармашылықпен жүзеге асырған жұмыстары үздік деп танылып, білім ордасы соңғы екі жылда қаладағы жалпы білім беретін мектептер арасында бірінші орынға шығып отыр. Ұстаздардың мақтанышына айналған көптеген шәкірттер өнердің шыңын бағындырып, республикалық, халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды. Мектеп бітіруші түлектер де Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен жақсы көрсеткіштерге жетті. Өткен оқу жылында бұл сынаққа қатысқан 20 түлектің 13-і мемлекеттік грантпен оқуға түсті.
– Өткен оқу жылында оқушылардың білім сапасы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл – 87,3 пайызды құрады. Мектептің материалдық-техникалық базасының нығаюы да жылдан-жылға артып келеді, былтыр физика, информатика кабинеттерін алуға қол жеткіздік. Бүгінгі күні оқушылар заманауи талапқа сай жабдықталған кабинеттерде білім алуда. 2016 жылдан бастап мектебімізде сыни тұрғыдан ойлау технологиясы енгізілді. Қазақ тілі, ағылшын тілі пәндері тереңдетіліп оқытылуда. Ұжым жастармен толығуда. Биыл 20-дан аса жас мұғалім қосылды. Осы жылдар ішінде оқушыларымыз пән олимпиадалары, ғылыми жоба жарыстарынан облыстық, республика деңгейінде жеңімпаз атанып келеді. Мұғалімдердің іс-тәжірибелері қалалық, облыстық, аймақтық семинарлар арқылы таратылып, еңбектері қалалық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде тұрақты түрде жарияланып тұрады,–дейді мектеп басшысы Мәриям Қалиева.
Өз ұжымын, шәкірттерін жетістікке жеткізген Мәриям Қалиева – тәжірибелі педагог, тағылымы мол тәлімгер. 2013 жылы мектеп директорына «Педагогика және психология магистрі» академиялық дәрежесі берілді. Оқу-тәрбие үдерісінде жеткен жетістіктері, жоғары кәсібилігі, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі үшін қалалық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасы, Көкшетау қаласы әкімдігінің Құрмет грамоталарымен, 2012 жылы облыс әкімінің «Балалар үшін» төсбелгісімен марапатталды. «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» медалінің иегері. Мәриям Мұхамеджанқызы әріптестері, шәкірттері мен ата-аналар арасында үлкен беделге ие. Білікті ұстаз жас мамандарға үнемі әдістемелік көмек көрсетіп, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Үштілділік саясатын қолдаушылардың бірі ретінде де біршама жұмыс түрлерін жүзеге асыруды күн тәртібінен алған емес. Орыс, ағылшын тілдерінен де оқушылар жақсы көрсеткіштер танытуда. Сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеуде «Алтын белгі» үміткерлері бірнеше жыл қатарында мектеп үмітін ақтауда. Жаңа оқу жылында білім ордасында лицей-сыныптар ашылды. Жаңартылған білім беру жүйесі сатылы түрде енгізілуде. «Бұл жаңалықтың нәтижесін қазіргі бірінші сынып оқушылары 7-8 сыныптарға барғанда көретін боламыз. Біз «жоғалтып алған» ойлайтын, талдайтын, саралайтын, дәлелдейтін, ойлап табатын, еркін сөйлейтін балалар шығады. Пәнаралық ортақ тақырыптардың болуы, бағалау өлшемдерінің берілуі, білімнің қолданбалылығына басымдылық берілуі – артықшылықтар. Тестік жүйе енгізілгеннен бері «үнсіз» бақылаулар «үндемес» балалардың қалыптасуына ықпал етіп еді, енді тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым дағдылары қатар жүретіні де – жаңартылған білім мазмұнының артықшылығы. Тапсырмалардың оқушының сыни ойлауына бағытталуы да қуантады», – дейді мектеп директоры.
Мәриям Мұхамеджанқызы мектеп басшысы қызметімен бірге қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы ретінде де танылған жан-жақты, ел сүйер азаматша. Мектеп алдындағы гүлзарлардың сән беруі, бақшалардағы көкөністердің өнімділігі де мектеп басшысының бас-тауымен жасалған шаруалар. Білім ордасына рухани демеу беріп, бағыт сілтеп, өз ғұмырын бала тәрбиесіне арнап келе жатқан мектеп директоры Мәриям Қалиева ұжым арасында қашанда өзінің елгезек, ақкөңіл, ашық-жарқын мінезімен, адами болмысымен, өзін де, өзгені де сыйлата білетін қарапайым қалпымен көпке үлгі болуда. Қандай да болмасын ой-толғаныс, болашаққа мақсат қойып ұмтылу ұшқан ұядан, яғни өскен ортаңнан бастау алады. Өйткені, бұл өмір заңы, тіршілік талабы. Мұғалім мектепте алдындағы 30 баланың білімі үшін ғана емес, тәрбиесі үшін де жауапты тұлға болып қала бермек. Мұғалімнің алдында елдің болашағы отыр. Ата-ана, жалпы қоғам осылай түсінуі керек. Мұғалімге құрметпен қарау деген осыдан шығады. Осы қағиданы мықтап ұстанған ол педагогикалық ұжымды үнемі жаңашылдықпен жұмыс істеуге шақырады. Шәкірттердің білімге деген ынтасын арттыру мақсатында биік талап деңгейінен көрінуде талай игі істердің ұйытқысы болуда. Білікті басшы, ұлағатты ұстаз ел болашағын тәрбиелеуде тынымсыз күндер мен түндерді артқа тастап, абырой биігінде келеді. Оның жеткен жетістігі, шыққан асуынан гөрі әлі қоғамға берері мол. Бұған шүбәсіз сенеміз.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс