Білікті маман – Рустам

Халық саулығына қалтқысыз қызмет етуді алдына нақты мақсат етіп қойған ақ халатты абзал жандар арамызда өте көп. Оларды «адам жанының арашашысы» деп те айтып жатамыз. Олар қандай құрметке де лайық. Солардың ішінде стоматолог мамандардың орны бөлек. Тіс ауруын емдеу тек қана стоматолог-дәрігерлердің еншісіндегі ерен істердің бірі. Бүгінгі күні елдің алғысына бөленіп жүрген ақ халаттылардың бірі – дәрігер-стоматолог, терапевт,
І санатты білікті маман – Рустам Оразбаев.

Рауза Бейсекей басшылық ететін Көкшетаудағы «Басар» тіс емдеу орталығы халыққа кең көлемді жоғары сапалы медициналық қызмет түрлерін ұсынады. Жаңа технологиямен жабдықталып, заманға сай жасалған орталықта тіс емдеудің түрлі тәсілдері жүргізіледі. Ауыз қуысын сауықтыру, сан түрлі тіс емдеу жолдары, түзеу, ажарлау мен ағарту тәсілдері қолжетімді бағамен қолданылады. Емханада жүкті әйелдер тегін қызметке жүгінеді. Әдетте, тіс дертіне дауа табар дәрігер зор тәжірибелі, өз ісінің қыр-сырына қанық болуы шарт. Рустам Дулатұлы – тәжірибелі, өз ісіне берілген еңбекқор маман. Оның шапшаң қимылы көз ілестірмейді. Сымдай тартылып жүреді. Қайратты да қажырлы. Күнделікті атқаратын жұмысы ширақтықты талап етеді. Бұл жерде босаңсуға әсте болмайды. Дәрігер науқастың тілін табу оңай шаруа емес екендігін айтады.Кейде қатаңдық, кейде жұмсақтық танытуға тура келеді. Әр науқасқа асқан ептілікпен ем жасап, ол кісінің құлан таза айығып кетуіне ешқашан дел-сал қараған емес. Өз кәсібіне адал жанның ғана бойынан табылатын бұл жауапкершілік өз мамандығын шексіз сүйгеннің белгісі болса керек. Медицина саласы қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында халық артқан сенімге селкеу түсірмей, сырқатына шипа іздеген жандарға көмек көрсетуді парызы санайтын тіс дәрігері Рустам Дулатұлына біз де толағай табыстар тілеп, ең бастысы, ел алғысына бөленіп, биіктерден көріне беріңіз дегіміз келеді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий