Білімге – сапа, тәртіпке – талап

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, онда қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов пен ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Еркеш Әленовтердің ағымдағы жылдың осы мерзіміне дейінгі атқарылған жұмыстар жөніндегі есептері тыңдалды.

Б.Жүсіпов жылдан-жылға оқушыларға білім беру сапасының артып келе жатқандығына, ал мектептерде тыңғылықты білім алуға қолайлы жағдайлардың бар екендігіне тоқталды. Оны оқушылардың білім сайысы сараланатын олимпиадалар нәтижелері, сондай-ақ, мұғалімдердің аттестациялар тапсырып, жаңа дәрежелерге ие болуы көрсетіп отыр. Дегенмен, қол жеткен табыстармен шектеліп қалуға болмайды. Өркениетке ұмтылған елімізде күн өткен сайын оқыту әдістемелері, ізденіс көкжиектері толассыз кеңейіп келеді. Мұғалімдер өресі өз алдына, мектептердің материалдық-техникалық базаларын нығайта түсуге де көп көңіл бөлінуде. Мәселен, биыл 10, 18, 2 мектептерге күрделі, 3, 5, 8, 13, 11, 7, 21 мектептер, «Еркемай» балабақшасына жеңіл жөндеу жүргізілмек. Кейбір мектептер мұғалімдердің ауысуы жиі болып, ол білім сапасына кері әсер етіп отыр.

Қала басшысы жалпы бөлім жұмысына жақсы баға беріп, алдағы уақытта мектептерді цифрландыру мәселесіне баса назар аударып, осы бағытта толассыз және ізденіспен жұмыс жүргізуді тапсырды. Е.Әленов қаланың көктемгі-егіс жұмыстарына үлкен дайындықпен келіп, оны ұйымшылдықпен аяқтағанын айтты. Әрине, ауа райының қолайсыздығына байланысты тұқым жылдағыдан он күнге кеш егілді. Бірақ, биыл күз жылы болады деген болжам бар. Егін пісіп үлгереді деп күтілуде. Ауылшаруашылығы жөнінен басқа да көрсеткіштер ойдағыдай.

Е.Маржықпаев барлық мекемелер басшыларына жартыжылдықты табысты қорытындылау қамын ойлауды, алда келе жатқан қала күніне дайындықтың жан-жақты жүруін, жоспар бойынша әркім өз саласында тапсырылған жұмыстарды дер кезінде орындаулары қажеттігін айтты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий