Білімді мыңды жығар…

Қалалық «Көкшетау» газетіне облыс орталығындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары өздерінің мақалаларын жолдаған екен. Оқушылар, сендер де алдағы уақытта өздерің жайлы, мектептеріңдегі кештер, достарыңның түрлі қызықтары туралы ой-толғамдарыңды жолдай аласыңдар. Қаңтар айының алғашқы аязды күндерінің бірінде қаламызда республикалық пəн олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Екі күндік білім бәйгесіне төрт жүзден астам зерек жасөспірім қатысып, өз бақтарын сынады. Біздің лицей оқушылары үшін бұл білім додасының салмағы батпандай. Лицейіміздің сан жылдар бойы бізден жасы үлкен ағаларымыз сеніп тапсырып кеткен «Үздік олимпиада командасы» деген жеңімпаз кубогынан айырылып қалмау – әр қатысушы үшін зор мақсат еді. Мен де оқу жылының басынан осы айқын мақсат үшін тынымсыз дайындық жасадым десем, артық айтқаным емес. Өз басым болашақта дәрігер мамандығын алғым келеді. Осы мақсатыма жету үшін биология негіздерін меңгеру керек екендігін түсінген сәттен бастап, осы ғылым мені қызықтыра бастады. Бұл ғылымды тереңінен меңгеруіме 3 тілді еркін білгенім көп септігін тигізді. Ағылшын тілі арқылы шетелдік ғылым салаларынан көп ақпараттар жинақтадым. Ұстаздарым да маған нені және қалай оқу керектігін үйретті. Қазір 9-сыныпта оқимын. Өз білімімді түрлі олимпиадалар арқылы дәлелдеп те келемін. Биылғы облыстық олимпиадада биология пəнінен қатысып, алтын медаль иегері атандым. Əлбетте, сайыс болғандықтан, сенімсіздік те, толқу да болды, дегенмен əділқазылардың əділ бағалауының арқасында барлығы ойдағыдай өтті. Қатысушылар жоғары деңгейдегі олимпиадаға қатысқанына риза болып кетті деген ойдамын, себебі осы іспеттес олимпиадалар жасөспірімге өз жолын табуға жәрдем етеді. Лицей оқушылары биыл да 12 алтын, 9 күміс, 16 қола, барлығы 37 орын иеленіп, «Үздік команда» атандық. Алда келесі кезең – Республикалық олимпиа-да. Мұнда да біз Ақмола облысының мәртебесін абыроймен көтере аламыз деген үміттемін!

Санжар КӘКЕНОВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий