Білім алу жас талғамайды

Адамзат баласы туғаннан білім алып сол білімімен өмір сүреді. Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар деген сөз тегін айтылмаса керек. Осыған байланысты адамзат неғұрлым білімді болса оның ой өрісі терең болатыны анық. Білім арқылы адам баласы қуанады немесе жан толғанысына түседі. Толғаныста болған тұлғалар өмірдің барлық жағдайларына ерекше сезіммен қарайды.

Ақмола облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты осыдан төрт жыл бұрын қаладағы зейнет жасындағы қарияларға арналған сабақ жүргізу үрдісін бастаған болатын. Міне, соның негізінде ағымдағы жылдың 10-14 қазан аралықтарында институтта «Білім алушы ересектердің өмір бойы білім алу әлеуетін дамыту» тақырыбында ІV халықаралық форум өтті. Жиынды институт директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Еркін Исімбаев ашып, жүргізіп отырды. Тарих деректеріне жүгінсек ересектерді оқыту орталықтары Скандинавия елдерінде кең тараған, ал Қазақстанда енді ғана қанат жайып келеді. Мекемеаралық байланыстарды нығайту, қарттарға білім беру арқылы әлеуметтік ынтымақтасты тереңдете дамытып, тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған бұл шараның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында, Егде адамдарды әлеуметтік қолдау айлығында өткізілуінің маңызы ерекше. Форумға қатысушыларды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов құттықтады. Дат мәдениеті институтының құрметті профессоры Финн Андерсеннің арнайы құттықтау телефонограммасын институт басшысы оқып берді. Одан әрі онлайн құттықтауға Омск мемлекеттік университетінің доценті Людмила Брестовская шықты. Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл да алғысын білдірді. Көкшетау қаласындағы «Аққу» балабақшасы тәрбиеленушілерінің музыкалық композициясы көпшілікті бір серпілтіп тастады. Форумның басты мейманы, Ресейдегі ересектер білімі апталығының ЮНЕСКО акциясының ұлттық үйлестірушісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Нина Литвинова баяндама жасап, қарттарға білім берудің, әлеуметтік дамытудың ерекшеліктерін атап көрсетті. Институт директорының оқу-әдістемелік жөніндегі орынбасары Айсұлу Ақышева, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Динара Бекенова, Атбасар қаласының №3 орта мектебінің директоры Ғазиза Қызкенова ересектердің білім кеңістігіндегі жаңалықтар мен тенденциялар, білім негіздерінің ерекшеліктері жайлы өз ойларын ортаға салды. Ал, осы институтта құрылған «Парасат» ересектер білімі орталығының тыңдаушысы, педагогика саласының еңбек ардагері Мария Габченко оқудың жас талғамайтынын айтты. Жүрек төрінен шыққан бұл әңгіме көпшіліктің көңілінен шықты. Форум жұмысына белсене қатысушылар институттың арнайы марапатына ие болды.

Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімі.
Суретті түсірген Марат Мерекеұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс