Білім мен ізгіліктің ордасы

Биыл еліміздің  Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Бұл қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Ата-бабамыз өмір бойы аңсап өткен тәуелсіздік бізге оңайлықпен жетпегені аян. 1986 жылдың желтоқсан оқиғасынан бастау алған тәуелсіздікке деген ұмтылыс ақыры Кеңестік жүйенің күйреуіне әкеліп соққаны тарихтан белгілі. Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Осы құндылықтардың бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек.

Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпейтін байлығы. Қасиетті Қазақстанымыздың тәуелсіздік бесігінде тербеліп  жатқанына 30 жыл.  Осы уақыт аралығында еліміз әлемге дара, дербес ел ретінде танылды. Өзіміздің Ата Заңымыз, белгіленген шекарамыз, дініміз бен тіліміз, мемлекеттік рәміздеріміз бен ұлттық құндылықтарымыз, мәдениетіміз, тарихымыз бен салт-дәстүріміз бар зайырлы елге айналдық. Өткен 30 жылға көз жүгіртсек, Тәуелсіздік  бізге оңай келе салған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі  1991-1998 жылдар еліміз үшін дағдарысы мол, қиын да күрделі кезең болды.  Ел экономикасы құлдырап, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп, завод, фабрикалар жабыла бастады. Жұмыссыздық белең ала бастаған кез келді. Осындай өтпелі қиын кезеңде тығырықтан шығар жол тауып, өз алдына дербес ел атану оңай емес еді.

1991 жылы 16 желтоқсан әлем картасында жаңа жас Қазақстан Республикасы пайда болды. Бұл тәуелсіздік қанша ғасырдан бері армандап келе жатқан ата-бабаларымыздың аңсаған арманы, аналарымыздың көз жасы еді. Еркіндікке қол жеткізген жас мемлекетіміздің алдында жасалынатын көптеген игі істер күтіп тұрды. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын, экономикасы мен валютасын қалыптастыру сынды жауапты жұмыстар тұрды. Осындай ауқымды да, жауапкершілігі мол игі істер тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың дарынды басшылығының арқасында  жүзеге асты. Еліміздің көркейіп, дамып, әлемге даңқты ел болып танылуына тұңғыш президентіміздің қосқан үлесі орасан зор.  Жазық далаға ел жүрегі  елордамызды салып, оны әлем жұртына таныта білді. Бүгінде Нұр-Сұлтан атанған елордамызда аспанмен теңесе салынған биік ғимараттар мен халықтың қолданысы үшін салынған әрқилы ойын-сауықтық кешендер астанамыздың көркіне көрік қосып тұр. Еліміздің сұлу табиғаты, жұпар ауасы, тарихқа толы қалалары мен ауылдары еліміздің баға жетпес байлығы әрі әлем халқының көз тіге қарайтын, саяхаттап  келетін туристік мекеніне айналды. Ата-бабаларымыздың аңсаған арманы – тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп, еркін өмір сүріп жатқан біздің халық шынайы бақытты жандар.  Ендігі мақсат, осы еркіндік пен тәуелсіздігімізді бағалап,  баянды ету біздің басты парызымыз.

Бүгінде Тәуелсіздіктің  құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек.

Біздің Техникалық лицейдің құрылғанына да биыл 30 жыл.  Тәуелсіз елімізбен бірге құрылған лицейден бүгінде мыңдаған түлектер түлеп, әлемнің түкпір-түкпірінде оқу оқып, қызмет атқаруда. Лицей  ұжымы өзінің тәуелсіз елмен құрдас екенін мақтан етеді. Лицейдің құрылуына мұрындық болған Серік Хабибуллаұлы Дәуленов сонау тәуелсіздік алған жылы өз бастамасымен осы лицейіміздің  ашылуына күш-қайратын аямай жұмсады.  Маңына білікті де, білімді ұстаздарды жинап, лицей мәртебесінің жыл сайын артуына зор үлесін қосты.  Содан бері лицей ұжымы жыл сайын білімді де, өнерлі түлектерді қанаттандырып ұшырып келеді.

2016 жылы Серік Хабибуллаұлы Дәуленов зейнеткерлік демалысқа шығып, лицей тізгінін Наталья Григорьвена Дементьева алды. Өз ісіне тиянақты, білгір, іскер  басшы лицейдің ары қарай дамып, көркеюіне жол ашты. Лицейімізде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Наталья Григорьевна тіліміздің көркеюіне өзі үлгі болып,  әрдайым игі  істердің басы-қасынан табыла білді.  Өзінің қажырлы еңбегі, талмас талабының арқасында Наталья Григорьевна 2021 жылы 11 қаңтарда өткен сайлауда Қазақстан парламенті депутаты болып сайланды.  Бүгінгі таңда жоғарғы мінберлерден халықтар достығының нығаюы, тіліміздің мәртебесінің өсуі туралы тың ойлар айтып, оның жүзеге асуына күш-жігерін жұмсауда.

Биылғы оқу жылынан бастап лицейіміздің директоры Анар Жаңабергенқызы Баткалова. Лицей ұжымын дарындылықпен басқарып, оның көркеюіне,  дамуына,  лицей мәртебесінің  асқақтатуына бар күш-жігерін  салу – жаңа басшының алға қойған басты мақсаттарының бірі.

Бүгінгі күнде лицейімізде  36 мұғалім  жұмыс істейді. Олардың 1-уі – шебер  педагог, 16-сы – педагог-зерттеуші, 15-і – педагог-сарапшы, 2-уі педагог-модератор. Білім беру ісінің құрметті қызметкерлері – 4.  Олар: Б.С.Ашуова, А.И.Сәбитова, Б.А.Жантубетова, Ә.М.Мұқажанова. Оқушыларын республикалық білім олимпиадаларына дайындап қатыстырып жүрген білікті мамандар: Ғ.М.Искаков, А.В.Филипов, М.В.Громова, О.В.Кулина.  Білім магистрлері:  М.В.Громова,  Е.В.Пугачева, Н.В.Пивень. Сонымен қатар, әдістемелік көмекші құралдардың авторы: И.А.Хохлова. Лицейдегі оқу-тәрбие процесінің жоғары деңгейде жүзеге асуы әрдайым  асқан дарындылық пен шыдамдылықты, қажыр-қайратты қажет етеді.  Бұл орайда директордың орынбасарлары Е.А.Юрко, М.Т.Шаменова, Т.Т.Ахметбековтердің еңбектері зор. Оқушылардың  білімді, білікті, тәрбиелі болып қалыптасуы жолында аянбай еңбек ететін лицей ұжымының бір отбасындай ұйымшыл болуы – лицейдің құрылғаннан бергі жалғасып келе жатқан игі дәстүрі. Ел тәуелсіздігімен қатар, лицейіміздің құрылғанына 30 жыл толуы – ұжым үшін үлкен бір белес. Лицей ұжымын 30 жылдық мерекемен құттықтап, толағай табыстарға қол жеткізе беруіне тілектеспін.   Тәуелсіз елімізбен қатар жасап келе жатқан лицейіміздің алар асуы мен бағындырар белестері әлі қаншама…

Еліміз үшін тарихи маңызы зор Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында халқымызды айтулы мерекемен құттықтаймын. Ел тәуелсіздігінің тұғыры биік, ғұмыры мәңгі болсын дегім келеді.

Жомарт БОРАНБАЙ,

Көкшетау техникалық лицейінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий