Білім сапасын жетілдіру – негізгі мақсат

Білім берудің сапасы – қоғамдағы білім беру үдерісінің күйі мен нәтижелігін, оның жеке адамның адамзаттық, тұрмыстық және кәсіби біліктілігін дамытудағы және қалыптастырудағы қоғам қажеттілігі мен үмітіне сәйкестігін анықтайтын әлеуметтік категория.

Тілек Сәбитова,
Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж директорының оқу жұмысы бойынша орынбасары

Мемлекет дамуының қазіргі заманғы шартында білім сапасы оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын ең маңызды көрсеткіштерінің бірі. Осы орайда, Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж ұжымы елімізге педагог кадрларын даярлауда өзінің міндеттерін абыроймен жүзеге асыруда. Колледждің миссиясы, стратегиясы, сапа саласындағы саясатының негізгі басымдығы білім беру процесінің инновациялық сипаты мен студенттерге ұсынылатын білім беру бағдарламаларының маңызды принциптерін пайдаланып, мамандарды даярлаудың сапасын арттыру. Колледждің стратегиялық жолы білім беру қызметтерінің сапалық және сандық көрсеткіштерін жақсартуға, оқытушылардың ғылыми және педагогикалық біліктілігін арттыру жүйесін дамытуға, білім алушылардың қажеттіліктерін ресурстық қамтамасыз етуге және қызметкерлер жұмысы мен студенттердің білім алуы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Қабыкенұлы Құсайыновтың жақында жарық көрген «Орта білім беру жүйесіндегі дағдарыс: шығу жолдары» еңбегінде елімізде орта білім сапасын көтеру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар зерделеніп, әлемдік озық тәжірибелерді тиімді пайдалану негізінде оны жетілдіру жолдары көрсетілген. Автор мынадай тұжырым жасайды: орта білім беру жүйесінің 8 құраушысы бар. Олар: білім беру стандарттары мен оқу бағдарламалары; оқу әдебиеті; педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі; білім сапасын бағалау жүйесі; рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру; ғылыми-зерттеу жұмыстары; басқару жүйесі; материалдық-техникалық база. Осы құраушылардың сапасы жоғары болса, білім беру сапасы да жоғары болады.
Орта білім беру жүйесіндегі реформалар педагог кадрларын даярлайтын педагогикалық оқу орындарына да қатысты. Мәселен, біздің оқу орнымызда 7 біліктілік бойынша мұғалімдер даярланады, оның ішінде, мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілері, бастауыш мектеп мұғалімдері, бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып тұрған үштілділікті жүзеге асыратын ағылшын, қазақ тілінің мамандары бар.
Оқыту процесінің маңызды бір дәрежесі – бағалау. Орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде дәстүрлі бағалау қолданылады. Дәстүрлі бағалау 3 баллдық жүйеден тұрады: «5», «4», «3», «2» деген бағаны сирек қоямыз, мектептерде оқу журналына оқу ісінің меңгерушілері тіпті қойғызбайды. Бұл бағалар субъективті түрде қойылады. Ғалымдардың зерттеулері бойынша Қазақстанның білім жүйесінде оқу нәтижелері мен білім сапасын бағалауда әділдіктің, айқындықтың жоқтығы дәлелденді. Осы кемшіліктерді жою мақсатында, оқушылардың дамуына ықпал етуге, оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған критериймен бағалау жүйесін енгізу жоспарлануда. Критериалды бағалау Назарбаев Зияткерлік мектептерінде енгізіліп, өз нәтижесін көрсетті. Ағымдағы жылдың мамыр айында ҚР Үкіметінің №292 қаулысымен бекітілген білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына бағалау критерийлері, қалыптастырушы бағалау, жиынтық бағалау терминдері енгізіліп, анықтамалары берілген. Оқу процесіне жаңа бағалау жүйесін енгізу мақсатында педагогикалық шеберлік орталығы тарапынан қыркүйек айынан арнайы курстар ұымдастыру жоспарланып отыр. Осы курстардан колледж оқытушылары да тыс қалмай, мектепте енгізіліп жатқан жаңалықтардан алшақтамаса деген пікіріміз бар. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында кредиттік оқыту технологиясы терминінің анықтамасы берілген. Колледждерде қолданбалы бакалавриат енгізілген жағдайда кредиттік оқыту жүйесі қолданылып, студенттің білімін бағалау түрі де өзгеру қажет.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жыл-дарға арналған мемлекеттік бағдарламасында техникалық және кәсіптік білімді дамытудың бір жолы – колледждердің институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден өтуі деп белгіленген. «Мамандарды даярлау сапасын растайтын колледждердің көрсеткіштері төмен болып отыр. Олардың 16 пайызы ғана ұлттық аккредиттеуден өткен», – деп сараптама жасалған. «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының институционалдық аккредиттеу стандарттары» құжатында «Білім беру ұйымдарын аккредиттеу (Accreditation of Higher Education Institutions) – білім беру қызметінің сапасы туралы объективті ақпарат беру және олардың тиімді тетіктерінің бар екендігін растау мақсатында белгіленген аккредиттеу стандарттарына (регламенттеріне) сәйкестігін аккредиттеу органымен тану рәсімі» деп көрсетілген. Техникалық және кәсіптік білім берудің институционалдық аккредиттеу стандарттары мен критерийлері Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына, Еуропалық стандарттар мен нұсқаулықтардың (ESG) жаңа редакциясына, Турин процесінің, білім беру ұйымдарын аккредиттеу және аудит бойынша халықаралық тәжірибенің талаптарына сәйкес әзірленген. 2016-2017 оқу жылында Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж білім беру қызметінің сапасы туралы объективті баға алу мақсатында және аккредиттеу стандарттарына сәйкестігін дәлелдеу үшін институционалды аккредиттеуден өтіп, маусым айында Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігінің куәлігіне ие болды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі тағы бір жаңалық – қолданбалы бакалавриат жүйесіне көшу мүмкіндігі. Қазақстан Республикасының 2015 жылдың қараша айында бекітілген «Білім туралы» Заңында қолданбалы бакалавриат – білім беру бағдарламалары «қолданбалы бакалавр» біліктілігін бере отырып, кадрлар даярлауға бағытталған орта білімнен кейінгі білім» екендігі айтылған. Аталған Заңда «жоғары колледждің» де анықтамасы – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің интеграцияланған модульдік білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны, — деп сипатталған. «Білім туралы» Заңына сәйкес колледждер «жоғары колледж» статусына ие болуға, «қолданбалы бакалавриат» жүйесіне көшуге құқылы. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі білім беру мазмұнын жаңарту колледж ұжымдарынан оқу-тәрбие процесін жетілдіру, оқытушылардың педагогикалық әлеуетін арттыру, материалдық-техникалық базаны үнемі жаңартып отыруды талап етеді.
Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж өзінің 25 жылдық мерейтойы аясында «Педагог кадрларды даярлау проб-
лемалары және заманауи мүмкіндіктері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіп, педагог ғалымдармен бірлесе бүгінгі ғылым мен білім саласындағы өзекті проблемаларды талқылады. Жаңа оқу жылының қарсаңында барлық оқу орындарында дәстүрлі педагогикалық кеңестер өтуде. Колледж ұжымы да ағымдағы жылдың қаңтар айында қабылданған «2016-2019 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасының» орындалу мәселелерін талқылап, алдағы міндеттерді анықтауда. Колледж ұжымына техникалық және кәсіптік білім жүйесінде кәсіби маман даярлауда Ақмола облысы бойынша әлі де көшбасшылық позицияда көріне беруді тілеймін!

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс