Білім сапасы сыналар шақ

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың қатысуымен қалалық білім бөлімінің 2017 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2018 жылдың міндеттеріне арналған алқа мәжілісі өтті.

Алғаш рет онлайн форматында өткен алқалы жиында алдымен сөз алған қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов мемлекет тарапынан білім саласына көп көмек көрсетіліп жатқанын, осы ретте қала мектептерінің білім сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс екендігін атап өтті. Жиында білім бөлімінің өткен жылғы жұмыс қорытындылары, биылғы жылға қойылған міндеттері  сарапталды. Былтыр білім беру мекемелерінің жөндеу жұмыстарына 200 миллион теңге бөлінсе, биыл күрделі жөндеу мен мектептерді осы заманға сай оқу кабинеттерімен жабдықтауға бөлінген қаражат көлемі 426 миллион теңгеге артып отыр. Биыл қала бойынша мектептерді оқулықпен қамтуға 213,6 миллион теңге, ауызсумен қамтуға 22,7 миллион теңге, 1 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтуға 90 миллион теңге бөлінген.

Келтірілген мәлiметтерге жүгiнсек,  өткен оқу жылында мектептердегі білім беру сапасы 60,9 пайызды құрады. Соңғы үш жылда №1, 5, 7 мектептер тұрақты білім көрсеткішін байқатып отыр. №3, 6, 17, 4, 18 мектептерде ілгерілеушілік байқалады. Білім сапасы сыналар шақ жақын. Әрбір тест сайын оқушылардың жеке пәндер бо-йынша білім сапалары зерделеніп отырады. «Алтын белгі», «Ерекше үлгідегі» аттестатқа үміткерлер ерекше назарға алынған. Дегенмен білім сапасы төмен мектептер де аз емес. Бұл мектеп ұстаздары мен оқушыларды, олардың ата-аналарын ойландыруы тиіс. – Жыл сайын мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсара түсуде. Ұстаздар тек оқушыларға сапалы білім беріп, олардың тәрбиесіне баса көңіл бөлуі керек. Ал, мектеп басшылары мектептегі жұмысты ұтымды ұйымдастырып, ұстаздарға дұрыс бағыт-бағдар беруі тиіс, – деді білім бөлімінің басшысы.

Үш ауысымды мектептер мәсе-лесін шешу мақсатында №18 орта мектептің 420 орындық қосымша ғимараты биыл пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, №13 мектеп-гимназиясында, №1, №4 орта мектептерінде қосымша ғимарат құрылыстарын салудың жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Мемлекеттік тіл мәселесін балабақша мен мектептерден, яғни сөйлеу ортасын қазақыландырудан бастау – ең басты шешуші мәселеге айналып отыр. Білім ордаларының табалдырығын аттап жатқан қазақ балаларының саны жыл санап еселеп артып келеді. Қалада жалпы білім беретін мектептердің 3-уі мемлекеттік тілде білім береді, 21-і аралас мектептер. Қаладағы оқыту тілі аралас мектептерде мемлекеттік тілде оқытатын сыныптардың оқу сапасы 2 пайыздан 7 пайызға дейін жоғарылаған. Аралас мектептердегі қазақ сыныптарының саны көбеюде. Мұндай өсім жақын болашақта жаңа мектептердің қажеттілігін тудыратыны айтпаса да түсінікті. Қазақ мектебі дегеніміз – тек қазақ тілінің ғана емес, бұл өмір сүріп отырған қазақ елінің тағдырымен байланыс-ты үлкен мәселе. Бұл жас ұрпақтың ертеңіне жол ашады. Бір қуантарлығы, биыл «Сарыарқа» мөлтек ауданында ашылатын 900 орындық жаңа білім ордасы мен Красный Яр бағытында салынып жатқан 220 орындық мектеп мемлекеттік тілде оқытатын болады. Сондай-ақ, қаладағы  №19, №22 орта мектептер кезең-кезеңімен мемлекеттік тілде білім беретін мектептер қатарына кіретінін мәлімдеді білім бөлімінің мамандары.

Екі сағат уақытқа созылған мәжілісте білім беру саласындағы мұғалімдер мәртебесі, жаңартылған білім беру жүйесі туралы да ой қозғалды. Қалада 1265 педагог білім берудің жаңартылған бағдарламасы бойынша білім беруде. 628 мұғалім арнайы курстан өткен. Үштілділікті дамыту мақсатындағы жұмыстар атқарыла береді. №1, 5, 6, 17 орта мектептерде үш тілде білім берудің пилоттық жобасы іске асырылуда. №3 мектеп-гимназиясында информатика, физика, математика, биология пәндері ағылшын тілінде өтуде.

Мәжілісті қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова ҰБТ алдында барлық ұйымдастыру шараларын жолға қоюды алға тартты. Әсіресе, өте төмен білім сапасын көрсетіп, өз ісіне жауапсыздық танытып жүрген мектептер ендігі жерде оқу сапасын талдап, талқылау қажет. «Ұстаздар қауымы өз жұмыстарын ширатулары керек. Ал, мектеп директорлары, сіздерден сұраныс артатын болады», – деген  А.Әміренова білім бөлімінің жұмысына алда да көмек көрсетіліп, назарда болатынын жеткізді.

Әсем ЖҮНІС.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий