Білім шырағын маздатқан

Қазақ ССР-нің білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, ел ағасы Қабдеш Тәсенұлы Ахметов 80 жаста!

Жаңауыл-Жылымды ауылдары маңындағы ата қонысында мыңдаған бас үйір-үйір жылқы, жүздеген бас қара мал өсіріп, кедей-кепшікке қол ұшын созған Жаулыбай Майлы ұрпағы Ахмет те құлақтар тізіміне легіп, кеңес үкіметінен еншіге алған жалғыз ақсақ ала биесі мен мүйізі тұқыл қызыл сиырын жетектеп, жан сауғалап, Балкашин жаққа көшіп кетеді. Қазақтар ғана қоныстанған Мәдениет ауылының тұрғындары алыстан келген ағайындарды жатсынбай, бауырларына басады. Кәрі әкесі Ахметтің ендігі сенімді қолғанаты, отбасының бас көтерері ұлы Тәсен мен келіні Балғаным ауыл өміріне тез бейімделіп, жұмысқа белсене кіріседі. Алайда, жергілікті тұрғындар тарапынан ешқандай қағажу көрмесе де Ахметовтер отбасы көп кешікпей тіршіліктің қамымен Сабардинка селосына көшіп баруға мәжбүр болады. Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, соғыс тауқыметі… Бір-бірімен жалғасып, адамдарды тағдыр тәлкегіне салған қысылтаяң кезеңінен Ахметтің де әулеті аман-есен өтті-ау.

1936 жылы 6 шілдеде өмірге келген жас жеткіншек Қабдештің жанына әкесі Тәсеннің өмірден ерте өткені қатты батты. Отбасындағы бар ауыртпашылық анасы Балғанымның, үлкен ұл-қыздары Нұралы мен Күлшенің, кішкентай да болса Қабдештің мойнына жүктелді. Алайда, тағдырдың қатаң талабы олардың жігерін мұқалта алмады. Ерте есейтіп, төзімділікке үйретті. Биік арман асуларына жетеледі. Ал, мұндай өршіл мақсатқа тек талапкер, өршіл, жүрегінде жалыны бар жастар ғана жете алады. Алдына айқын мақсат қойған Қабдеш Алатау баурайындағы ару шаһар Алматыға барып, бес жыл бойы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде тәлім-тәрбие алды. Экономика-география пәні бойынша білікті маман атанды. Пейілі кең, жүрегі таза жігіттің жұлдызы оңынан туып, Алматының іргесіндегі Қарғалы тоқыма-мата комбинатына экономист мамандығы бойынша жолдама алады. Жоғары оқу орнын бітірісімен жер жаннаты Жетісудың төрінде қызмет істеу кімнің болмасын мандайына жаза бермейтін бақыт қой. Өзіне көрсетілген бұл құрметке іштей разы болғанымен Қабдештің ойы – ауылда қалған қарт анасына тез жету. «Апа, міне диплом! Жұртпен бірге мен де қызмет істеп, өзіңді асыраймын!» – деп әлемге жар салғысы келді.
Алған беттен қайтпайтын қайсар жігіт университеттің сол кездегі ректоры, есімі елге танымал көрнекті мемлекет қайраткері Асқар Закариннен Ақмола облысына баруға рұқсат алады. Көреген қайраткердің әкелік қамқорлығымен елге оралған ол «Культура» совхозындағы мектепте бір жылдай мұғалім болып істеп, одан әрі қызмет баспалдағымен өрмелей отырып, бас-аяғы екі-үш жылдың ішінде «Приозерный» совхозындағы орта мектептің директоры болып тағайындалды. Бұл әлі 25-ке де толмаған жас жігіт үшін сирек кездесетін құбылыс еді. Директорлық қызметті одан әрі он жылдай «Победа» совхозындағы орта мектепте де жалғастырды. Мектептердің сол кездегі материалдық жағдайы, оқу құралдарымен және білікті кадрлармен жабдықталуы жайлы айтар болсақ, ол өз алдына жеке әңгіме. Деуін десек те, сол кездегі жергілікті шаруашылық басшыларының қалтқысыз қамқорлығы, мектеп директорларының табандылығы арқасында өзекті мәселелердің өзі де сәтті шешімін тауып жатты. Мәселен, орта мектептер совхоздың орталық қонысында ғана болғандықтан шалғайдағы бөлім-шелер мен бригадалардың балаларын күн сайын сабаққа тасымалдау қиынға түскен-ді. Сол себепті шаруашылық басшыларымен ақылдаса келе, барлық жерде мектеп-интернаттар салынды.
Адалдықты, әділдікті ту еткен Қабдеш Тәсенұлы – жолы болғыш азамат. Қызметте те, жалпы өмірде де жақсылармен жақын жүріп, көпшіліктің ілтипатына бөленді. Өзі де ағайын-туғандарын қамқорлыққа алып, қолынан келген көмегін аямады. Ағасы Нұралы мен апасы Күлшенің балаларын оқытуға қолынан келгенше жәрдем жасады. Ал, қарындасы Ләтипа он жылдықты бітіргенше өз қолында тұрып, білім алды. Ағасының шапағат шуағына бөленген іні-қарындастары оның есімін әрқашанда қастерлеп, мақтан тұтады. Қолында қарт анасы болғандықтан ендігі міндет тез арада отбасын құру болды. Атбасар қаласынан Мәдениет ауылына келгіштеп жүретін Дария есімді сүйкімді қызға анасы Балғанымның көзі түсіп, баласына бірден қолқа салады: «Маған осы баланың мінезі, жүріс-тұрысы қатты ұнайды. Сыпайы, бізге лайықты келін болар-ау шамасы». Анасының айтқан ақылын құп алған Қабдеш Атбасардың ерке қызын өмірлік жар етіп, думандатып той жасайды. Құдайға шүкір, міне, содан жарты ғасырдан астам уақыт өтіп, Қабдеш аға мен Дария жеңгей Мұхтар, Мұрат, Дулат, Жеңіс есімді ұлдар мен Гүлнар есімді аяулы қыз тәрбиеледі. Тіл аузымыз тасқа әке тәрбиесін көрген бұл азаматтар да бүгінгі таңда өмірден өз бақыттарын тауып, әр салада абыройлы қызмет атқарып жүр. Сүйікті қыздары Гүлнар кезінде облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары болып істесе, қазір Астанада өз кәсібін абыроймен жалғастыруда.
Өмірінің мәнін адал еңбек етумен бағалаған Қабдеш Тәсенұлы біраз жыл Көкшетау облыстық кәсіптік білім беру басқармасы басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып, орта буын мамандар даярлау ісіне лайықты үлес қоса білді. Тікелей оның араласуы-мен бұл жылдары қолға алынған тың жаңалықтың бірі – селолық кәсіптік-техникалық училищелердің совхоздардан жалға жер алып, егіншілікпен айналысуы еді. Нәтижесінде әлгі училищелердің шәкірттері қаржы тауып, өз жағдайларын әжептәуір жақсартты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып отыра алмады. Кезінде Білім министрлігінде өзінің кураторы болған Мельс Қабылбеков Көкшетау қаласында сақтандыру фирмасын ашуды ұсынды. Әрқашан да жаңалықты жатсынбайтын Қабдеш Ахметов бұл ұсынысты да құп деп қабыл алып, іле іске кірісті. Сөйтіп, алты-жеті жылдың көлемінде мемлекеттік және жеке мүлікті сақтандыруға байланысты облыс көлемінде бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Көкшетау қаласында «Арна» колледжі ашылған кезінде экономика-география пәнінен мұғалімдер тапшылығы туындаған сәтте Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Сағынтай Елубаев Қабдеш Тәсенұлына қолқа салды. Теориялық дайындығы мол, өмірден жинақтаған тәжірибесі бай, ұлағатты ұстаз студенттер алдына шығып мазмұнды лекция оқып, жаңа істі ұршықша иіріп әкетті. Ертеден дәм тұзымыз араласып, сыйластығымыз жарасқан аға болғандықтан Ахметовтер әулетінің бүгінгі қуанышына ортақтаса отырып, біз де тілектестігімізді білдіріп, мерейлі 80 жасқа толған Қабдеш Тәсенұлына өмірдегі бар ізгілікті, бақыт пен шаттықты тілейміз.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс