«Бірге. Таза Қазақстан» акциясын көкшетаулықтар қызу қолдады

Шілденің 20-шы жұлдызы Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Премьер-Министрі А.Мамин, вице-премьер Ж.Қасымбек, экология, геология және табиғат ресурстары министрі М.Мырзағалиев, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Парламент депутаттары, ел астанасының және астаналық облыс тұрғындарының қатысуымен табиғатты қорғау, өзен-көлдеріміз маңайын қоқыстан тазартып, тұрғындар бойында экологиялық мәдениет қалыптастыру мақсатында «Бірге. Таза Қазақстан» атты акция өткен болатын. Осы акцияны көкшетаулықтар да қызу қолдап, шілденің 27-ші жұлдызы ауқымды шара өткізді. Акцияның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Қ.Ыдырысов пен Көкшетау қаласының әкімі А.Смайылов сөз сөйлеп, жиналғандарды тиімді іс-шараға белсенді қатысуға шақырды.

Одан әрі қоқыс жинауға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген тұрғындар өздеріне алдын ала бекітілген алқаптарға бет алды. Олардың ішінде Қопа көлінің жағасындағы Кенесары көшесінен бастап, Сағдиев көшесі тұсындағы жағажайға дейінгі аралық, Қылшақты өзені бойымен Абылай хан көшесі бойындағы көпірден бастап, Сүлейменов көшесі бойындағы көпірге дейінгі аралық, өзен бойымен Әшімов көшесі бойымен Сүлейменов көшесі бойындағы көпірге дейінгі аралық, Красный Яр кентіне барар жол жиегі, Бұқпа тауының баурайы, қаланы тамашалау орындары, саяжайлар бар.  Әшейінде де қала тазалығына немқұрайлы қарамайтын тұрғындар бұл акцияға аса бір ыждағаттылықпен, белсенді қатынасты. «Алтын тау», «Алуа строй», «Көкшетау теміржол вокзалы», сияқты мекемелер, жоғары және орта оқу орындары, тағы басқа көптеген мекемелерден келген адам қарасы көп. Жарқын жүзбен туған қаланы кір-қоқыстан тазартуға құлшына кіріскендерге басқа тұрғындар да қол ұшын беріп, өз үйлері, көшелерін тазалауды қолға алғандар да көп болды. Красный Яр кентінде 1200-ге тарта адам акцияны қолдап, тазалыққа білек сыбана кіріскен. Сондай-ақ, екінші Көкшетауда 300-дей адам атсалысқан.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, үстеріне біркелкі ақ футболкалар киіп, қолдарына қап ұстаған акцияға қатысушылар қаз-қатар өткен жерлер тазарып, түлеп сала берді. Жағалау, тау бөктері, биік белдер қоқыстан аршылып, көк желеңін қайта жамылғандай болды. Жиналған қоқысты қала сыртына шығаруға да арнайы техникалар көптеп жұмылдырылды.

…Тек, осы қалдықтарды тастаған өзге емес, өзіміз екендігі өкінтеді. Ал, акция шын мәнісінде белсенді, екпінді өтті. Қоқысты өз қолымен жинаған адамның келесі жолы кез келген жерге тастамасы кәдік. Экологиялық мәдениет осындай шаралар арқылы қалыптасарына, оның оң ықпалы мол боларына сенім мол.

С.Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий