«Біржан-Сара» операсы – Бурабай баурайында

КСРО Халық әртісі Мұқан Төлебаевтың төл туындысы ашық аспан астында қойылмақ деген хабарландыру тарағалы ақмолалық өнерсүйер қауымнан тағат кетті. Өйткені театр өнерін далада тамашалау бір басқа да, ғимарат ішінде көру бір басқа. Шығарманың көркем Бурабай баурайында, әрі Абылай хан алаңында сахналануының өзінде үлкен мән жатыр. Аспандағы аққуға үнін қосқан сал Біржанның туған жерінде асқақ дауысы қайта әуелеп, оған Оқжетпес үн қосып, Көкшетау күңіреніп, Жұмбақтас тылсым сырын аша түскендей әсер алатынымызға еш күмән болмап еді. Абылай хан алаңы бұл күні сахналық декорацияға айналды. Күн күркіреп, найзағай ойнап, жауынның жаууын Сараның ролін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген əртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Майра Мұхамедқызы өз сөзінде бұл бізді ата-бабамыз қолдап, күш қуат бергені деді. Әрі әншінің көкейінде жүрген арманы сол күні орындалды. Біржан мен Сараның Қоянды жәрмеңкесіндегі айтысы, көңіл күйі, қуанышы мен қайғысы, көшпелі өмір, той-думан, сол замандағы әлеуметтік қайшылықтар, бәрі-бәрі осы туындының өн бойында өріліп жатыр. Бурабай баурайында сахналанған операны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп тамашалады.

«Біржан-Сара» – Мұқан Төлебаевтың төл туындысы, опера өнерінің биік шыңы, қазақ руханиятының інжу-маржаны. Қойылымның Бурабайда сахналануына көкшеліктер ерекше қуанды. Әрі бұл ұлттық операның бірегей туындысының жаңа музыкалық нұсқасы. Кеудесінен сөз төгілген, көкейіне бұлбұл қонған әрі ақын, әрі сазгер, әрі әнші Біржан салдың кіндік қаны тамған сұлу да сырлы өлкеде сахналанған қойылым талғампаз көрерменді бірден баурап алды. Әдемілік пен әуезділікке толы көріністер, қос жүйріктің көркем де кестелі сөздері, елең еткізер нәзік сезімдер, бәрі-бәрі бір қойылымның өн бо-йында керемет үйлесім тапқан. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің тілшілерге берген сұхбатында жауһар туындының жаңа музыкалық-сахналық редакциядағы тұсаукесері осы жылдың көктемінде «Астана Опера» сахнасында өткенін, жоба Елорданың 20 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұл театр әртістері ашық аспан астында сахналап отырған кезекті қойылым. Бұған дейін Астана аспанын «Қыз Жібек», «Дон Кихот», «Аида» секілді опералар әдемі ән мен күйге, көріністерге бөлегені күні кеше ғана.
«Біржан – Сара» операсы Кеңес кезінен талғам-талабы биік классика жанрының үздік туындысы саналған. Алғаш рет 1946 жылы Алматыдағы Қазақ опера және балет театрында сахналанды. Драмалық туынды қазақ айтысының ең озық үлгісінің бірі ғана емес, бірегейі. Open Air форматында қойылған лирикалық-драмалық шығарма төрт бөлімнен тұрады. Ол тыңдаушыларын елең еткізер сезім күшімен, лиризмімен, музыка тілінің дәстүрлі әуенділігімен, динамикалығымен, екі әншінің жеке бастарындағы трагедияны әлеуметтік-тарихи құбылыс пен тартыс деңгейіне көтере білген драмалық сюжеттегі жеке айтылатын ариялар мен ариозалар, би көріністері, қосыла әндететін дуэттермен ерекшеленеді. Ең бас-тысы – керемет музыка, солистердің тамаша дауыстары мен оркестрдің үйлесімді дыбыс-талуы тыңдарманға ұмытылмас ерекше әсер сыйлайтыны бір бөлек әңгіме.
Көкшенің жұпар ауасымен тыныс-тап, ашық аспан астына қойылған орындықтарға жайғасып, кәдімгі «дала театрынан» орын алған көрермен ерекше әсерге бөленді. Жүректер толқып, көңілдер алып-ұшып, түрлі аңыздарға арқау болған, ашылмаған құпия сырлары көп тылсым табиғаттың үніне опера әншілерінің дауыстары қосылып, бір арнаға тоғысып, бір композиция құрағандай болды. Асып-тасыған көңіл-күй, қос ақынның арыны, өмірдің қайшылықты ағысына қарсы жүзу, тартысты топтың қамалын бұзуға ұмтылыс, бәрі-бәрі өлеңмен өріліп, Көкшенің қия жартастарына жетіп жатты. Сараның сұлу үніне биші қайыңдар сыңси қосылып, Біржанның болмыс-бітімін Оқжетпестің жақпар тастары биіктете түскендей болды.
«Базарың құтты болсын,
ардақты елім,
Қоянда ту көтерген думанды елім,
Қарқара, сұлу Көкше –
жер шоқтығы,
Сарыарқа – алтын ана,
асқар белім!» – деген ақынның асқақ үні алыстан жаңғырып естілгенде, Көкшенің тауы бел баласымен амандасқандай, көк қарағайлары басын иіп, ілтипат көрсеткендей әсер алдық. Біржанның халқымен қайта қауышып, әнін сүйер дүйім жұртымен қайта жүздескен сәті осы шығар. Ертелі-кеш амандығын біліп кетіп жүретін бұлттар да бұл күні Бурабайдың аспанын торлап, қос ақынмен мұңдасып, сырласқандай жауын да толассыз жауды-ай дерсің! Бірақ мұндай мүмкіндік енді қашан болады дегендей, жас шамасы әр түрлі көрермен қойылымды тапжылмай тамашалады. Әртістердің шебер ойыны, келісті келбеттері, көз тартар костюмдері табиғаттың тосын сыйын ұмыттырып та жіберді. Сахнада алмасқан көріністер, таптық тартыс, соның ішінде қыз баланың теңсіздігі, сүйгеніне жете алмай зар жылаған жүректер, орындалмаған тілектер, бәрі-бәрі бір ғана туындыға арқау болып, көрерменнің көкейіне қонды. Операның тілін түсінбеймін дейтін қарапайым халыққа бәрі түсінікті тілмен жеткізілді. Бурабайдың тау-
ларында лазермен бейнеленген тұлпарлар, «Астанаға – 20 жыл» жазуына үлкен LED экрандар тұтаса бітіп, үйлесім тапты. Айта кетейік, аталмыш операға барлығы 400-ге жуық əртіс қатысты. Операның бастапқы идеясы шығармашылық тұлғалардың еркіндікке деген күресі, махаббат пен бақытқа деген ұмтылысы болып табылады. «Біржан-Сара» операсының жаңа музыкалық-сахналық редакциясының авторы – қоюшы режиссер, PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, қоюшы суретшілер – Софья Тасмағамбетова жəне Павел Драгунов. Басты рөлдерде: Біржан – халықаралық конкурстардың лауреаты Мейір Байнеш, Сара – Қазақстанның еңбек сіңірген əртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Майра Мұхамедқызы, Жанбота – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Аналық – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Алтынай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Жиенқұл – Талғат Галеев, Қожағұл – Шыңғыс Расылхан, Серік – Рамзат Балакишиев, Естай – Бейімбет Таңарықов. Сондай-ақ, қойылым тобы: бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дəуітов. Қоюшы балетмейстер – Мукарам Авахри, техникалық директоры – «Астана Опера» театрының көркемдік-өндірістік кешенінің жетекшісі Виктор Караре.
Қазақ руханиятының бірегей туындысы «Біржан-Сара» тұтастай мәдениеттің көрінісі, отандық операның мәңгі лаулап тұратын шоқтығы биік жұлдызы. Қазақтың бітім-болмысын, ақыл-парасатын, таным-түсінігін паш еткен қойылымды әлем сахналарында қою жоспарланып отыр. Жаһан жұрты қазақтың жауһар дүниесін көру арқылы ұлттық рухты танитын күн де алыс емес. Оған Бурабай баурайын ән мен күйге бөлеген опера куә. Ал үйімізге қайтып бара жатқан біздердің көкейімізді Біржанның:
Жер шоқтығы – Көкшетау,
Тал, қарағай, бақша-бау.
Бауырыңда бар сексен көл,
Желің жұпар аңқиды-ау»
деген өлең жолдары тербеп келе жатты.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий