Біркелкі мектеп формасы енгізілмейді

Көкшетау қаласы білім ошақта-рының жаңа оқу жылына дайындығы, балалардың оқулықпен қамтылуы, киім үлгісі мен мектеп бағдарламасындағы жаңашылдықтар жайында қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов біздің тілшіміздің сауалдарына жауап берген еді.

Облыс орталығында 26 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 22-сі орта, 2-уі негізгі, 1-і кешкі, 1-і жекеменшік білім ошақтары. 2016 жылдың 1 қыркүйегінен №1, №11, №3 орта мектептерде гимназия сыныптарын және №2, №6 орта мектептерде лицей кластарын ашу жоспарланып отыр. Бүгінде 44 білім ұйымының жаңа оқу жылына дайындығы «жақсы» деп қабылдап алдық. Қалған нысандар тамыздың 12-не дейін толық есепке кіреді. Көкшетау қаласының бюджетінен ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарына 85 472,1 мың теңге бөлінді. Қаланың 18 білім ғимараттарының су, кәріз, шатыры мен спорт залдары жөнделді. Пандустар орнатылды. Биыл 1-ші сынып табалдырығын аттайтын балдырғандар саны 2753 болады деп күтілуде.

Ең алдымен балаларды оқулықпен қамту мәселесіне келетін болсақ. 2011-2020 жылдары Қазақстан Республикасының білім саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасына орай барлық мектептерді жергілікті бюджеттен тегін оқулықтармен қамту кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. 2016-2017 оқу жылында білім саласын қаржыландыру бағытында оқу-әдістемелік кешенмен қамту және жеткізуге бюджеттік бағдарлама бойынша 119 миллион 715,0 мың теңге бөлінген. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 15 миллион 909 мың теңгеге көп. 1-ші сынып оқушыларын жаңа бағдарламалық оқулықтармен қамту үшін 51 миллион 581 мың 396 теңге жұмсалмақ. Көкшетау қалалық білім бөлімі оқулықтарды мемлекеттік сатып алу бойынша «Алматы кітап», «Атамұра», «Арман-ПВ», «Білім», «Бөбек», «Келешек-2030» , «Пирсон», «Мектеп», «Макмиллан», «Астана кітап» және «Express Publishing» баспаларымен 14 келісім-шарт жасады. Көкшетау қаласындағы мектептерге 2016-2017 оқу жылына қажетті оқулықтар 25 тамызға дейін жеткізіледі. «Мектепке жол» акциясының шеңберінде тұрмысы төмен және көпбалалы отбастарына көмек қолын созуға ниетті кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер бар. Бұл игі шара тамыздың 1-нен қыркүйектің 30-на дейін жалғасады. Басты мақсат, жағдайы жоқ отбастарының балаларын мектепке дайындау, олардың білім алуына мүмкіндік беру. Соған орай бірінші сыныпқа баратын 210 баланың тізімі жасалды. Оларға акция барысында көмек жасалады. Білім бөлімінің сайтында, сонымен қатар жалпы білім беретін мекемелердің сайтында «Мектепке жол» акциясының басталғаны жайлы ақпарат жарияланды. Мектептерге арнайы стендтер ілінді. Бизнес құрылым жетекшілеріне осы акцияға қатысуға шақырту қағаздары жіберілді. Үн қатқан кәсіпорындардың ішінде «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы 57 балаға, Сбербанк 50 балаға, облыстық басқармалар 50 балаға, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары мен «Нұр Отан» партиясының филиалдары 33 оқушыға, Халық банкі 10 оқушыға, Евразия банкі 10 оқушыға рюкзактар мен оқу құрал-жабдықтарын сатып әперуге уәде етті. Оларға айтар алғысымыз шексіз. Тамыздың 20 күні мектеп жәрмеңкесі өтеді. Бұл да өз кезегінде киім-кешек пен кеңсе тауарларын жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік бермек.
Оқушылардың мектеп формасына тоқталатын болсақ, киім үлгісі Білім және ғылым Министрлігінің бұйрығымен бекітілген талаптар бойынша жүзеге асады. Бұл әр білім ошағы оқушыларының біркелкі киіммен жүруіне мән берілуінің негізі. Ата-аналар да оған қолдау білдіруі керек. Бір сыныпта балалар ала-құла болып отырғаннан гөрі, біркелкі киімде жүрсе, қандай жарасымды. Оған келіспейтін ата-аналар да кездеседі. Олар мектеп формасын тігетін кәсіпорындарды таңдауға құқылы, бірақ білім ошағының талабын ескеріп, тиісті киім үлгісіне тапсырыс бергені жөн. Баласын жаңа оқу жылына дейін мектеп формасымен қамтуға кез келген ата-ана міндетті. Талаптарға сай міндетті мектеп формасы әр білім ошағы үшін ерекшеленген түрде сақталады. Ал қала бойынша біркелкі киім үлгісі енгізіледі деген қаңқу сөзге сенудің қажеті жоқ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс