Бірлесе іс-қимыл танытатын кез келді

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз. Бұл жаңғыр-
ту – қазіргі жаһандық сын-қатерлер мен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың төрағалығымен 3 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының басты мақсаттары мен міндеттері талқыланды. Елбасы 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын әзірлеу кезінде «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсатты индикаторларын назарға алуды тапсырды. Кеңесте Ұлттық банк төрағасының, Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрінің, Ұлттық экономика, Қаржы, Инвестициялар және даму министрлерінің, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасын одан әрі дамыту үшін қажетті әлеует бар екенін айтып, ішкі жалпы өнімнің тұрақты өсімін 5 пайыз деңгейінде сақтау қажеттігіне, индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынып, өңірлерде тұралап қалған жобаларға назар аударды. Елбасы әкімдерге даму институттарымен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалыптасқан жағдайды түзеуді тапсырды. Сондай-ақ, Елбасы Үкімет пен әкімдер тарапынан шешім қабылдауды қажет ететін бірқатар түйткілді мәселелердің өзектілігін атап өтті.
Бизнес пен кәсіпкерлік аясын кеңейту. Мемлекет басшысы қатысушылар назарын шағын және орта кәсіпкерліктің тауар шығару мен қызметтер көрсету деңгейінің төмендеуі, оның субъектілері мен онда жұмыс істейтін адамдар санының қысқаруы үрдістеріне аударды. Қазақстан Президенті бизнесті реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің көп екенін ескертіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауға қатысы жоқ басы артық кедергілерді азайтуды тапсырды. Қазақстан Президенті мемлекеттік кәсіпорындар үлесін азайту қажеттігін, жекешелендірудің қорытындысы бойынша мемлекеттік меншікте қалдырылуы негізді деп танылған ұйымдардың нақты тізімін жасаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстың жеткіліксіздігін айтып, бұл жұмысқа тікелей әкімдер жауапты екенін атап өтті.
Мемлекеттік сату алу саласы. Қазақстан Президенті мемлекеттік сату алу саласында импортты алмастыруға және отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік туғызатын жағдай жасау қажеттігіне назар аударды. Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке әкімдіктермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, ірі кәсіп-
орындарда жергілікті қамту үлесін арттыру жөнінде мақсатты түрдегі нақты индикаторлар белгілеуді тапсырды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев отандық өндірушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
Ауыл шаруашылығы кешенін дамыту. Қазақстан Президенті ел экономикасында аграрлық сектордың әлеуеті жеткілікті түрде пайдаланылмай отырғанын, былтыр өндіріс көлемі бес жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда елеусіз өсім көрсеткеніне тоқталып өтті. Агрохолдингтердің қаржылық жағдайы қанағаттанарлықтай емес. Машина паркі ұтымды пайдаланылмайды. Бір өңірде комбайндар бос тұрса, басқаларында олар жетіспейді. Осыған орай Бас прокуратураға Есеп комитетімен бірлесіп тиісті тексеріс жүргізу, ал Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министріне қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгерту тапсырылды. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев астықты үш өңірдің әкімдеріне биылғы жылдың 1 наурызына дейін проблемалы агрохолдингтерге қатысты келісілген шешім шығаруды тапсырды.
Денсаулық сақтау, білім саласы. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығына ерекше тоқталып, солардың нәтижелеріне сәйкес көрсетілетін қызметтер сапасының артуы көзделіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бұл саланы дамытуға бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігі төмен екендігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Денсаулық сақтау министріне барлық түйткілді мәселелер бойынша талдау жүргізіп, шешім қабылдауды, реформаларды сапалы іске асыруды, сондай-ақ, «СК Фармация» кәсіпорнында кадрлық ревизия жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің, үш тілде білім берудің және ҰБТ-ның жаңа жүйесінің маңыздылығына тоқталып, осы орайда бұл реформалардың мазмұнына қатысты халықты хабардар ету онша тиімді іске асырылмай отырғанын атап өтті.
Мемлекет бюджетін тиімді пайдалану. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде жүргізіліп жатқан барлық реформалар қажетті қаржыландыру көзімен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Бұл орайда, Есеп комитетінің ақпаратына сәйкес, былтыр 160 млрд. теңгеден астам қаражат мөлшерінде қаржылық заң бұзу жайттары анықталған. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар басшыларына лауазымдарды оңтайландырып, содан үнемделген қаржыны басқа қызметкерлер арасында қайта бөлу құқығын беруді ұсынды. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетіндігіне және кейін оның инфрақұрылымын ұтымды пайдалану қажеттігіне қатысушылар назарын аударды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформалар мен белгіленген міндеттердің іске асырылуына әрбір басшы тікелей жауапты болатындығын айтты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс