Бірлікке ұйыған елге береке ұялайды

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

612437_1458363164

Алла Тағала Қасиетті Құранда «Маида» сүресінің 2-аятында адамзат баласына: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар…» деп бұйырған.

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың
атымен бастаймын!

Адамзат баласы қауымдасып, бір мекенге топтасып өмір сүруге бейім жаратылған. Топтасып өмір сүрудің де өзіндік хикметі бар. Егер қайсыбір қауымның өмір тіршілігінде бірлік, ынтымақ, имандылық, өзара келісім, ортақ түсінік, т.б. құндылықтар басты орынға қойылса, сол халықтың берекесі артып, ғибратты ғұмыр кешеді. Тұрақтылық бар жерде татулық орнайды. Татулық бар жерге Алла береке нәсіп етеді. Ынтымағы ыдыраған елден ырыс та кетеді. Біз мұндай жағдайды алыстағы елден емес, жақындағы көршілерімізден-ақ көріп отырмыз. Еліміздегі мешіттер мен медреселердің, діни оқу орындарының жұмысын қадағалап, бақылап-басқарып отыру міндеті маған жүктелгеннен кейін жамағатты діни саладағы кейбір нәзік мәселелерге әрдайым байыппен, сабырлықпен қарауға шақырамын.
Дін тек бірлік пен бейбітшілік орнаған елде қанат жаяды. Мұны әсте ұмытпауымыз қажет. Бүлік бар жерде береке кетеді. Ондай ортада дінді ұстану былай тұрсын, адамның күнделікті өміріне қауіп төнбей ме? ХХІ ғасыр осындай күйге душар болған миллиондаған халықтың бүгінгі мазасыз өмір тіршілігіне куә. Алла Елшісінің: «Көпшілікпен бірге болыңдар, бөлінуден сақтаныңдар», – деп бұйыруында үлкен ғибрат бар. Мұндайда халқымыз: «Бөлінгенді бөрі жейді», – демей ме?! Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында халқымыздың рухани өміріне, мәселен отбасы құндылығын арттыру, жат ағымнан алыс болу, бірлікті сақтау, қайырымдылық жасау, мейірімді болып, кешірім жолын ұстану секілді сауапты амалдарға да мән береді. Президентіміз жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап беретін, сонымен қатар жаңа тарихи жағдайларда ұлтымыздың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі «100 нақты қадам» жоспарын жариялады. Бұл бағдарлама күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын болады. Осы құжатта әлеуметтік көмек, сапалы білім беру, сапалы медициналық көмек сынды халыққа қажетті мемлекеттік қолдаулар айтылды. Сапалы білім алған, дені сау адам елдің игілігі мен өркендеуіне көбірек үлес қосатыны даусыз. Мемлекет басшылығы ешқашан жеті рет өлшеп, бір рет кеспей шешім қабылдамайды. Басшыға бағыну – кәміл мұсылманның бір парызы, ал басшылық қашанда халықтың игілігіне жарайтын шешімдер қабылдайды. Сондықтан қазіргі таңдағы қоғам ішінде туындап жатқан түрлі мәселелерге кең түсіністікпен қарап, ел ішінде тыныштықты, ауызбірлікті сақтап, ұйымшылдыққа ұйытқы болуға үлес қосу, әрбір мұсылманның міндеті болып табылады. Қазіргі күні біздің қоғамымызда жер мәселесіне қатысты жұртшылық тарапынан туындаған алаңдаушылықтарға байланысты Жер кодексінің жекелеген баптарына Елбасымыз мораторий жариялағандығы дүйім жұртқа мәлім. Сондықтан жер мәселесін Елбасымыз айтқандай ақылға салып, қоғамдық талқыдан өткізіп оңтайлы шешім жолын ұсынуымыз қажет.
Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, берекелі бейбіт күнді көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық парызымыз һәм мұсылмандық міндетіміз. Біздің негізгі бағытымыз – діни, рухани сала болғандықтан, еліміздің рухани дамуы жолында еңбек етіп келеміз. Өйткені, халықтың иманы мен руханияты артса, еліміз де өркендейді. Бейбіт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашан да татулықты тұғырына айналдырған. Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қайраткерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі – бәрінен қымбат қазына деп санаған. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла Елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез келген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар болары хақ.
Әрбір парасатты пенде әлемдегі қаржылық дағдарыс пен адамдар арасындағы әділетсіздік, отбасылық күйреу, әлеуметтік келеңсіздіктер секілді мәселеден құтылудың бір ғана жолын түсінді. Ол – рухани құндылықтарды бірінші орынға шығару. Бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына мұқтаж. Ал, осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу – ол да парасатты адамның асыл парызы емес пе? Ендеше, ізгі істерде бір-бірімізге көмекші болайық, бауырлар! Алла Елшісінің: «Берген қол алған қолдан жоғары» деген өсиетін негізге ала отырып, әрдайым мемлекетімізден қол жайып сұрай бермей, біз мемлекетімізге не бере алдық, Отан үшін не істедік деген сұрақтар әрбір мұсылманды мазалауы қажет. Еліміздегі әрбір кәсіп немесе мамандық иесі өз саласы бойынша ең сапалы түрде қызмет етер болса Елбасымыз меже етіп көрсеткен дамыған отыз елдің қатарына енуіміздің ауы-
лы алыс емес екендігі баршамызға белгілі жайт. Алла Тағала халқымызға бақ-береке бергей. Жер бетінде тыныштық орнап, қашан да тату ғұмыр кешуді нәсіп еткей. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мұсылмандық мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай! Әмин!

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс