Бір биікке Гәкку

Өзінің қаламгерлік қабілеті, тың тақырып таба білер тапқырлығы, ойға алған мақсатына жалындап жетер алғырлығымен ерекшеленетін журналист Гәкку Бәйішеваны көк желекті Көкше өңірі, алтын астығы тербелген Арқа бойы жақсы таниды. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін аңыз декан Т.Қожекеев басқарып тұрғанда бақандай бес жыл оқып, қызыл дипломмен бітірген Гәкку әуелі облыстық «Көкшетау правдасында», кейін радиода, ұзақ жылдар «Қазақстан» РТРК АҚ Ақмола облыстық телеарнасында қызмет істеді. Талғамды көрермен Гәккудің «Сағыныш», «Бір бала», «Балқадиша», «Сырғалым», «Туған жер тұлғалары», «Тарихыңды таны» сияқты хабарларын әлі күн ұмытқан жоқ. Телеарнада шеф-редакторлық қызмет атқара жүріп, ол талай жас журналистің қаламын ұштап, қанатын қатайтты.
Тәжірибесі әбден жетілген, талғамы толыққан Гәкку Асылбекқызы 2014 жылдың нау-рыз айынан қалалық «Көкшетау» газетінде жемісті еңбек етіп келеді. Жасынан кітапты көп оқып, әдебиет әлемінің әдебін, теңіздей терең тебіренісін, толағай толғанысын бойына сіңіріп, ата-ананың ізгі тәрбиесін көріп, арнайы білім алып талантын тәжірибемен шыңдап жетілген майталман қаламгер қазір тоқсан жылдық тарихы бар тағдырлы газеттің жауапты хатшысы. Газеттің әр нөмірінің мағыналы, көркем, келбетті болып шығуын қадағалап, макетін сызып, жоспарлап, жүйелеп отырады. Оңашада ой қуып, гитарасының сыңғырлаған сұлу үніне қосылып сыңсытып ән салатын сырбаз қаламгер талай тартымды мақала, очерктер, суреттемелерін оқырманына ұсынумен келеді. Гәкку жеңіп алған жүлде, бірінші атанған бәйге көп. Ол қашанда жүйрік журналистер, қарымды қаламгерлер қатарында.
Сондай-ақ, берекелі отбасының бақытына қуанған ардақты ана. Былтыр ғана үлкен ұлынан келін сүйіп, қолын ұзартқан жайы бар. Асыл жары Сайраны екеуі енді немере бағуға қамданып жүргендей.
Біз, тіршіліктің күйкі күйбеңіне алаңдап, оны-мұныға мойымайтын, ерен еңбегі мен табиғат берген талантына сеніп, алдағы ақшуақ күндеріне ғана асығатын ақ тілеулі, асқақ мінезді әріптесімізді мерейтойымен шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, отбасына амандық тілейміз! Көктен нұрын көктем төккен, көлдеріне аққу жеткен, туған өлкең, өзен-көлің гәккулеткен тұста толған жасың – елуің құтты болсын, Гәкку!

Құрметпен, «Көкшетау» газетінің ұжымы.

Арнау

Кейде іздесең таптырмай…
Әлдекімді менсінбей,
Әлденені жақтырмай,
Өз ойымен жүретін,
Көлде жүзген аққудай.
Осы біздің Гәккуді-ай!

Ештеңеден ықпайтын,
Айтар жерде бұқпайтын,
Керексізге илігіп,
Бармасқа бас сұқпайтын.
Сондықтан да сөз еріп,
Үстіне шаң жұқпайтын
Біздің, шіркін, Гәккуді-ай!

Қабағанға қаптырмай,
Көңілге кір жақтырмай,
Екі ұлы мен күйеуін
Қанаттыға қақтырмай,
Жолға салып жүретін
Біздің, шіркін, Гәккуді-ай!

Үш жігіті үйінде,
Өзі жұлдыз күйінде.
Алшаң басып жүреді,
Ешкімге де иілмей!

Көрінгенді ас қылмай,
Нашарларды дос қылмай.
Жамандарды үркітіп,
Жақсыларды жатсынбай,
Қайрылмайтын қисайса,
Ер мінезді Гәккуді-ай!

Кірлер көңіл шат қылмай,
Айтар сәтті таптым ба-ай?!
Туған күні үстінде
Келістіріп айттым ба-ай!
Га-га-га-гак, гәкку- гай,
Көлде жүзген аққудай,
Шіркін, біздің Гәккуді-ай!!!

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий