Бітпейтін даудың қызығы

Ш. Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры биыл жаңа бір серпіліс, ізденіс үстінде. Оған «Шәкәрім», «Тор», «Е.е. Еркіккендер ермегі», «Алдамшы үміт», балаларға арналған «Қорқыт ата», «Күл қыз», «Алдар көсенің дүрбісі» сияқты премьераларды тамашалаған көрермен куә. Міне, енді өнер ордасы «Отбасылық құпия» атты тағы бір комедияның тұсауын кесті.

Өзбек драматургі Иззат Сұлтановтың шығармасының негізгі өзегі – бір отбасындағы келін мен ененің, қыз бен болашақ күйеудің қайшылықты ара-қатынасы. Қарап тұрсаң, «қирап қалған» да ештеңе жоқ. Дау «Осы үйде ең басты адам кім?», «Ең беделді кім?», «Шешімді сөзді кім айтады?» деген менмендіктен ғана басталады. Әйтпесе, басбұзарлық танытып, бұра тартып бара жатқан да ешкім жоқ. Отағасы шал жуастау, оның баласы да ың-шыңсыз өмірді қалайды. Алайда, келін мен ененің бітпейтін ұсақ-түйек дауы мезі қып, олар оны тиюдың амал-айласын іздестіреді. Мұндай оқиға қазақтың шаңырағында да бола бермей ме? Әрине, солай. Бірақ, режиссер Болат Абдрахманов басқаша шешім қабылдапты. Бұған дейін өзге елдер шығармаларындағы ке-
йіпкерлер кейпі басқа болғанмен қазақша сөйлемеуші ме еді? «Отбасылық құпияның» рөліндегілер көбіне өзбекшелеп жүреді. Иә, «Ана тіліміз онсыз да қанатын кеңге жаймай отырғанда, тілді шұбарлап…» деп таусылатындардың табылып қалары сөзсіз. Бұл жерде гәп басқада болып тұр. Режиссер бір сәт тіл мәселесінен сәл шегініп, оқиға мен идеяны алға шығарған іспетті. Мақсат – отбасының берекесін сақтау. Жыл сайын қосылған әрбір жүз жұптың елуі ажырасып жатқан Көкшетау үшін бұл проблеманы көтеру орынсыз деп қалай айтарсыз?! Күні кешелер ғана жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да ұлттық құндылықтарды сақтау жан-жақты айтылмап па еді? Айырылысу салтымызда бар ма еді? Отбасында келіннің үлкенмен жағаласып, таласуы болып па еді? Қойылым осы мәселені алға шығарса, оны жөн емес дей алмаймыз.
Керісінше, бұл тұста режиссердің ұтқаны да байқалады. Біріншіден, көрермен бірен-саран өзбекшені түсінбейді емес, түсінеді. Туыстас тіл. Екіншіден, бірер сағат көрші елге барып, тұрмыс-салтын көріп, әңгіме-дүкенін естіп, әнін тыңдап қайтқандай әдемі әсерде боласың. Сахнаның безендірілуі, жағымды ән, әуен, костюмдер ала телпекті көршілерді жазбай танытады. Басқа көрініс, тың әсер. Көңілде «Нендей өзгешеліктері немесе бізге қандай жақындықтары бар екен?» деген қызығушылық оянады. Шындығында шығарма қазақ тіліне толық аударылған. Мәтін қолда. Қайталап айтарымыз, театр сахнадан үнемі қойыртпақ тіл ұсынсын демейміз. Алайда, идеяны көрерменге жеткізудің тиімділігін арттыра түсу мақсатында бұл тәсілді ғасырда бір қолдануға болатын да шығар. Оның үстіне өзбек ағайынның кейбір сөйлеу машықтарының қызық көрінетіні рас. Еліміздің оңтүстігінде тұратын ағайын «өзбек – өз ағамыз» деп кей сөзін күлкі үшін қосып сөйлейтіні бар ғой.
Тіл туралы тәптіштеуімізді осы-мен доғарып, қойылымға көшейік. Сахнадағы оқиғаның өрбуі, комедияға тән тосын қылық, қимылдар көрерменді оқтын-оқтын күлкіге батырып отырды. Адал сезім, романтика мол. Көлбеңдеген бір-екі көбелек деталь ретінде көп нәрседен хабар беріп тұр. Әсіресе, ана рөлін сомдаған Жанар Құсайынова өз образына мықтап еніпті. Нағыз би бәйбішенің өзі! Жүріс-тұрыс, мінез-құлық ерекшелігі айқын. Дауыс ырғағы бөлек. Айбынды да, аңқау. Құбыла қалуы тез. Көрерменін иландырып, үйіріп әкетті. Әке рөліндегі Қайрат Мырзаболатов та жаңа бір бейне әкелді. Атайдың «талай жылдар бойы» қалыптасқан өзіне тән әдеттері, мінезі бар. Бұрын өзі сомдаған небір қаныпезер хонтайшы, келісті тарихи тұлғалары, немесе, «Анамның ақ көйлегіндегідей» ауруы қинаған соғыс ардагері сияқты емес, мүлдем басқа кейіп. Тәжірибе жемісі, ізденіс нәтижесі көрініп тұр. Жас әріптестеріне бұл актерлерден үйренер нәрсе көп.
Ал, жастарға басты рөлдерді беру театрдың биылғы маусымдағы тағы бір жаңалығы деп түсінеміз. Талап мықты, дайындық мол болған соң жастар да сан соқтырып, өкінтіп жатқан жоқ. Керісінше тез жетіліп, тез пісіп, мықтылар қатарын толықтыра түсуде. Бұл жолы кү-йеу жігітті сомдаған Асланбек Шайсұлтанов өзінің еркіндігі, сергектігімен көрерменнен қолдау тауып, құрметіне бөленді. Дегені болмай аласұрған оның кейіпкерінің жан-дүниесі сезіліп-ақ тұрды. Отбасының ұлын сахналаған Ұлықпан Қайратовты да режиссер дәл таңдаған екен. Жүгін жаңылмай алып шықты. Келін мен қыз рөлдері әлі де ашыла түсуді керек ететіндей. Кем ойнап, кері тартып тұрмаса да жетіле, айшықтала түскені абзал деп түйдік.
Жалпы, қойылым тартымды, көңілді. Күлдіре отырып ой салады. Іссіз қалып, неғыларға білмей абдыраған кейіпкер жоқ. Барлық қимыл-әрекет мұқият қарастырылған. Біресе шашу шашып, біресе сауал салып, біресе аралап кетіп, көрерменді оқиғаға араластырып та отыр-ды. «Иә, биыл жаңа қойылымдар да көп, бірақ саралау барысында да көп жұмыс жасалуда. Асығыс ұсынылып, қойылып жатқан пьеса жоқ. Бүгінгі «Отбасылық құпияның» жаңағы тіл мәселесі де талқыланған… Тек ересектер емес, балаларға арналған шығармаларға да үлкен талап қойып, жүйелі жұмыс істеуге тырысып жатырмыз», – дейді театр директоры Мұратбек Оспанов өз пікірімен бөлісіп. Үздіксіз ізденіс, төккен тердің текке кетпесі белгілі. Сахнадағы тың серпілістер мен жалаулаған жаңалықтардың көрерменді де бейжай қалдырмасы кәміл. Ендеше, істеріңізге сәттілік, көрермендеріңіз көп болсын!

Серік Жетпісқалиев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс