Бүгінгі Көкшетау: қарқынды даму, елеулі өзгеріс!

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын нақтылы іс бағдарламасы ретінде қабыл алған көкшетаулықтар оны жүзеге асыруда белсенділік танытып отыр. Облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен 10 ақпанда «Достар» мәдениет сарайында қала әкімі Ермек Маржықпаевтың 2016 жылғы облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2017 жылғы алда тұрған міндеттер жайлы тұрғындар алдындағы есепті кездесуі өтті. Бұл жиынға облыс орталығындағы мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, мәслихат депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткізілетін әкімдер есебі тұрғындарды толғандырған әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне ықпал етіп келеді. Атқарылған жұмысқа баға берілетін осы кездесудің аса маңыздылығын түсіне отырып, облыс орталығының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарларға тоқталуды жөн көріп отырмын.

Өткен жылы қаладағы өндірістік кәсіпорындар 89,8 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 10 миллиард теңгеге артық. Қала қазынасына 33 миллиард 257 миллион теңге түсті, бұл жоспар бойынша 100,7 пайыз. Былтыр облыс орталығында 127,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, әсем ғимараттар бой көтерді. 

Экономиканың негізі болып табылатын өнеркәсіп өндірісі жоғары қарқынмен дамып келеді. Өткен жылы қаладағы өндірістік кәсіпорындар 89,8 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 10 миллиард теңгеге артық. Индустрияландыру картасы шеңберінде 4,2 миллиард теңгенің 3 жобасын іске қосу арқылы 300 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туды. Қала шаруашылығы көп салалы. Сонымен, Көкшетау қаласы тұрғындары үшін өте пайдалы да маңызды жобалар қолға алынғалы отыр. Қалада 3 миллиард 683 миллион теңгенің 3 жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Аталған кәсіпорындарды 2018 жылы іске қосу жоспарланған, нәтижесінде 196 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«Вектор» комбайн зауыты, «Kazhydro», «Kokshetau ortoelec-tronics» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты 4 жобаны іске қосу көзделіп отыр. Көкшетау қаласы бойынша аймақтық индустрияландыру картасына 21,7 миллиард теңгенің 19 жобасы енген. 1357 жұмыс орындары ашылады деп жоспарланған. Сонымен қатар қосымша 9 әлеуметтік маңызы зор нысандар пайдалануға берілді. Олар: «КДЛ Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы, алкоголь өнімдерін шығаратын «GrandRoyalBottlers» ЖШС, «Greenwich Hotel» төртжұлдызды қонақүйі және сауда орталықтары. Сондай-ақ, басқа да шағын және орта кәсіпорындарды атауға болады. Жаңа өндірістердің ашылуы тек қана салық түсімін ғана емес, оған қоса жаңа жұмыс орындарының қалыптасуына жол ашатынын бәріміз де жақсы түсінеміз. Өнеркәсіпті дамытпай, табысқа қол жеткізілмейтіні белгілі. Күн санап көркейген қалада халыққа өз қызметтерін ұсынған шағын және орта бизнесте де ілгерілеушіліктер байқалады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында өткен жылы аймақтық үйлестіру кеңесі 4,1 миллиард теңгенің 41 жобасын мақұлдады. Мұның өзі бизнесті қолдау және дамыту мақсатында мемлекет тарапынан жағдай туғызылып жатқандығының айқын көрінісі деуге болады. Осы ретте біздің кәсіпкерлер экономикалық қана емес, әлеуметтік мәселелерді де шешуге ынталылық танытулары тиіс. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 30,2 миллиард теңгені құрады. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1,8 миллиард теңгеге артық.
Қала қазынасына 33 миллиард 257 миллион теңге түсті, бұл жоспар бойынша 100,7 пайыз. Халықтың тұрғын үйге деген сұранысын өтеудің бір жолы – құрылыс қарқынын дамыту болса, өткен жылы тұрғын үй құрылысы саласында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Былтыр облыс орталығында 127,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, әсем ғимараттар бой көтерді. 2015 жылы 124,4 мың шаршы метр үй тұрғызылды. Жас отбасылар, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары баспанамен қамтылды. Қалада Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің барлығы тұрғын үймен қамтылды. 45 жетім бала баспанаға қол жеткізді. Қала халқы соңғы 3 жыл ішінде 21 көппәтерлі тұрғын үйі бар «Сарыарқа» шағын ауданы бой көтергенінен хабардар. Аталған құрылыс жұмыстары биыл да жалғасын табады. Бүгінде көппәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. (45 пәтерлік 3 үй, 18 пәтерлік 2 үй). Оның құны 1,4 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ, 2017 жылдың бюджетінде 9 қабатты 35 пәтерлік тұрғын үй құрылысына 295 миллион теңге қарастырылып отыр. Бұдан басқа Неке сарайы, шіркеу құрылыстары, «Революция күрескерлері» мәдениет және демалыс паркі қала келбетін ашары сөзсіз. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Красный Яр селосында блоктық-модульдық қазандық салынды. Қопа көлінің маңайындағы тұрғын үйлердің, «Васильковка» мөлтек ауданының солтүстігі, Біржан сал-Менжинский-Құсайынов-Солнечная, «Бірлік» мөлтек ауданындағы көшелердің инженерлік желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Екі жылда «Нұрлы жол» бағдарламасының барлық жобаларын іске асыруға 3 миллиард теңге қаражат бөлінді. Білім беру саласындағы басым бағыт – мектепке дейінгі ұйымдарды көбейту және мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту. Биыл Көкшетау қаласында «Көктем» мөлтек ауданында 208 орындық және Застанционный поселкесінде 240 орындық жаңа балабақшалар салынады. Сонымен қатар 295 орынға ла-йықталған 5 жекеменшік бөбекжай бой көтерді. Оның біреуі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынды. Бұл жұмыстар кезең-кезеңмен шешуді талап етеді, сондықтан облыстық бюджеттен 2017 жылға қарастырылған қаржыға (200 миллион теңге) Әуезов пен Темірбеков көшелерінің қиылысында 280 орындық балабақша құрылысын бастауға ықпал етпек. Мектептердегі бала санының көптігін шешу мәселесі де өзекті. Республикалық бюджеттен бөлінген (1 043,1 млн. теңге) қаржыға 900 орындық мектеп, №18 мектептің жанынан (375,3 млн. теңге) қосалқы ғимарат құрылысы қолға алынбақ. Сондай-ақ, Красный Яр трассасы бағытында 50 млн. теңгеге оқу-тәрбиелік кешенін салу жоспарланып отыр. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. Осы бағдарлама арқылы 1646 адам жұмысқа орналасты. Экономиканың барлық салаларында 1910 жаңа жұмыс орны ашылды. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру ойдағыдай. Өткен жылы оған 480 адам қатысты. Еңбек нарығындағы жағдай үнемі бақылауымызда екенін айта кетейін, соған орай қалалық әкімшілік, жұмыс беруші және кәсіподақ арасында өндірістік процестерді тұрақтандыру, еңбек құқығын қамтамасыз ету және еңбеккерлерді жұмыспен қамту мәселелерін тұрақтандыруға қатысты 2277 Меморандумға қол қойылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде еңбекпен қамту қызметінің ықпалымен 1900 адам (1874) жұмысқа орналасты, бұл шамамен жоспардың 203,7 пайызға орындалғанын көрсетеді немесе 2015 жылдық деңгейге қарағанда 129,6 пайыз. Экономиканың барлық саласында 1910 жұмыс орны құрылды. Коммуналдық сектордың жұмысы халық үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Абылай хан даңғылы мен Горький көшесін абаттандыру жұмыстары аяқталды (139,6 млн. теңгеге «Раза Строй» – ЖШС келісімге қол қойылды), сондай-ақ, жұмыстардың бірінші кезеңі «Васильковка» мөлтек ауданында да аяқталды («Көкшетауавтодор» ЖШС 426,1 млн. теңгеге 2 жылдық келісім жасалды, бұл мақсатқа 2016 жылы 285 млн. теңге қарастырылды). 15 балалардың ойын алаңы (29,8 млн. теңге), 11 спорт алаңы (48 млн. теңге) және 9 аула алаңдары (123 млн. теңге) салынды. Капцевич көшесін жөндеу жұмыстары аяқталды. (ОБ-805,9 млн. теңге). Мұнымен қоса 665,5 млн. теңгеге Абылай хан даңғылында, Уәлиханов, Ақан сері, Пушкин, Әуелбеков, Мир, Сүлейменов, Әуезов көшелерінде ағымдық жөндеу жұмыстары жасалды. Сондай-ақ, «Жансая», «Көктем», «Бірлік» шағын аудандарында тротуарлар мен жаяу жүргінші жолдары қалыпқа келтірілді. 100,9 млн. теңгеге жеделсатыларды (лифтерді) орнату жұмыстары да аяқталып қалды.
Біздің облыс орталығының сыртқы келбетіне ерекше мән беріледі. Қала тұрғындары дем алатын Даңқ Аллеясы, Тәуелсіздік алаңы, Ауғандықтар Аллеясы, қалалық саябақ, Қопаның жағажайы да жаңарып қалды. Тәуелсіздік мерекесіне орай Сәдуақасов көшесінің бойында жаңа аллея пайда болды, ол қазірдің өзінде тұрғындардың сүйікті орнына айналуда. 20 үйдің қасбеті жөнделді. Коммуналдық кәсіпорындар мен бизнес саласының арқасында өткен жылы ағаш отырғызу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, соның нәтижесінде 10 мыңның көлемінде ағаш отырғызылды. Аталған жұмыстар биыл да жалғасын табады. Биыл қалалық бюджеттен 582,9 млн. (оның ішінде об. бюд. 50 млн теңге) теңге бөлінді, бұл қаржыға 12 спорттық және 16 ойын алаңдары, аулалар қалыпқа келтірілмек. Трансферттер есебінен облыстық бюджеттен бөлінген 800 млн. теңгеге «Юбилейный», «Центральный», сондай-ақ, «Васильковка» мөлтек аудандарының аулаларын жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Қаланы көгалдандыру шаралары да жалғасын табады, биыл оған 130,0 млн. теңге және кварталіші аумақтарын жарықтандыруға 28 млн. теңге қарастырылды. Жеделсаты (лифт) шаруашылығын қалыпқа келтіру (230 млн.теңге) және жер учаскелерін сатып алу (550 млн. теңге, соның ішінде ОБ-200 млн. теңге және ҚБ-350 млн. теңге) жұмыстар жалғасады. Жолдардың жағдайын жақсартуға 2 млрд. теңге бөлінетін болады. Инфрақұрылымды ары қарай дамыту мақсатында қаржы қарастырылды (273,2 млн. теңге), бұл Застанционный поселкесінің жылу магистралін қайта құруға, сондай-ақ, Әуезов көшесінің инженерлік желілері мен Әуезов көшесіндегі 108 пәтерлік үйді абаттандыруға (240 млн. теңге) жұмсалмақ.
Құрметті кездесуге қатысушылар! Біздің сүйікті қаламыз өзінің көрсеткіштері бойынша әрі қарай дами түсетін болады. Оған біздің әлеуетіміз жетеді және мемлекет тарапынан қолдау бар. Бұл Ақмола облысы орталығының экономикалық және қоғамдық-саяси өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.

Қызу қолдау, құнды ұсыныстар

Қала әкімі Ермек Маржықпаевтың есепті баяндамасында көтерілген өзекті мәселелер жарыссөзге қатысқан адамдардың ұсыныс пікірлерінде де қолдау тапты.

«Көкшетау минералды сулары» ашық акционерлік қоғамының жетекшісі Станислав Максимец төрт бірдей жаңа өндірістік торап іске қосылуының нәтижесінде еңбек өнімділігі екі есе артып, былтыр 98 миллион шыны сусын шығарылғандығын айтты. Жергілікті бюджетке 10 миллиард теңге салық төленді. 

Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Қали Ахметов өткен жылдың соңында жұмыссыздарды ресми тіркеу деңгейі 0,1 пайыз болғандығын мәлімдеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 11 кәсіпкер шағын несие алды. Облыс әкімі жасаған ескертуге жүгінсек, қаламызда мүгедектерді қоғамдық жұмысқа тартуда іркілістер орын алған.

Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналған емхананың бас дәрігері Бағила Закрина облыс әкімінің гранты бойынша медициналық жоғары оқу орындарында оқып жатқан 217 адамның 33-і көкшетаулықтар екендігін айтса, №1 орта мектептің директоры Мариям Қалиева оқушылардың білім деңгейін көтеруге ықпал ететін синергетика әдісінің маңыздылығын атап көрсетті.

«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сансызбай Мұқитанов қала әкімінің баяндамасында қол жеткен жетістіктердің жан-жақты сараланғандығын айта келе, өз тарапынан мынадай ұсыныс жасады: Абай көшесінің бойындағы бұрынғы механикалық заводтың бақшасы абаттандырылып, С.Сәдуақасов атындағы көше бойындағы жаңа сквер даңқты жерлесіміз Еркін Әуелбековтың есімімен аталып, осы жерде оның бюстін орнату. Облыс әкімі бұл ұсынысты қуаттап, таяуда оның нақтылы шешім табатындығына уәде берді.
Педагогика ардагері Галина Марченкова №1 орта мектеп жанынан қосымша ғимарат салу жағын қарастыруға тілек білдірді. Өйткені, бұл мектепте оқитын оқушылар саны жыл сайын көбейіп келеді. Шәкірттердің терең білім алуы үшін оларға алдымен қолайлы жағдай жасауымыз керек қой. Қала әкімі Ермек Маржықпаев өз тарапынан жобалық-сметалық құжаттың жасалып жатқандығын мәлім етті.

Жолаушы тасымалы ассоциациясының төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Рүстем Қалышев:
Наурызбай батыр атындағы көше жөнделсе, Уәлиханов және Ақан сері көшелеріндегі жолаушы транспортының тасқыны біршама сейіледі деген пікір білдірді. Сонымен бірге Абылай хан даңғылын тікелей байланыстыратын Ғабдуллин көшесіндегі жөндеу жұмыстарын жалғастыру керектігін айтты. Облыс әкімі Сергей Кулагин: Ғабдуллин көшесін толық көлемде жөндеуден өткізу үшін алдымен көпір салу мәселесін онтайлы шешуіміз қажет. Ол үшін тез арада жобалық-сметалық құжаттарын дайындау керектігін ескертемін.

Қала әкімінің есепті кездесуінен репортажды дайындағандар Серік САПАРҰЛЫ, Әсем ЖҮНІС.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс