Бүгінгі ұран: серпінді еңбек

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев 18 қарашада Әуелбеков көшесі бойында салынып біткен 9 қабатты жаңа отельді аралап көріп, құрылыс жұмыстарының сапасына жоғары баға берді. Мұнда қала тұрғындары мен меймандарға сервистік қызмет көрсететін VIP-бөлмелері мен итальяндық мейманхана, осызаманғы караоке жұмыс істейді. Жаз айларында террасқа шығып, қаланы тамашалауға болады. Ал, 21 қарашада қала мекемелері басшыларымен өткізген кезекті жиынын қала әкімі Ермек Маржықпаев бұл жолы да жылу беру жүйесінің жай-күйімен танысудан бастады. Оған себеп жылдағыдан ерте түскен қатты аяз, үскірік жел. Кенет түскен көктайғақ та әбігерге түсірді.

Алайда, «Көкше Жылу» кәсіпорнының жетекшісі Сергей Жуковтың мәлімдемесіне қарағанда, қаланың қай бұрышында болмасын құбыр жарылу немесе жылу берілмеу сияқты келеңсіздіктер орын алмаған. Бу қазандықтары, желі-жүйелер талапқа сай қалыпта жұмыс жасап тұр. Алға қарай да алаңдарлық ештеңе жоқ. Қала басшысы қар шығару, көше тазалау, қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемелер басшыларының да жұмыстарын талқылап, тапсырмалар берді. Шаруашылық жайын пысықтаған соң, әкім алда келе жатқан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өтетін шаралар жайына тоқталды. Басталғалы отырған «Жиырма бес жұлдызды күн» шарасының сапасы мен мәні, мерейтой қарсаңында ашылатын айшықты нысандар, жалпы қаланың мерекеге орай лайықты безендірілуі, банерлер, көрнекі үгіт-насихат жайын сөз етті. «Сондай-ақ, барлық мекемелер, еңбек ұжымдары серпінді қызмет етіп, ұлағатты мерекені лайықты табыстармен, жақсы көрсеткіштермен қарсы алуға жұмылуға тиіс», – деді жиынды қорытындылаған Ермек Маржықпаев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс