Бүгінгі ұран: қарқын мен сапа, еңбек өнімділігі

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев 12-16 мамырда жұмыс бабындағы сапармен облыс орталығында салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарда, жөнделіп жатқан көшелерде болып, істің жайымен егжей-тегжейлі танысты, тиісті мамандарға қаланы абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау жөнінде нақты тапсырма берді. Онымен бірге қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса болды.

DSC_8635

Қопа көлінің жағалауында салынып жатқан Неке сарайының бірінші қабатының іргесін қалау басталды. Металл конструкциялар монтаждалып, басқыштар жасалуда. Құрылыс жұмысы белгіленген кестеден озық жүргізілгенімен шілде айында жергілікті бюджеттен бөлінген 270 миллион теңге қаржының толық игерілетін түрі бар. Жұмыс қарқынына көңілі толған қала басшысы жұмыс сапасын жақсартуға жете көңіл бөлді. Құрылысшылар мен инженерлердің біліктілігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалмауға тиісті. Осындай ұсыныстар айта келе, қала әкімі қысқа дейін аталған нысанға коммуникациялық желілерді толығымен тартуды тапсырды. Сонымен бірге, осы маңдағы жекеменшік үйлерді де тезірек бұзу керек. Өйткені, абаттандыру жұмыстарын кең көлемде жүргізуге қиындық туғызуда.
«Көктем» мөлтек ауданында салынып жатқан 280 орындық балабақша биылғы жылы пайдалануға берілуге тиісті. Алайда, мұнда жүргізіліп жатқан әрлендіру жұмысына көңілі толмаған қала әкімі құрылысшыларға, мамандарға қатаң ескерту жасады. Мектеп жасына дейінгі мекеме болғандықтан оның ажары басқаларға үлгі-өнеге болуға тиісті. Сол себепті орын алған кемшіліктерді тезірек түзету қажет. «Мармар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары бұл ескертуді құп алды. Сонымен бірге барлық инженерлік тораптар мен су құбырларын мерзімінде тартуға уәде берді.  Қопа көлінің М.Горький көшесі жағалауындағы жағажайда әкімдіктің белсенді қызметі арқасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірқатар ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Былайша айтқанда, жазғы суға шомылу науқанына дайындық кең қанат жайған. Коммуналдық қызмет кәсіпорындары коммуникациялық желілерді тартумен, ал бизнес өкілдері оны абаттандыру және санитарлық тазалықпен айналысуда. «Гранд Спорт» сауда кешенінің директоры Рыскүл Арыстамбаеваның айтуына қарағанда, биыл жағажайда құрал-жабдықтарды прокатқа беретін пункт ашылып, келушілерге қоғамдық тамақтандыру қызметі көрсетіледі. Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында жаз айларында көл жағалауында күннің қызуынан қорғалатын шатырлар, дем алатын орындықтар орнатылып, су аттракциондары жұмыс істейтін болады. Кәсіпкерлердің құлшынысын жоғары бағалай келе, қала әкімі өз тарапынан 10 спорт алаңын абаттандыру жөнінде ұсыныс жасады. «Боровской» мөлтек ауданында «РегионСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үй құрылыс комбинаты тоғыз қабатты панель үйдің іргетасын қалауда. Бұл нысан компанияның өз қаражатына салынуда. Оның құрылысы аяқталғаннан кейін пәтерлер «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жалгерлік негізде сатылады.

DSC_8667Құрылысшылар уәдесінде тұрса, бұл нысанды қысқа дейін аяқтамақшы екен. Қала әкімі істің барысымен таныса келе, құрылысшыларға сәттілік тіледі. Сапар соңында қала әкімі және онымен бірге болған ведомстволардың жетекшілері Уәлиханов көшесіндегі және осы маңдағы тұрғын үй аулаларын жаяу аралап көрді. Жолшыбай дүкендерге, дәмханаларға зер салып, олардың сыртқы безендірілуіне назар аударды. Орайы келген жағдайда кәсіпкерлерге, коммуналдық қызмет жетекшілеріне сауда нүктелерін жөндеу, сырлау, оның маңын абаттандыру жөнінде тапсырма да беріп жатты.
Қала басшысы алдымен Чернобыль апатын жоюға қатысушыларға арнап тұрғызылып жатқан ескерткіш құрылысын көрді. Жолға төселетін өрнектастардың түр-түсіне, үйлесімділігіне мән беру қажеттігін айтқан қала басшысы айналадағы ағаштарды қиып, гүлдер егуді, кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбетін ретке келтіруді тапсырды. Бұдан соң қала әкімі гуманитарлық-техникалық лицейде болып, педагогикалық ұжымның атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Мектептің ішкі безендірілуі жұтаң көрінді, күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы ретте Е.Маржықпаев бірінші кезекте оқушыларға жағдай жасау қажеттігін, ҰБТ бойынша оқушылардың білім сапасы мен дайындығын арттыру қажеттігін қатаң тапсырды. Қала басшысы Капцевич көшесі бойындағы жол құрылысын бақылап, айналаны ретке келтіруді, абаттандыруды тапсырды. Сала басшыларына жұмыстың барынша сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімінде аяқтауды тапсырды. – Біздің жұмыс қай жағынан алып қарасақ та барлығына жариялы түрде болуы керек. Тұрғындар атқарушы билік немен айналысып, қандай түйткілді мәселелерді шешіп отырғанын білуі тиіс, – деді қала әкімі Е.Маржықпаев. Сапар барысында тұрғындардың аула тазалығына деген немқұрайлылықтарын, олардың кез келген жерге қоқыс қалдықтарын тастап кететіндігін байқадық. Жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Капцевич көшесі, 201 үйдің бесінші қабатында тұратын тұрғындардың бірі қоқысты балконнан тастай салғандығын көзіміз көрді. Онысы қоқыс жәшігіне түспей, ағаштарға ілініп тұрды. Осы жерде қала әкімі қаланың қоқыстан арылмауы қала халқының өзінен болып отырғандығын ашына баяндады. Тұрғындардың тазалық мәдениеті әлі қалыптаспаған, тазалыққа үлкен мән беретін болса, мұндай өрескелдікке жол берілмес еді. Бұл күні қала әкімі гемодиализ кешені мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті студенттеріне арнап салынып жатқан жатақхана құрылысының жұмыстарымен танысты.

Әсем Жүніс

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс