Бұқпадағы бақылау алаңы тәртіпке келтіріледі

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев пен қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса Бұқпа тауындағы бақылау алаңын аралап көрді.

Жастар мен туристердің, қала тұрғындарының көп жиналып, облыс орталығының әсем келбетін сүйсіне қарайтын осынау бақылау алаңын тәртіпке келтірудің қажеттігі туындап тұр. Өйткені, соңғы жылдары иесіз қалғандықтан бұл жердің санитарлық тазалығы мүлдем төмендеп кеткен. Ара-тұра жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен орындықтар, металл қоршаулар, электр жарықтары сынып біткен. Бұрындары осы маңдағы «Шаңырақ» мейрамханасы жұмыс істегенде күзетшілер төңіректегі тәртіпті бақылауға алушы еді. Қазір мұндай мүмкіндік жоқ. Қалыптасқан жағдайды тез арада түзету үшін қала әкімі тиісті коммуналдық қызметке металл қоршауларды, жарықты қайта қалпына келтіруге тапсырма берді. Қосымша ағаш отырғызу мүмкіндігі де қарастырылмақ. Жұмыс бабындағы сапар барысында Ермек Боранбайұлы жаз айында іске қосылуға тиісті «Қазақстандық аграрлық-инновациялық корпорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің индустриалды паркінде болды. Белоруссияның «Бобруйскоагромаш» және «МТЗ» ашық акционерлік қоғамдарымен бірлесе жұмыс істейтін бұл кәсіпорын жылына бір мың бірлік ауылшаруашылық және коммуналдық техникаларды шығаруға бейімделген. Жобаның жалпы құны – 1,3 миллиард теңге. Индустрияландыру картасына енгізілген бұл кәсіпорында келешекте 100 адам жұмыс істейтін болады. Компанияда болған кезінде қала басшысы офистік ғимараттағы және асханадағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, құрастыру цехын аралап көрді. Бұдан кейін қала әкімі солтүстік өндірістік аймақта салынып жатқан «Grand Royal Bottlers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ликер-арақ заводының құрылысында болып, өндірістік цехтарды аралап, кәсіпорынның территориясын абаттандыруға назар аударды. Бұл кәсіпорынның жылдық жобалық қуаты –сағатына 8-12 мың шыны шығару. Мамандардың алдын ала жасаған болжамына қарағанда, қала бюджетіне 138 миллион теңге акциздік түсім түседі екен.

                          ***

                          Әр тапсырма уақытында
                            тыңғылықты орындалуы тиіс

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті мәжілісінде «Тапсырмалардың орындалуы туралы» мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі бұл мәселе бойынша баяндама жасаған қала әкімдігінің аппарат жетекшісі Е.Тұшанов тиісті қаулыға сәйкес  берілген тапсырмаларды кейбір бөлімдер басшыларының көрсетілген уақытта орындамайтынын, атқарған істері туралы дер кезінде мәлімет түсірмейтінін сынға алып, әлі де жауап бермеген мекемелерді жария етті. 

Бұл тізімде ауылшаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдері бар. Қала әкімі Е.Маржықпаев орындалмаған әр тапсырма бойынша сол мекемелер басшыларын орындарынан көтеріп, себеп-салдарын сұрады. Құжаттарды жазу, жолдауда да әлі күн түсінбеушілік бар. Кез келген жауап әкім атына жазылуы тиіс және оның орындалу мерзімін ұзартуға тек әкім ғана құқылы. Одан кейін қала басшысы күнделікті мәселелерге тоқталды. Ағаш отырғызылатын орындар анықталған схемаға сәйкес шұғыл түрде дайын болуы керек. Қала ішіндегі 246 гараж талапқа сәйкес басқа орынға көшірілуі керек. Кей көшелер мен тротуарларда әлі күнге тазаланбаған, қыс кеткелі күрек тимеген орындар бар. Барлық жолдар, олардың жиектері тиянақты тазалансын. Жол үстіндегі белгі-жолақтар жаңғыртылуы тиіс. Тек, жақын арада жөнделетін жолдарға жолақ салудың қажеті жоқ. Ертең-ақ қайта бұзылады. Оларға жөндеу жұмыстары біткен соң анықтау сызықтары түсіріледі. 30 сәуірге белгіленген тазалық сенбілігі аса ұйымшылдықпен өтуі керек. Өйткені, мұның алдындағы сенбілікті талапқа сай өтті деуге болмайды. Кезекті жиынды осылай қорытындылаған қала әкімі сала жетекшілеріне орындаушылық тәртіпті күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

***

Бюджет пысықталып,
комиссиялар бекітілді

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен 26 сәуірде алтыншы шақырылған Көкшетау қалалық мәслихатының кезектен тыс екінші сессиясы болды. Сессия жұмысына қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса қатысты.

Депутат Владимир Шиманскийдің төрағалығымен 26 сәуірде болған қалалық мәслихаттың кезектен тыс екінші сессиясында «2015 жылғы қала бюджетінің орындалуы туралы», «2015 жылы «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы», «Көкшетау қаласының тұрғындарына медициналық станционарлық көмек көрсету туралы», «2016-2018 жылдарғы қала бюджеті туралы» Көкшетау қалалық мәслихатының 2015 жылғы 24 желтоқсандағы №С-44/3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе қаралып, Көкшетау қаласы қаржы бөлімінің жетекшісі Г.Құсайынованың, Көкшетау қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Г.Қаппасовтың, қалалық аурухананың бас дәрігері С.Кәкеновтың және Көкшетау қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Шұқатованың баяндамасы тыңдалды.  Сессияда сондай-ақ, 2016 жылы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамту, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешенінде жұмыс істеуге және селолық елді мекендерде тұруға келген мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету шаралары,  Көкшетау қаласының жекелеген мұқтаж азаматтарына әлеуметтік көмек көрсету және оның көлемін тағайындау ережесін бекіту, табысы аз отбастарына тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау, «Көкшетау қалалық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесіндегі «Б» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жыл сайынғы қызметіне баға беру әдістемесі талқыланып, бекітілді. Депутаттар сондай-ақ, қала әкімдігі жанындағы тұрақты комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізіп, келесі сессияның күн тәртібін де бекітті.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс