Бұқпа таудағы биікке бастар баспалдақ!

Дертке дауа, саф ауалы көркем Көкшетауда дене шынықтырып, денсаулықты түзеп, көңіл сергітуге қолайлы жерлер көп. Олардың қатарына суға жүзіп, қайық есер іргедегі Қопа көлі, шаңғы-шанамен құлдырай сырғанар жағалай біткен жоталар, ақ қайың көмкерген беткейлер, тіпті шаһардың түзу көшелері мен абаттандырылған алаңқайлары, соңғы кезде көбейе түскен жабдықталған ашық спорт алаңдары жатады. Қолайлы жерлер кімді болмасын спортпен шұғылдануға шақырып тұрғандай. Сондай бір қызықты жер қала шетінен басталатын, Бұқпа тауының басына, «мен мұндалаған» телемұнараға қарай өрлейтін баспалдақ.

Таза ауада сатылап тауға қарай жүгіру, немесе, жүрудің өзі ағзаға салмақ салып, шынықтырар табиғи бір құрал іспетті. Арнайы табиғи бір спорттық снарядтың бірі дерсің! Жақында шетелдік ғалым-дәрігерлердің баспалдақпен түсіп-шығудың жүрек жұмысын жақсартуға жақсы екендігі жөнінде хабар таратқаны тағы бар. «Қолда бардың қадірі жоқ» деуден де аулақпыз.
Өйткені, жыл сайын осы баспалдақпен жүгіріп көтерілушілер арасында жарыс өтеді. Оған қаланың үлкенді-кіші тұрғындары көптеп келіп қатысады. Жарыс бірер сағатта өте шығады. Алайда, оған қатысушы әркім бірнеше ай бұрын осында жиі-жиі келіп, жаттығып, дайындалады. Әйтпесе, дайындықсыз баспалдақпен тауға өрлей жүгіру қиын-ақ. Деміңнің тарылғанына, денеңнің икемге көнбегеніне қарамастан, намысқа басып жұртпен бірге жүгіріп шығуың да мүмкін. Бірақ, ол мүлдем дұрыс болмайды. Ағзаны қинап, салмақ салғаннан басқа пайдасы жоқ. Тіпті, қан қысымың көтеріліп, қиналып қалуың да ықтимал. Ол қауіпті де. Ертеңіне бұлшық еттерің ауырып, аяғыңды баса алмай қалуың да ғажап емес. Сондықтан, алдын ала, бірте-бірте жаттығып, дайындалған жөн. Жайдақ жерде жүргеннен гөрі, аздап кедергілер арқылы, сәл-пәл салмақ сала жүрудің де берері мол.
Жарыссыз, әшейін күнде орта екпінмен арагідік демалып, алып тау басына көтеріліп тұруды дағдыға айналдырсаңыз денсаулығыңыздың жақсара түсері, шынығып, ширай түсеріңіз кәміл. Таза ауамен тыныстап, айналаға жоғарыдан көз салып, өмірі қайнаған қалаға, табиғатқа қарап қызықтау көңіл сергітеді, күйзелістен арылтады. Үлкен қалаларда апталап-айлап көкжиек көрмеу салдарынан күйзеліске ұшырап жатқандар қаншама? Біздің осындай тамаша мүмкіндікті тиімді пайдалануға ұмтылуымыз жөн емес пе? Алматылықтар Медеу мұз айдыны жанындағы селге қарсы қойылған тосқауыл-платинадағы баспалдақты қалай тиімді пайдаланып отыр? Бізде Бұқпа таудағы баспалдағымызды айшықтап, жарнамалап, өз тұрғындарымыздың денсаулығы мен шат көңіл-күйі үшін кеңінен пайдалансақ болмас па? Бәлкім, «Баспалдақ» жарысын жиілете түсу де керек шығар. Бәлкім, әлдебір акциялар өткізіп, сақтық үшін жанына жедел жәрдем, немесе, басқа дәрігерлер шақырып, қажет болса, қан қысымын өлшеп, көмек көрсетерлік жағдай туғызып тұрса. Сөйте-сөйте жұрт дағдыланып, әлдеқандай ауруынан айығып, серпіліп, серги түсер ме еді? Әрбір өткен шарадан кейін сол жүрісті дағдыға айналдырушылар саны арта түсері кәміл. Әйтпесе, жүрек
ауруынан кенеттен қайғылы оқиғаға ұшырап қалушылар қай өңірде болмасын жиіліп бара жатқан жоқ па?…

Қаланың ішінен, шетінен басталар осы баспалдақтың кейде жақсылыққа, болашаққа, биікке бастар жол сияқты көрінері бар. Егер ол баспалдақ тұрғындарға денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй сыйлар болса, шынында да биікке бастар жол болғаны емес пе? «Дені саудың – жаны сау», дені сау, сергек адамның алдына қойған мақсаттарына жетіп, үлкен табыстарға қол жеткізері сөзсіз. Баспалдаққа барып, жоғары өрлеңіз. Жеңісті күндеріңіз жиі болсын!

Репортажды жүргізген Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс