Бұқпа тауындағы баспалдақ Көкшетаулықтардың сүйікті демалыс орнына айналмақ

Дертке дауа, саф ауалы көркем Көкшетауда дене шынықтырып, денсаулықты түзеп, көңіл сергітуге қолайлы жерлер көп. Сондай орындардың бірі – Бұқпа тауының басындағы «мен мұндалаған» телемұнараға қарай өрлейтін баспалдақ. Көкшетаулықтар мен қала меймандарының көзайымына айналғалы тұрған бұл демалыс орнын жасау қала әкімі Ермек Маржықпаевтың ойға алған игілікті ісінің бірі еді. Бұл бастама облыстың жаңа басшысы Мәлік Мырзалиннің тарапынан да қызу қолдау тапты. Күні кеше ғана жұртшылық игілігіне ұсынылған баспалдақ маңында санитарлық тазалықты сақтап, отырғызылған ағаштар мен гүлдерге дер кезінде күтім жасалса екен дейміз.

Көкшетаудың тағы бір ерекшелігі – дәл іргесіндегі бұйра-бұйра қарайғайлары көмкерген Бұқпа тауы. Алыстан қызық іздемей, осы таудың басына қарай көтеріліп, қаланы тамашалайтын алаңқайға апарар бұл баспалдақты «Көкшетаудың бақытқа бастар баспалдағы» деу жөн шығар. Таза ауада, ағзаға аз-кем салмақ салып, жоғары өрлеу, биіктен өзің тұрып жатқан қаланы қызықтаудың денсаулыққа тиігізер пайдасы зор.
«Бүгінде қалада еркін дем алып, сейіл құруға қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұқпа тауына өрлер баспалдақ та қала тұрғындары мен қонақтары үшін тамаша сый дер едік. Маусым айында басталған құрылыс жұмыстары жақында аяқталады. Көл жағалап жаяу жүргінші жолымен сонау қала шетіне дейін барып келуге болады. Горький көшесінен бастау алған жаяу жол жаңадан салынып, жұмысы жалғасуда. Абаттандырылып, субұрқағы сылдыраған Достық үйінің маңайында сырласып, сұхбаттасып жүретін тұрғындар енді бой жазып, қан таратып сол жаңа төселген тротуармен аяңдайтын болды. Көлдің екі бүйірінен жағажай «жайғасып» судың қорқынышы сейіліп, жағдай жасалса, енді көл бетінде демалып, қайыққа отырып, ескек есушілер қатары артады деген үміттеміз», – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шауашылығы бөлімінің бас маманы Елена Суханова.
Қала іргесінен, шеткі көшеден тау биігіне қарай өрмелейтін баспалдақтың болғаны қала тұрғындары үшін үлкен олжа. Оны дұрыс пайдаланып, дағдыға айналдырса, талай аурудың алдын алуға болады. Артық салмақтан арылып, жүрек қағысын түзеп алуға таптырмайтын, табиғи тренажер дер едік. «Баспалдақпен таза ауаны құмарлана жұтып, кең тыныс алып көтерілу, көтерілген сайын өзің тұрып жатқан қала тіршілігін қызықтау көңілге қаншама қуаныш сыйлайды! Ал, ол қуаныштың адам ағзасына сыйлар жақсылығы мол. Денсаулығың мықты, көңіл-күйің көтеріңкі болса, сенен бақытты кім бар? Тек ерінбеу керек. Сонда бұл баспалдақ әрқайсымызға бақыт сыйлайды»,–дейді қала тұрғыны Талап Құсайынов. Қаланың ішінен, шетінен басталар осы баспалдақтың кейде жақсылыққа, болашаққа, биікке бастар жол сияқты көрінері бар. Егер ол баспалдақ тұрғындарға денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй сыйлар болса, шынында да биікке бастар жол болғаны емес пе?

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс