Велосипедшілердің басын қосты

Таза ауада тыныстап, тегіс жолмен велосипедке мініп серуендегенге не жетсін. Ал, бұл демалысың жарыспен байланысты болса, қызығушылығың тіпті артады. Биыл да Көкшенің келбеті келіскен аймағы велосипедшілердің басын қосты. «VeloBurabay»  –  жыл сайын көктемде ұйымдастырылатын облыстағы веложарыстардың шымылдығы іспеттес. Жарысқа кәсіби спортшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер мен қарапайым велосипед әуесқойлары қатысты.  «Мен спортты жақсы көремін, әсіресе, велосипедті. Іс-шара жайлы біліп алған соң дереу тіркелдім. Біз жыл сайын қатысамыз. Тамызда тағы да келеміз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласынан келген Асхат Тұрсынғазиев.    Веложарыс кезінде қатысушылар полиция және медицина қызметкерлерінің бақылауында болды. Бұл әуесқой спортшылардың қауіпсіздігінің басты назарда болғандығын көрсетеді. Бұдан бөлек, велосипедшілер  жарыс жолына жетерлік ауыз сумен қамтамасыз етілді. «Жалпы, Қазақстанда велоспорт барған сайын дамып келеді. Біз бұған өте қуаныштымыз. Астанада көптеген велосипед жолдары пайда болды. Келешекте велосипед инфрақұрылымы бұдан да артады деп үміттенеміз.  Және, әрине, біз үкімет тарапынан жаңа бастамалар болғанын қалаймыз, тиісінше, велоспорттың дамуына біз де өз тарапымыздан қолдау білдіруге әзірміз» – дейді астаналық тұрғын Азамат Өстеміров. «Мен  бүгінгі жарысқа ұлыммен бірге келдім. Екеуміз күнделікті жұмысқа велосипедпен барып жүрміз. Осыны әрбір адам өзінің әдетіне айналдырса құба-құп. Себебі, шетелде велосипедпен жасы да, кәрісі де жүреді. Оған ешкім де таңғалмайды. Енді Көкшетау қаласында да арнайы велосипед жолдарын салса, балаларға да, бізге де жүруге ыңғайлы болар еді. Бүгін жарыста жеңу үшін емес, денемізді сергіту үшін келдік», – дейді әкелі-балалы Саян мен Мұрат Сағындықовтар. Былтырғы жылы өткен веложарысқа түрлі аймақтан 400-ден астам қатысушы жиналған болатын. Биыл ауа райының қолайсыздығына байланыс-ты екі жүзге жуық адам қатысуға өтінім берсе, оның  жүзге жуығы жарыс жолында бақ сынады.

Ұйымдастырушылар велоспортшылардың жарыс алаңына дейін тегін баруына мүмкіндік туғызды. Жеке велосипедтері жоқ адамдар екі доңғалақты көлікті шара барысында жалға алды. Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың тамыз айында осындай веложарыс бұдан да ауқымды көлемде өтетін болады.

«Біз бұл шараны екінші рет ұйымдастырып отырмыз. Турнир туристік маусымның ашылуына арналған. Біз көптеген қатысушылар жиналғанына қуаныштымыз. Велоспортшылар бірнеше қаладан келді. Менің ойымша, маусымның ашылуы дәстүрге айналды және өңірімізде велоспорт даму үстінде»,– дейді облыс әкімінің орынбасары Марат Иғалиев.

Ақмола облысының тұрғындары өздерінің марафонға қатысуы арқылы салауатты өмір салтын ұстанатындықтарын дәлелдеді. Марафоннан кейін қатысушыларға арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий