Газет жүлдесі үшін бақ сынасты

DSC_0548

Жеңістің 73 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері күні құрметіне қалалық «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінің жүлдесі үшін жеңіл атлетиканың негізгі түрі – жүгіруден дәстүрлі эстафета өтті.  Спорттық киімде келген Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев эстафетаны құттықтау сөзбен ашып, өзі де жүгіріп өтті. Шаһар басшысымен бірге қашықтықты бағындыруға қалалық ведомстволардың жетекшілері, мәслихат депутаттары, облысымыздың атақты спортшылары Мереке Жүсіпов, Руслан Мусинов, Илья Илин, Евгений Мелешенко, Татьяна Осипова, қос басылымның ұжымы мен өзге де еріктілер қатысып, бақтарын сынады.

Облыс орталығында жеңілатлетикалық эстафета осыдан 71 жыл бұрын бастау алған болатын. Содан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Осынау игі шара жеткіншектер мен жастардың жеңіл атлетикаға деген құмарлығын одан сайын арттыра түсуде. Бұл жолғы жеңілатлетикалық эстафетаға 800-ге жуық Көкшетау қаласындағы жоғары, арнайы орта оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерінен құралған спортшылар қатысып, бақтарын сынады.

– Көрікті қаламызда бұқаралық спортты дамытудың игі дәстүрі қалыптасқан. Қалалық газеттер жүлдесі үшін ұйымдастырылып отырған эстафета сондай игілікті шаралардың бірі. Сондықтан салауатты өмір салты бүгінгі күні көкшеліктер арасында үлкен беделге ие. Бүгінгі эстафета сол айнымас дәстүрге айналғаны қуантады. Барлық қатысушыларға жарқын жеңіс және сәттілік тілеймін! – деді салтанатты ашылу рәсімі барысында эстафета қатысушыларын құттықтаған қала әкімі Ермек Маржықпаев.

Эстафета Тәуелсіздік алаңынан Абай көшесі басындағы «Менің Қазақстаным» монументіне дейінгі аралықта өтті. Қыздар арасындағы жүгіруде №1 орта мектептің оқушысы Анеля Берікжанова алдына жан салмай, мәре сызығына бірінші боп жетті. Ерлер арасындағы жарыста №6 орта мектептің оқушысы Мақсат Темірбеков бәсекелестерін шаң қаптырып кетті. Әңгімелескенімізде оның талай жарыстарға қатысып жүргенін білдік. Оқушылар, колледж студенттері мен еңбек ұжымдары арасында №1 орта мектеп, Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжі, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері үздік шықты. Алғашқы кезеңде Антон Герасимов, Рустам Есім, Абылай Шаменов, Гейзе Решка, Юлия Крапивкина, Жұлдыз Ғазизова сияқты қатысушылар қарсыластарынан басым түсті. Қыздар командаларының арасында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің, Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы  колледжі, №1 орта мектеп, қалалық білім бөлімінің ұжымы жүлдегер деп танылды. Спорттық шара асқан ұйымшылдықпен өтті. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер  кубок, диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий