«Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау»

Облыстық  мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева Көкшенің сал-серілерінің шығармаларына құрметпен қарап, оны ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға септігін тигізіп жүрген, еліміздің әр өңірінен келген дәстүрлі әншілерге арнайы сыйлықтар тарту етті. Өнерлі орданың 70 жылдық мерейтойы 18 қазанда облыстық филармонияның симфониялық оркестрі мен Алматы қаласы оркестрінің бірлескен концертіне, 20 қазанда Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концертіне, 26 қазанда филармонияның эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрінің концертіне ұласпақ.

Арқаның сал-серілері Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтың шығармаларын насихаттауға арналған өңіраралық дәстүрлі әншілер «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» фестивалі атауымен өзінің тұсауын кесті. Ақмола облыстық филармониясының 70 жылдық мерейтойына арналған концерттік бағдарламаға еліміздің түкпір-түкпірінен қазақтың қара домбырасын асынған әншілер келді. Олар сал-серілердің әндерін әуелетіп, бұрын айтылмай келген шығармаларын жаңғыртты. Концерт алдында жергілікті ғалымдар, ақын-жазушылар және өнер майталмандарының қатысуымен өткен кеңесте Ақан серінің «Балқадишасының» қате нұсқасы алынып тасталып, Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні» өзіне қайтарылып, Балуан Шолақтың белгісіз болып келген «Қос балапан» әні халқымен қауышты. Енді бұдан былай «Күйеуің сексен бесте шал Қадиша» деп келетін өлең шумағы мүлдем айтылмайтын болды. Сондықтан дәстүрлі шығармаларды орындап жүрген әншілер осыны ескеруі тиіс. Фестивальға қатысушыларға сәттілік тілеген облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов мерейтойға орай жолданған өңір басшысы Сергей Кулагиннің құттықтау хатын оқып берді. Сазгер-ақын Иран Тасқара арнау орындады.

Облыстық филармонияның 70 жылдық мерейтойына орай өткізілетін мерекелік шаралар көп. Соның бастамасы – «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» атауымен дәстүрлі әншілердің фестивалі. Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі Түркештің «Көңіл ашарымен» концерттің шымылдығын түрді. Филармония әншілері Мереке Бекмағанбетов пен Гүлжан Ахметова жергілікті әнші-композиторлардың шығармаларынан попурри орындап, көрерменнің көңілін бір көтерсе, домбырашылар квартеті қазақтың күйлерін асқан шеберлікпен шегіне жеткізе білді. Ал, Сарыарқаны сазымен сәндеп, аспандағы аққуға үнін қосып, кең диапазонды шығармаларымен шырқау биікке самғаған Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақтың әндеріне кезек келгенде еліміздің әр түкпірінен келген дәстүрлі әншілер арындады. Бірінен-бірі асты. Шығыстан ат терлетіп келген Қайрат Қабышев сал Біржанның «Сырғақтысын» сыңғырлатса, қарағандылық Ержан Базарбеков сері Ақанның «Алтыбасарын» асқақтатып, Балуан Шолақтың «Ғалиясына» ғашық етті. Көкшелік Бисара Мәкенова «Майдақоңырды» мамырлатса, павлодарлық Ақжол Әбдіреев «Ақ сисаны» сыйға тартты. Оңтүстік Қазақстаннан келген Оразәлі Жаңабай бұрын-соңды айтылмай келген Балуан Шолақтың «Қос балапан» әнімен көкшеліктерді қайта қауыштырды. Көкшелік Қажыбай Жахин Ақан серінің «Балқадиша» әнінің қате нұсқасын алып тастап, жаңаша орындады. Бұған дейін еліміздегі эстрада әншілері серіні Балқадишаға ғашық етіп, оны 85-тегі күйеуіне қимай келген еді. Ғалымдардың шешімімен бұл шумақ мүлдем алынып тасталды. Оған сеп болған – облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасенов. Ол ән айтып қана қоймай, оны зерттеумен де шұғылданып жүрген еді. Мұрағат материалдарын ақтарып, Ақан әнінің түпнұсқасы осы деп дәлелдеп шықты. Бұл аруақ алдында да арымыздың тазаланғанын білдіреді. Айта кету керек, фестивальға қатысқан әншілердің дені Шығыс Қазақстан облысынан келіпті. Сол жақтың тумасы Берік Омар сал Біржанның «Бурылтайына» батыл бара білсе, көкшелік Эльмира Тілеубаева Мәдидің «Қаракесегін» құйқылжытты. Астаналық Ерлан Қызиман Үкілі Ыбырайдың «Желдірмесін» желдіртті. Бұл кеште, сондай-ақ, бұған дейін халық әні саналып келген Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні» шығармасы автордың өзіне қайтарылды. Оны нәшіне келтіре орындаған жергілікті әнші Сәрсенбай Хасенов. Атасының әні қайта жаңғырып, әділдіктің орнағанына риза болған немересі Елемес Есепқызы әншінің қолына жүзік салды. Үкілі Ыбырайдың «Он саусағын» шығысқазақстандық Жасұлан Тәжиев, Ақан серінің «Құлагерін», Біржан салдың «Ақсеркешін» талдықорғандық Төлеутай Серіков сазына келтіре салды. Ақанның «Әужары» мен Үкілінің «Қалдырғанын» астаналық Гүлмира Сарина әуелетті. Әншілер Көкшенің киелі сахнасы арқаландырып қана қоймай, қатты толқытқанын да жасырмады. Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнімен концерттік бағдарламаны солтүстікқазақстандық Біржан Есжан түйіндеді. Танымал шығарманы барлық қатысушылар қосыла шырқап, көрерменді тебірентті. Әннің құдіреті деген осы болса керек.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс