Дайындық шаралары пысықталды

Қала әкімі Амангелді Смайылов бизнес-құрылым өкілдерімен келер жылы Көкшетауда өтетін Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы форумына дайындық мәселесін талқылады.

Қала басшысы форумға тыңғылықты дайындық жүргізу, қала көшелері мен ғимарат алаңдарын абаттандыру, қоғамдық тамақтану орындарының сапасын арттырып, мәдени, экскурсиялық бағыттағы бағдарламалар, кәдесыйларды ойластырудың маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы Форумының Көкшетауда өткізілуі өңірге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Келген қонақтарға сапалы қызмет көрсетуді талап ететін орындардың бірі – қонақүйлер мен тамақтану орындары. Осы ретте меймандарға қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға барынша күш салынуы тиіс. Форумға арнап салынып жатқан «Болашақ» сарайының аумағы 15 мың шаршы метр. Маңызды нысанда мәжіліс залы, спортзал, бассейн қарастырылған», – деді қала әкімі. Жергілікті қазынаға түсетін қаржы да қомақты. Ауқымды шараны өткізуге 20 млрд теңге қарастырылған. Осы орайда қалада жол жөндеу, абаттандыру жұмыстары да жүргізілетін болады.
Форумға Омбы қаласының өзінен 2 мыңға жуық мейман, сондай-ақ, еліміздің өзге өңірлерінен де делегаттар қатысады деп күтілуде. Қазіргі күні қонақүйлерде 528 орын дайын. Іріктелген отельдер ішкі-сыртқы келбетін жақсартып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алуда.
Қаланың туристік дамуы үшін алдағы форумның маңызы зор. Қалалық кәсіпкерлік бөлімі қоғамдық тамақтану орындары мен қонақүйлердің тізімін жасап, қонақүйлердің санитарлық жағдайы, асхана мәзірі, автотұрақ қызметі, көліктің кедергісіз ену жолдары, сыртқы келбеті, абаттандыру жұмыстарына тексеріс жүргізбек. Бүгінгі күні облыс орталығында іріктелген 23 қонақүй кешенінде 768 орындық 464 нөмір бар. Қазір қонақ-үй саласына жауап беретін азаматтар қызу дайындыққа кіріскен. Айталық, 150 орындық «Достық» қонақүйі меймандарды қабылдауға дайын. Мұнда салтанатты шарадан кейін демалуға арналған нөмірлерде бар жағдай қарастырылған. Келушілерге баспасөз залы, түрлі тренажерлар қызмет көрсетеді. «Бақ сарайы» мейрамханасында әр азаматтың талғамына қарай мәзір дайындалып, келушілер қазақтың ұлттық тағамдарынан да дәм тата алады. Қонақүйлердің сыртқы келбетінің талапқа сай болуы, жарықтандырылуы, автотұрақтың болуы ескерілуі тиіс. «Көкшетау» қонақүйінде 46 нөмір бар. 97 адамға шақталған. Форум қатысушыларына барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында мұнда жыл басынан бері жөндеу жүргізіліп жатыр. Ғимараттың сыртқы келбетін де жаңарту көзделуде. Көп ұзамай Кеңес заманында тұрғызылған ғимараттың кейпі өзгеріп, заман талабына сай болмақ. Облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің өкілі Гүлнәр Қабдешқызы қонақүйлердің қызмет көрсету деңгейі жұлдыздар классификациясымен өлшенетінін айтып өтті. Бүгінде қалада келген қонақтарға қызмет көрсететін 8 мейрамхана дайындық үстінде. Қалада 8 пәтер бюросы жұмыс істейді. Олар да алдағы маңызды шараға тартылмақ. Оған қоса басқа да сауда ойын-сауық орталықтарында тамақтану орындары жұмыс істейді. Салынып жатқан «Болашақ» сарайының аумағында 2 тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер қонақүй ретінде қызмет көрсететін болады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий