Дамудың жаңа сатысына қадам

 

 «Көкшетау» мәдениет сарайында Елбасының    «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы халыққа арнаған Жолдауын талқылауға арналған облыс активі өтті. Жиынға аудан әкімдері, депутаттық корпус, мекеме, ұйым басшылары, бизнес өкілдері қатысты. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин баяндама жасап, Елбасының алға қойған міндеттерін орындау барысында өңірде атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Жарыссөзге шыққандар да әр салаға қатысты өз ойын жеткізді.

 Маңызды құжатта дамудың он бағыты көрсетілді. Облыс әкімі оның әрбіріне тоқтала келе, инновациялық технология, индустриаландыру, «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы сияқты ұзақмерзімдік стратегиялық жоспарлардың жергілікті жерде жүзеге асуына тоқталды.

Индустриаландыру бағдарламасы бойынша облыста 250 миллиард теңгенің 79 жобасы жүзеге асып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Барлық жобалар өңдеуші кәсіпорындарға бағытталған. 41-і-жоғары қосымша құнмен өнім шығаруға, 26-сы-экспортқа. Индустриаландыру картасы нысандарынан бюджетке 35 миллиард теңге түскен.

Ірі 20 кәсіпорын озық технологиялар мен сандық қондырғыларды қолданып отыр. Олардың қатарында «Қазақалтын», «Altyntau Kokshetau», «Тыныс», «Семизбай-U» өндіріс орындары бар. Целиноград ауданында әлемдік стандартқа сай еліміздегі тұңғыш жеке орталық ашылды. Ол мыңдаған терабайт ақпаратты сақтауға, өңдеуге және беруге ықпал етеді. Бұл жобаны жүзеге асырып отырған ІТ-индустрия бойынша көшбасшы саналатын «Intarget Solutions» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.  Ресурстық потенциалды дұрыс пайдалану күн тәртібінде тұр. Бір ғана Целиноград ауданында жел энергетикалық қондырғылардың орнатылып, күн электр станциясы құрылысының қолға алынып жатқаны жылу және жарық жүйелерін тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Жеке қуат көздерінің арқасында облыс бойынша электр энергиясы 7,1, млн. квт/сағ., жылу энергиясы 136.6 мың Гкал., су-222,6 мың.м3 үнемделді.

Қазір агроөнеркәсіптік кешенге жаңа технологияларды енгізу қолға алынып жатыр. Жалпы облыс бойынша ауыл шаруашылығындағы өнімділік өткен жылдармен салыстырғанда 10% өскен.

Елбасының тапсырмасына сәйкес өңірде өткен жылы ет және сүт бағытындағы 35 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Оған 9 мың жеке шаруашылықтар біріктірілді. Биыл тағы 28 осындай ұйым құрылып, оған 25 қосалқы шаруашылықты қосу жоспарланып отыр. Өңірдің өндірістік мүмкіндіктері «Қазақстанда жасалған» брендін дамытуға ықпал етуде. Астана қаласында «AQMOL» сауда желісі   дамуда және кеңеюде. Облыста экспорттаушы 80 компания жұмыс істеп отыр. Олар өзінің өнімін Тәжікстан, Түркменстан, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірлігі және Қытайға сатып жатыр.

Мемлекет басшысы алға қойған маңызды бағыттардың бірі көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру. Соған орай «Щучье-Бурабай» курортты аймағы мен Көкшетаудың кіреберіс жолдарын жөндеуге мән беріліп отыр.  Өткен жылы 220 шақырым жолды қалпына келтіру қолға алынған еді, бұл жұмыстар ары қарай жалғасады. Жаңа технологияларды құрылыс және коммуналдық салаға енгізу де үнемі назарда. Ауылдық жерлерді ауызсумен қамтуға биыл 4,1 миллиард теңге бөлінді. «Жасыл технологияны» құрылыс, энергетика және тұрғын үй секторына енгізу жұмыстары аудан әкімдері мен басқармалар тарапынан бірлесе атқарыла бермек.

Жолдаудың жетінші бағыты жаңғырудың негізі саналатын адами капиталға қатысты. Соңғы екі жылда облыстағы 10 мың педагог оқытудың жаңа бағдарламасы бойынша білімін жетілдірді. Мұғалімдердің осы категорияларының жалақысы 30 пайызға өсті. Ендігі мақсат, білімді сандық жүйеге көшіру жұмыстарын жалғастыру.

Елбасы әр Жолдауында халықтың денсаулығына ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, қатерлі дерттердің алдын алу маңызды. Соған орай Көкшетау қаласында биыл онкологиялық емхананың құрылысы басталады. Ол күніне 150 адамды қабылдауға лайықталмақ.

Біздің облыс медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізу пилоттық жобасына енді. Бұл мақсатқа 111 миллион теңге бөлінді. Дәрігерлер жетіспеушілігі өзекті. Соған орай Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде медицина факультетін ашу жоспарланып отыр.

Өңірде туризмді дамыту жалғасын тауып,  «Смарт сити»  концепциясын енгізу жұмыстары қолға алынады. Жалпы халықтың әлеуметтік жағдайы жалақы, зейнетақы мен жәрдемақы, шәкіртақы мөлшерін өсіру арқылы жақсара бермек деп сөзін түйіндеді өңір басшысы. Активте сөз алған «Биотехнология Ұлттық орталығының» директоры Дархан Балпан өңірдегі бірнеше кәсіпорынға енгізіліп жатқан ақылды технологиялар туралы айтты. «ТNK Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры  Батырбек Уәлиев жеке кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауға алғысын білдіріп, кей түйткілді мәселелерге тоқталды. Ауыл шаруашылығы саласының жілігін шағып, майын ішкен кәсіпкер жігіттің сауатты тұжырымдамалары көпшіліктің көкейіндегісін дөп тапты. «НИКС инжиниринг» ЖШС директоры Владимир Пинчук құрылыс саласындағы жаңашылдықтарды ортаға салса, «Білім инновация» дарынды балалар мектебінің директоры Идаятула Әдіханов оқушыларды заманауи бағытта тәрбиелеу туралы ойын білдіріп, жетістіктерін жеткізді. Облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Татьяна Зиновьева денсаулық сақтау саласындағы шешімін күткен мәселелерді баяндады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.  

 

 

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий