Даму кілті – серпінді еңбек

«Көкшетау» мәдениет сарайында облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың «2019 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2020 жылға арналған міндеттері туралы» есеп беру кездесуі өтті. Есепті кездесуге ҚР Президенті аппаратының мемлекеттік инспекторы Бақытжан Сапиев қатысты.

Есепті кездесу алдында өңір жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда түрлі саладағы жергілікті тауар өндірушілер өз өнімдерін келушілер назарына ұсынды.
Былтыр қайта өңдеу өнеркәсібінің үлесі 81,5%-ды құрады. Өңдеуші сектордың өсуін қамтамасыз еткен салалар машина жасау 16,6, тамақ өнеркәсібі 11,1, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 37, жиһаз өндіру 5,2 пайыз болды. «КамАЗ-Инжиниринг» АҚ, «ЕПК-Степногорск» АҚ, «Қазақалтын» ТКМК» АҚ кәсіпорындарында экономикалық өсім байқалды. – Ең бастысы, Мемлекет басшысының облыс экономикасын қарқынды дамыту туралы берген тапсырмасы орындалды. Бұл жұмыстарға барлық ақмолалықтардың ауызбірлігі мен еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Біздің облыс республикадағы барлық негізгі көрсеткіштер бойынша жетекші орындарды иеленді. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы аяқталды, оны іске асыру кезінде 189 миллиард теңге сомасындағы 39 жоба енгізілді, 4 мың жұмыс орны құрылды, – деді Е.Маржықпаев. Құрылыс индустриясы, машина жасау, тамақ өнеркәсібі саласында: «Бижан» ЕӨЗ» ЖШС, «CapitalProjectsLtd» ЖШС, «КАИК» ЖШС, «Көкше-Цемент» ӨБ» ЖШС жаңа кәсіпорындары құрылды. «Сапа Су» темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты, «RG Gold» алтын өндіру фабрикасы, Степногорск тау-кен химия комбинаты, «Astana Ceramic» кірпіш зауыты жаңғыртылды және қайта жаңартылды. Былтыр жалпы құны 4 миллиард теңге болатын 5 жоба іске қосылды, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. 2020 жылы өнеркәсіптегі өсу драйверлері машина жасау, тамақ өнеркәсібі, химия және құрылыс индустриясы сияқты салалар болады. Машина жасауда Көкшетау қаласында «John Deer» маркалы ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу және сервистік қызмет көрсету бойынша сервистік орталықты іске қосу жоспарланған. Өндірістік қуаттарды кеңейту есебінен, «Вектор» комбайн зауыты» ЖШС астық жинау комбайндарын жинау көлемін 3 есе өсіру жоспарлануда.
Өткен жылы 534,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 4648 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. «7-20-25» әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы аясында 2019 жылы 5,2 миллиард теңгеге 579 өтінім мақұлданды. Елбасының бастамасымен табысы төмен, мүгедек балалары бар немесе көп бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін және толық емес отбасыларға тұрғын үй сатып алу бойынша «Бақытты отбасы» жаңа бағдарламасы іске қосылды. Осы механизм шеңберінде 2020 жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша 171 өтінім қабылданды, оның 145-і мақұлданды.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, аграрлық сектор экономиканың драйвері болуға тиіс. Біздің облысымыз бұл міндетті белсенді түрде жүзеге асырады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 515,8 миллиард теңгені немесе 2018 жылдың деңгейіне 100,1 пайызды құрады. Ет өндірісі 35,1%, сүт 2,7%-ға, сары май – 11 %-ға, ет-сүйекті өнімдер 78,7%-ға, өңделген сүт 23,9%-ға артты, – деді өңір басшысы. Облыс әкімі бұған мемлекеттің қолдауымен және ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларын сәтті жүзеге асырудың арқасында қол жеткізілгендігін айтты.
Облыстағы елді мекендердің 60,7 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Ағымдағы жылы Көкшетау және Щучинск қалаларында көше жарықтандыру шамдарын энергия үнемдейтін шамдарға ауыстыру бойынша жұмыстар пилоттық режимде жүргізілуде.
Облыс басшысы өз есебінде жаңғыртудың бес векторына – әлеуметтік бағдар, өмір сапасын жақсарту, азық-түлік қауіпсіздігі, индустриялық даму және кедергісіз бизнес мәселелеріне кеңінен тоқталды. «Ірі кәсіпорындар өндірісті цифрландыруға және Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге шамамен 2 миллиард теңге салынды. Цифр-ландыру бойынша бекітілген жоспарлар шеңберінде жұмыстар 2020 жылы да жалғасатын болады», – деді әкім.
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақмола облысында 2019 жылы 2,1 миллиард теңге бөлінді, 250 жобаға қолдау көрсетілді. 13,5 миллиард теңге сомасына 131 жаңа жобаны субсидиялау басталды. Ол бойынша 1,8 миллиард теңге мөлшерінде субсидия төленді. 4 миллиард теңге сомасына несиелер бойынша 170 миллион теңгеге 82 кепілдік берілді. 79 миллион теңгеге 34 грант берілді. 862,7 миллион теңгеге инфрақұрылым жүргізілді және 376,9 миллион теңгеге 3 жоба мақұлданды. 2019 жылғы 24 желтоқсанда «Бизнестің жол картасы-2025» жаңа бағдарламасы бекітілді. Оған шағын және орта бизнесті қолдау тиімділігін арттыру үшін тұжырымдамалық өзгерістер енгізілді. Бағдарламаны іске асыруға 2020 жылы 3,1 миллиард теңге бөлінді.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспарының 3-ші кезеңі шеңберінде инженерлік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында 2019 жылы 4,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Сервис сапасын жақсарту үшін еліміздегі алғашқы Сервис және туризм академиясының 48 студенті Түркияның таңдаулы қонақүйлерінде тағылымдамадан өтті.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» тұжырымдамасы белсенді жүзеге асырылуда. Былтыр облыс әкімінің аппаратына 3241 жазбаша өтініш келіп түсті. Облыс әкімінің ашық диалог порталында 2019 жылы 13 интернет-конференция ұйымдастырылып, азаматтарға тиісті түсініктемелер берілді. «Бүгінгі таңда әрбір тілек білдірушінің мемлекеттік органның немесе оның бірінші басшысының аккаунтына Фэйсбук, Instagram және мессенджер телеграммалардың барлық қолжетімді әлеуметтік желілері арқылы сұрақ қою және ұсыныс енгізу мүмкіндігі бар деп сеніммен айтуға болады», – деп атап өтті облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Кездесудің қорытынды бөлімі облыс басшысымен өңір жұртшылығының сұрақ-жауаптарына арналды. Халық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік, елді мекендерді абаттандыру және балабақшалар құрылысы, экология мен спортты дамыту мәселелері бойынша көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Газбен қамту жобасын жүзеге асыру, тұрғын үй құрылысы және басқа да мәселелер көтерілді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий