«Даму» қоры демеген кәсіпорын

Көкшетаулық кәсіпкер Әмір Сақтағанов бизнеске алғашқы қадамын 2009 жылы бастаған. Қолындағы бар қаражатқа қондырғылар алып, шағын гаражда жалдамалы жұмысшымен бірге жиһаз өндірісін қолға алады. Осы салада тәжірибесі бар ол «Көкше-Мебель» серіктестігін құрады. Уақыт өте келе тапсырыс көбейіп, үлкен өндірістік ғимаратты жалға алған. Содан бері кәсіпорын өсіп, өркендеді. Қазіргі таңда өзіндік технологиясы бар бәсекелестікке қабілетті өндіріс орны ретінде танылуда.

«Көкше-мебель» жиһаз цехы мемлекеттік
қолдаудың арқасында өндірістік қуатын арттыруда

         Қазір бәсекелестік жоғары. Сондықтан да осы саладағы өзгерістерді қалт жібермеуге тырысатын кәсіпкер тұтынушының көңілінен шығарлық жиһаз жасау үшін әрине, заманға сай қондырғылар қажет екендігін айтады. Ал, мұндай құрал арзан тұрмайтыны белгілі. Бастаған ісін ілгерілетіп, өндіруден бастап өз өнімін таратуға дейінгі жұмыстың толық циклын жөнге келтіру үшін Әмір Сақтағанов «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан өңдеуші кәсіпорындарды қолдауға бағытталған «Даму-Өндіріс» бағдарламасы бойынша жылына 6 пайызбен 40 миллион теңге несие алды. Кәсіпкер бұл қаражатқа ПВХ ағашын өңдейтін автоматтандырылған станогы мен шикізат алды. Бұл құрылғымен ЛДСП және МДФ ағаштарын жаңалап жасауға болады. Осылайша, жиһаз өндірісі дұрыс жолға қо-йылып, жаңа технологияларды енгізу арқылы өндіріс көлемін еселеп арттыруда. «Экономикалық дағдарыстарға қарамастан алдағы күндерге деген сенімімізді жоғалтпай, тұтынушыларға қажетті жиһаз өндіруді тоқтатқан жоқпыз. Оның қолжетімді бағаға және жоғары сапаға ие болуына күш-жігерімізді жұмсадық. Төккен теріміз текке кетпеді. Кәсіпорынның жұмысы қазіргі таңда қалыпты. Өз ісіңе сенсең, алынбайтын қамал жоқ екен. Және де жақсы әріптестер жаныңнан табылып жатса, кез келген жағдайда, жаңа жоспарлар құрып, жүзеге асыруға болады. Мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдау деп осыны айтқан абзал, – дейді «Көкше-Мебель» серіктестігінің директоры Әмір Сақтағанов. Бүгінде компания жұмсақ және құрастырмалы жиһаздың 150 түрін шығарады. Кәсіпорын шеберлері тұтынушылардың талабына сай ерекше дизайнда айрықша жиһаз жасап беруге дайын. Жеке кәсіпкер үшін ағаш шеберлігі бастапқыда әншейін әуесқой іс болса, енді табыс көзіне айналып отыр. Бір қараған адамға кәдімгі тақтай боп көрінсе де, оның қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару да оңай емес. Кәсіпорында 80 адам еңбек етеді. Жиһаз жасау цехы ең озық құралдармен жабдықталған. Мұнда үй, кеңсе жиһаздарының бірнеше түрі шығарылуда. Басты мақсаттары – аймақты сапалы әрі арзан өніммен қамтамасыз ету. Тапсырыс түсіп жатса, өндіріс көлемін ұлғайтуға қауқарлары жетеді. Бір айтарлығы, тұрғындар жиһазды өзге жерден тасығанша, жергілікті өнімді алғаны дұрыс қой.
Өйткені, арзанға түседі. Өнімді өткізу үшін қала-аудандарда дүкендер желісін ашу ісінде де ұмтылыс байқалады. Атап айтқанда, Көкшетау қаласының өзінде ғана 8 сауда нүктесі бар екен. Сондай-ақ, «Көкше-Мебель» кәсіпорнының жеке сайтының ашылуы, Қазақстанда жасалған отандық өнімді жарнамалауға даңғыл жол ашпақ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс