Дарынды балалар айтысқа түсті!..

Достық үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған мектеп оқушылары арасында облыстық ақындар айтысы болып өтті. Жыр додасын «Тәуелсіз Қазақстан» поезымен Көкшетауға келген Парламент Мәжілісінің депутаты, қаламгер Сауытбек Абдрахманов бастаған зиялы қауым өкілдері де тамашалап, балғын айтыскерлердің талабын ұштай түсуге тілектерін білдірді.

Көкше өңірі сонау бір өткен Мұса Асайынов, Көкен Шәкеев сияқты аға толқынды айтпағанда, кешегі аламан айтыстарда топ жарған Баянғали Әлімжанов, Құдайберлі Мырзабек, Арман Бердалин, Әлібек Серғалиев сияқты ақындарымен айшықталған өлке. Одан кейін де оқта-текте жылт етіп, үміт күттірген өнерпаздар болғанмен, республикалық додаларда маңдайы жарқырап озып келген ешкім болмады. Неге? Өнер жанашырларын осы сұрақ көптен алаңдатып жүр. Мына бір шара сол сұрақтың жауабы іспетті. Соңғысына бала күндерінде Арман Бердалин, Қанат Қыдырмин қатысқан оқушылар айтысының өтпегеніне аттай жиырма жыл болыпты. Ал, мектеп қабырғасында жүріп талабын ұштап, өнерін өсіріп, тәжірибе жинақтаса, талай дүлдүл дүр көтеріліп, айтыс әлеміне қанат қағар еді! Бұл – даусыз. «Қанат ұшса қатаяды». Демек, араға жиырма жыл салып өтіп отырған бүгінгі оқушылар арасындағы айтыстың маңызы зор. Осы шараны ұйымдастырған «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Закиров: «Оңды идеямызды жүзеге асыру мақсатында көмек сұрап қақпаған есігім қалмады. Қол ұшын берген тек Құдайберлі Мырзабек ағамыз ғана болды», – деп ағынан жарылды.
– Батыр Мәлікті алғаш жырлаған жампоз Жамбыл Жабаев. Сондықтан, біздің бұл шарадан шет қалуымыз орынсыз. Және, мектеп оқушылары арасында жиірек айтыс өткізудің халықтық өнерді дамытуда, жас дарындарды тәрбиелеп, өсіруде игі ықпалы зор. Алға қарай осындай айтыстардың өтіп тұруына тырысамыз, – дейді айтысты жүргізген, М.Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек.
Жиырма жылда алғаш өткен оқушылар айтысына «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы құрамында Көкшетауға келген Парламент Мәжілісінің депутаты, қаламгер Сауытбек Абдрахманов бастаған қонақтардың қатысуы балғын айтыскерлер талабын ұштай түскендей болды. Әрине, сахнаға алғаш шығып, айтысқа алғаш түскен оқушыларға Алмас Темірбай бастаған әділ қазылар алқасы аса қатты талап қойған жоқ. Дегенмен, әр қарсыластың аз-кем артықшылығы ескерусіз қалмады. Сонымен, дода төмендегідей қорытындыланды: Целиноград ауданынан келген Талант Нұрасыл, Ақкөл ауданы мен Степногор қаласының өкілдері Саяхат Аманжол мен Аниса Қамзиева үшінші, ерейментаулық Бақтияр Жепенов пен жарқайыңдық Ұлпан Қалдыбаева екінші, көкшетаулық Бауыржан Ерқанат бірінші орындарға ие болды. Ал, Бас жүлдені бұландылық Мұхаммед Нұржанат жеңіп алды. Осы жиын үстінде «Жас Ұлан» ұйымы ұйымдастырған «Ұлы дала жыршысы» шығармалар байқауының жүлдегерлеріне өлеңдері енген кітаптар табыс етілді.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс