Дарынды жастар баршылық

«25 жұлдызды күн» жобасы аясында облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы ұйымдастырған «Бала ақын – жас дарын» атты облыстық оқушылар айтысының мақсаты – өңіріміздегі ақындық өнерді, оның ішінде ақындар айтысын жандандыру, жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, Отанға, елге деген сүйіспеншілігін арттыру.

Қазақ халқының төл өнері айтыс қашанда халық сұранысына ие болып, өнер атаулының төресі саналған. Есіл-Көкше өңіріндегі Орынбай, Арыстанбай, Шөже сияқты от ауызды, орақ тілді ақындардың орнын басқан адуынды мұрагерлері әр кезеңде Көкшетау жұртшылығын өнерімен сүйсінтіп отырған. Солардың ізбасарларын тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған оқушылар айтысы сөз өнеріне ыңғайы бар, талантты, талапты балаларды көп ішінен іздеп тауып, болашақта ұлы өнердің мирасқоры етуді көздеді. Айтысқа Көкшетау қаласынан облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан ашылған «Талант» жас ақындар клубының мүшесі Абылайхан Әшімхан, Красный Яр №3 орта мектеп-гимназиясының оқушысы Ерқанат Бауыржан, Степногор қаласынан Аниса Қамзиева қатысты. Бұланды
ауданынан Ақтілек Қайымхан, Бергенбек Азатбекұлы, Нұржанат Мұхаммед сияқты жас ақындар келді. Сонымен қатар, Шортанды ауданынан Бердібай Сәрсенби, Атбасар ауданынан Әділбек Нұрдыбек, Аршалы ауданынан Жәнібек Оралжанұлы, Жақсы ауданынан Жанболат Мықыш, Ақкөл ауданынан Бағдат Жарқынбекқызы, Ерейментау ауданынан Бахтияр Жепенов сынды жас ақындар бақ сынасты. Жас ақындарға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, айтыскер-ақын Құдайберлі Мырзабек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын», «Серпер» жастар сыйлықтарының иегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің екі мәрте жеңімпазы, ақын, журналист Алмас Темірбай, Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы, республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері Арман Бердалин қазылық етті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Бұланды ауданынан келген Бергенбек Азатбекұлы жеңіп алса, бірінші орынды Ақтілек Хайымхан қанжығасына байлады. Екінші орын Атбасар қаласынан келген Әдібек Нұрдыбекке бұйырды. Ал, Ақкөл ауданының ақыны Бағдат Жарқынбекқызы үшінші орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы тағайындаған арнайы жүлдемен бұландылық Нұржанат Мұхаммед марапатталды. Сондай-ақ, Нұржанат Мұхаммедтің шешесі Күлиман Әбілбайқызы өз тарапынан ақшалай жүлде тағайындап, оны Шортанды ауданынан келген Бердібай Сәрсенбиұлына табыс етті. Қалған қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.

Әсем Жүніс.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс