Депутаттардың қолдауымен

1 сыныпқа баратын 31 бүлдіршінге сертификат тапсырылды

Өткен жылы «Нұр Отан» партиясының белсенділері 311 балаға 3,8 миллион теңгенің материалдық көмегін көрсетті. Ал, биылғы жылы олар 465 баланы қамқорлыққа алып, 7 миллион теңге мөлшерінде қолғабыс жасауды ұйғарып отыр.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында 13 тамызда өткен «Мектепке жол» мейірімділік акциясына жиналған ата-аналардың, кішкентай бүлдіршіндердің қуанышында шек болған жоқ. Өйткені, олардың бәрі облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттарының тарапынан демеушілік көмек алды. Ағымдағы жылдың 1 тамызынан басталып,  30 қыркүйекке дейін жалғасатын бұл шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Бақытты балалық шақтың территориясы» ұранымен өтуде. Биылғы жылы облыс бойынша материалдық көмекке зәру балалардың саны 10730-дай, оның ішінде 1053 жеткіншек бірінші сыныпқа барады екен.

Ақмола облыстық білім беру басқармасының деректеріне сүйенсек, өткен жылы 12399 оқушы материалдық көмек алыпты. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 6245 оқушыға 36,3 миллион теңгенің, 6154 шәкіртке бюджеттен тыс 55,6 миллион теңгенің көмегі көрсетілді. Ал, ағымдағы жылы мұндай демеушілік көмек көлемі біршама ұлғаймақ. «Нұр Отан» партиясы активінің бұл бағыттағы атқарған жұмысына келетін болсақ, былтыр 311 бала 3,8 миллион теңгенің көмегін алды. «Мектепке жол» акциясы жарияланғаннан бері «Тыныс», «Халыққа қызмет ету орталығы», «Алтын ел», «Ақсай нан», «Алтынтау Көкшетау», «Камаз-Инжиниринг» акционерлік қоғамдары мен «Халық банкі» облыстық филиалы жанындағы бастауыш партия ұйымдары ондаған балаға мейірімділік көмек көрсетті. Жалпы алғанда нұротандықтар биыл 465 балаға 7 миллион теңгенің көмегін көрсетуді ұйғарып отыр. 13 тамыз күні облыстық филиал ғимараты жанында өткен шараға келетін болсақ, оған облыстық мәслихаттың 7 және  қалалық мәслихаттың 16 депутаты қатысып, мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған 31 бүлдіршінге оқу құрал-жабдықтарын сатып алуға сертификат тапсырды. «Білім ошағының есігін алғаш ашқалы отырған кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауды біздер, партия белсенділері, депутаттар өзіміздің азаматтық борышымыз санаймыз», – деп атап көрсетті облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалым Бекмағамбетов. Аталған шара барысында облыстық мәслихаттың депутаттары – «Қалалық сүт заводы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсен Жақсылықов, «Дастархан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Елена Мащинская, «Зеленстрой» кәсіпорнының директоры Геннадий Осиненко балаларды осы қуаныштарымен құттықтап, сый-сияпат жасады. Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Бауыржан Ғайса, Бірыңғай жинақ зейнетақы қоры облыстық филиалы жетекшісінің орынбасары Жасұлан Бекмағамбетов та игілікті шарадан шет қалмады. Ата-аналар, ұстаздар қауымы өз тараптарынан аталған шараға белсене қатысқаны үшін халық қалауларына алғыстарын айтты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс