Депутаттарды өңірдің жетістігімен таныстырды

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин 5 қаңтарда Мемлекет басшысының 2016 жылғы стратегиялық міндеттерін заңдылық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі Парламент қызметі жайлы тұрғындарды хабардар ету мақсатында өңірге келген Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерсұлтан Бектұрғанов, Жанат Жарасов, Жексенбай Дүйсебаев, Сапар Ахметов, Михаил Чирковпен кездесті.

Кездесу барысында Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері және оның перспективалық жоспарлары жан-жақты талқыланды. Облыс басшысы атап көрсеткеніндей, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы біздің өңір үшін мерейлі табыстарға толы болды. Ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияны енгізу есебінен дәнді-дақылдардың шығымдылығы біршама ұлғайтылып, 5,7 миллион тонна рекордты өнім жиналды. Астана қаласының айналасында азық-түлік белдігін жасауға орай ақмолалықтар Елорда тұрғындарын ұн, тағамдық жұмыртқа, картоппен жүз пайызға, ет өнімдерімен 52 пайызға, сүтпен 50 пайызға қамтамасыз етуде. Қолжеткен жетістіктерді одан әрі баянды ете отырып, металлургия саласын жедел қарқынмен дамытудың арқасында облысымызды аграрлық-өнеркәсіпті аймаққа айналдыру да кезекте тұрған бас-ты міндеттердің бірі саналады. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде облыста 530 мектепке дейінгі тәрбие мекемелері ашылып, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 95 пайызға жеткізілді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, кішкентай сәбилердің мектепке дейінгі мекемелерге бару деңгейі 1999 жылы небәрі 8 пайыз ғана болатын. Парламент депутаттары өз тараптарынан аймақтың экономикалық потенциалын нығайтып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған  жобалардың жоспарлы түрде жүзеге асуына өздерінің ықпал ететіндіктерін айтты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс