Депутат сайлаушыларымен кездесті

Көкшетау қалалық әкімшілігі жанында 4 комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына енетін депутаттар барлық дерлік мәселелер бойынша халықтың мұң-мұқтажын талқыға салып, өтініштері бойынша бюджеттен қаржы бөлінуіне күш салады.

Биыл жоспар бойынша әр депутат өз округінде сайлаушыларымен кездесу өткізіп келеді. Бұған дейін қалалық мәслихат депутаттары Мәди Елубаев, Жұмабай Әміржанов, Боранбай Бегалин, Еркін Исімбаев, Владимир Шиманский тұрғындармен кездесті. Соңғы он айда өткізілген сессиялар барысында түрлі мәселелер бойынша 100 сауал алға тартылған екен. Халық қалаулыларына түрлі проблемаларымен келетін тұрғындар көп, олардың бірі баспана, бірі отбасы түйткілімен келсе, енді бірі науқас балаларының емделуіне қаржы сұрайды. Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық мектеп-лицейде өткен кездесуде қалалық мәслихат депутаты Роза Арыстанқызы өз округі бойынша сайлаушылармен кездесіп, оларды қызықтырған сауалдарына жауап берді. Сұрақ көп болған жоқ. Тек оқушыларға қажетті спорт залының жоқтығын алға тартқан аталған білім ошағы директорының өтінішіне депутаттар құлақ асуға уәде етті.
Роза Арыстанқызы Көкшетау қаласы бойынша биыл атқарылған игілікті істер жайлы есеп берді. Ол облыс орталығын абаттандыру, көркейту, балалардың ойын және спорт алаңдарын салу, көше жолдарын жөндеу, жарықтандыруға қатысты. Биыл Көкшетау қаласында барлығы 55 үй ауласы жөндеуден өткен. Оның ішінде депутаттарға келген тұрғындардың өтініш-тілектері де бар. Мысалы, Роза Арыстанқызына облыс орталығының тұрғыны Қайролла Ескендіров өзі тұратын ауланы абаттандыру жайлы мәселемен келген екен. Қарияның тілегі орындалып, халық қалаулысының көмегімен жөндеу жұмыстары жасалыпты. Сондай-ақ, алты баланың анасы Анастасия Горяева үйін жылытатын көмірі жоқтығын алға тартқан. Ол кісінің де өтініші қанағаттандырылып, депутаттар тарапынан қолдау көрсетіліп, үйіне қатты отын жеткізіліпті.
Роза Арыстанқызы Көкшетау теміржолы вокзалында қызмет істейді. Сондықтан ол кісіге поезд билеті мәселесімен жолығатын жандар көп. Олардың басым бөлігі квотамен Астана, Алматыға операция жасатуға баратындар екен. Кейбірі жағдайының жоқтығын да алға тартады. Соған орай халық қалаулысы бірнеше адамға өз қаржысына билет алып бергенін де айтты. Сондай-ақ, қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайтын депутат науқас балалардың еміне қаржы жинау жұмыстарына да қолғабыс етеді. Алда бұл жұмыстар жалғасады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий