Дербес бюджет ауыл әлеуетін арттырады

«Көкшетау» мәдениет сарайында 12 қазанда ауыл әкімдерінің республикалық форумы өтті. Оның жұмысына Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, «Аймақ» қорының президенті Айгүл Соловьева және Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстары әкімдерінің орынбасарлары, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері қатысты. 

Форумды ашқан аймақ басшысы М.Мырзалин ауылдық жерлерге бюджеттің төртінші деңгейін енгізу азаматтық қоғам құруға жасалған маңызды қадам екендігін, Ақмола облысында 2 мыңнан аса тұрғыны бар 69 ауылдық округ жаңа басқару жүйесіне көшетіндігін, бұл жауапты іске әзір отырғандығын атап өтті. «Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуымыз керек. Маңызды мәселелердің өз шешімін табуына тұрғындар да белсенді түрде атсалысқаны жөн. Қаражатты дұрыс және тиімді жұмсау үшін әкімдердің білгірлігі мен білімі жоғары деңгейде болуы қажет», – деді облыс әкімі. Өңірде Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің «Зерде» оқыту орталығының базасында 2 мыңнан аса ауыл әкімдері арнаулы курстан өткен, 160-қа жуық аудандық экономика және қаржы бөлімдерінің қызметкерлері оқытылды. Бұдан кейін сөз алған Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншікті енгізу мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Оның айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан еліміздегі халық саны 2000 адамнан асатын 1066, ал 2020 жылдан бастап республиканың барлық 2444 ауылдық округтерінің өзінің дербес бюджеті болады. Үш жылдан бері кейбір ауылдық округтерде қолма-қол бақылау шоттары ашылып, өз қаржыларын жинап, жұмсауға мүмкіндік берілген. Оны жергілікті қоғамдастық келісімімен ауыл әкімдері жұмсай алады. Осы уақытқа дейін әр елді мекеннің өз кірісі болған. Оның басым бөлігі түрлі салықтан, жарнамадан, яғни түрлі билбордтар ілу сынды табыс көздерінен, коммуналдық төлемдер және айыппұлдан құралған. Барлығы да ауылдың жағдайын жақсартуға бағытталады. Қалай, қайда жұмсау қажеттігін ауылдағы ағайын әкіммен ақылдаса отырып шешеді.
Ауыл тұрғындары салығының дені бұдан былай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге, абаттандыру, көгалдандыру, жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту сынды маңызды мәселелерге жұмсалады. «Жергілікті атқарушы органдардың мұрындық болуымен биылғы жылдың сәуір-тамыз айлары аралығында 961 ауылдық округ әкімі мен 2861 аппарат қызметкерлері мемлекеттік басқару академиясының тәлімгерлерінен дәріс алды. Ауылдық округ әкімдіктерін компьютермен жабдықтау мәселесі де шешімін табады. Ұлттық экономика министрлігі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып 125 ауылдық округте интернеттің жылдамдығы төмен екенін анықтап, оның 105-інің мәселесін шешті», – деді вице-министр. Белгілі журналист Сергей Понамаревтің модераторлығымен еркін пікір алмасу форматында өткен форумда мазмұнды баяндамалармен қатар тың ұсыныстар да айтылды. Ауылдық округ әкімдерінде бұдан былай жеке бюджет болатындықтан, елді мекеннің әрбір тұрғынынан түсетін салықтың да маңызы арта түспек. Өйткені, салық көп болса, бюджеттің көлемі де соған сай болмақ. Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов жаңа жылдан бастап жаңа жүйемен жұмыс істейтін ауылдық округ әкімдеріне үш айды күтпей қазірден бастап өздеріне тиесілі өңірдегі жылжымайтын мүліктерді, өзге де дүниелерді тіркеуге алу керектігін ескертті. Төрт облыстың үлкенді-кішілі атқамінерлерінің басын қосқан алқалы жиында ауыл әкімдері өздерін толғандырған сұрақтарды қоюларына мүмкіндік алды. Жаңа жүйеге өтуге байланысты жұмыс ауқымы кеңейетіндіктен арнайы штат бөлінсе, жалақы көтерілсе деген ұсыныстарын да жасырмай айтты. Форумда сөз сөйлеген Қосшы селолық округінің әкімі Дінмұхаммед Қалиев жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі ауданда 2015 жылдан жұмыс істейтінін, бұл істе тұрғындар да белсенділік танытып отырғанын жеткізді.
Форумды қорытындылаған Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов маңызды басқосуда айтылған ұсыныс, өтініш-тілектердің барлығы ескерілетінін, жаңа жүйені түсіндіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын, қазан айында ауылдық округ әкімдерінің барлығына арнайы нұсқаулықтар таратылатынын жеткізді. Алдағы уақытта ауыл әкімдіктерінің мойнына артылар жүк ауыр. Бюджетті игеру бір басқа, одан бөлек ауыл аймақтарды таза сумен қамту, жол жөндеу, тұрғын үй қорын күтіп ұстау, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға жәрдемдесу сынды міндеттері де бар. Ұлттың ұйытқысы ауылда. Ауыл көркейсе елдің дамуына даңғыл жол ашпақ.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий