Дерттің емі дәрі ғана емес…

«Достық» қонақ үйінің конференц-залында «Туберкулез, нашақорлық, маскүнемдік дертіне қарсы күрес тиімділігін арттыруда азаматтық қоғаммен байланысты нығайту» жобасы аясында медицина мамандары және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің модераторы – «Луч надежды» адам құқын қорғау және туберкулезбен күрес қоғамдық қорының директоры Любовь Рубежанская атқарушы органдармен бірлесе атқарылған жұмыс нәтижесінде қол жеткен жетістіктерге тоқталды.

Туберкулез – әлеуметтік салмағы батпандай кесел. Заман өзгерді. Медицина дамыды. Дегенмен, қоршаған ортаға ауқымды түрде таралған туберкулез таяқшаларын мүлде жойып жіберу қиынға соғып келеді. Бұл кеселмен әлемдік қауымдастық белсенді түрде күресіп келеді. Біршама ауыздықталды. Бірақ, түбегейлі жойылып кетпеген кеселдің бұл түрімен күрес сипаты бүгінгі таңда қандай дәрежеде? Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова туберкулездің белгілі бір деңгейде ауыздықталуына жыл бойы үздіксіз жүргізілетін үгіт-насихат шараларының ықпалы зор екендігін атап өтті. Осы орайда жобаның үйлестірушісі, жаңадан құрылған «Игілік» туберкулезге қарсы күрес қоғамдық қорының директоры Айман Темірханованың жұмысына табыс тіледі. Туберкулезге қарсы күрес облыстық диспансерінің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов соңғы сегіз-тоғыз жылда өңірде туберкулезге шалдығушылардың арасында өлім-жітім деңгейінің 4 есеге азайғанын айтты. Бұл – туберкулездің алдын алу шараларын қаржыландыру көлемінің артуы және осы сала мамандарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Мамандардың айтуынша, қазір қылмыстық атқару жүйесіндегі туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы күрделі. Дегенмен, колониялардың бактериологиялық-диагностикалық мүмкіндіктері жоғарылауда. Олар да жаңа заманауи лабораториялық қондырғылармен тексеріліп, қорытындысы дер кезінде шығарылып, тиімді, нәтижелі емдеу әдістері қолданылуда. Облыстың қылмыстық атқару жүйесінде туберкулез дертімен ауыратындар саны 2014 жылы – 56, 2015 жылы – 39, 2016 жылы – 40 болса, 2017 жылы – 23 адамды құрап отыр. Бұрын елімізде сотталғандарды құрт ауруынан емдейтін 8 бөлімше болса, қазіргі уақытта ондай мекемелер Қарағанды мен Ақмола облысында ғана жұмыс істейді. Қылмыстық атқару жүйелерінде фтизиатр мамандар жетіспейді. Сондықтан олар азаматтық саладағы дәрігерлерге қосымша ақы беріп, өз жұмыстарын толыққанды атқаруға мүмкіндік алып отыр. Құрт ауруына шалдығып, босап шыққандардың тубдиспансерлерде толық емделуін қадағалауға алу мәселесі бүгінгі таңда өзекті болып тұр. Аталған аурудың ашық формасымен ауыратын науқастың көшеде, қоғамдық көліктерде еркін жүргенін көпшілік білмейді. Бұл туберкулезді кез келген көпшілік орында адамдар жұқтыру қаупі бар деген сөз.
Туберкулезге шалдыққан азаматтардың ішінде бұрын істі болған, үй-күйсіз немесе нашақор, ішімдікке салынғандар да бар. Сондықтан дәрігерлердің науқастардың үйіне полициямен бірге келуге мәжбүр екендігін айтады «Игілік» туберкулезге қарсы күрес қоғамдық қорының директоры Айман Темірханқызы. Көкшетаудағы белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған бейімдеу орталығы 50 орынға шақталған. Мұндағы мамандардың айтуларынша, үкіметтен берілетін қаржы шектеулі болғандықтан, үй-күйсіз жүргендерді ұзақ уақытқа ұстау мүмкін емес. Туберкулез, ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың көбінің жеке куәліктері болмағандықтан, оларды мекенжайлары бойынша тіркеуді де дәрігерлер өз міндеттеріне алған. Ал, әлеуметтік бейімдеу орталығының мамандары бірнеше рет жеке куәлік жасатқандарымен, олардың құжатты қасақана жоғалтатынын айтады. Осы орайда медицина мамандары мектептерге жақын орналасқан әлеуметтік бейімдеу орталығын қаланың шеткі аумағына орналастыру туралы қала әкімінің атына өтініш жазған. Туберкулезбен ауыратындардың 50 пайызы – жұмыссыз жүргендер, 10 пайызы барар жер, басар тауы жоқ қаңғыбастар. Өкініштісі олардың ешқайсысы құлан-таза айығып кетуге құлық таныта қоймайды. Елімізде «Туберкулезге қарсы ұлттық бағдарлама» да жұмыс істеуде. Дертке шалдыққан жан бізде тегін емделеді. Бірақ, мемлекет салаға қандай жағдай жасаса да, туберкулезбен тек денсаулық сақтау қызметкерлері күресіп, үлкен нәтижеге жете алмайды. Ең алдымен, тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артып, уақытылы тексерілуден өтіп тұрғаны жөн. Салауатты өмір сүрудің қарапайым қағидаларын әрбір азамат сақтаса, дерттің алдын алуға болады.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий