«Джарайд» тобы жанды дауыста ән салады

Көкшетау қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Мұрат Құлатаев жанды дауыста ән салатын топ құруды армандады. Өйткені, фонограммаға әуестеніп кеткен эстрада әншілері жанды дауыста ән айтпайтын болғандықтан, кәсіби музыканттарға деген сұраныс та болмай қалған. Сонау 80-ші жылдардың хит-әндерін жақсы білетін, заманауи шығармаларды да орындай алатын, жастардың талғамын да түсінетін жандарды іздеп табу оңай болған жоқ. Осылай Мұраттың іздестіруімен, шақыруымен 8 музыканттан жинақталған «Джарайд» тобы дүниеге келді. Қазақтың «жарайды» деген сөзін әрлендіріп, өзге тіл өкілдеріне де түсінікті болу үшін басына және соңына «Д» әрпін қосақтапты. Бір жағынан заманға да сай, екіншіден, біз осылай-ақ өз тыңдарманымызды табамыз деген сенімділік қылаң береді. Өнерпаз жігіттермен жақынырақ танысу үшін біз де ансамбльдің студиясына бардық.

«Джарайд» тобы шағын ғана екі бөлмелі жер үйде орналасыпты. Егер атақты рок және эстрада топтарының тарихына үңілсек, олардың да өзінің негізін жертөлелерде бастағаны белгілі. Ғимаратқа кіргеннен-ақ өзімізді жайлы ортаға түскендей сезіндік. Бізді жатсынып жатқан ешкім көрінбеді. Музыканттар өзімен-өзі әуре. Бірі аспабының күйін қалыпқа келтіріп жатса, енді бірі дыбыстың дұрыс шығуын қадағалауда, ал қос әнші орындайтын шығармасын пысықтау үстінде екен. Диванға жайғасып отырдық. Көп күттірмей, «джарайдтықтар» әніне салды. Жанды дауыс, аспаптардың жанды үні адамға керемет әсер етеді. Жастық шақтағы «Дос Мұқасан», «Қарагөз», «Ялла», «Земляне», «Веселые ребята», «Синяя птица», «Кино», т.т. басқа ансамбльдер бірден көз алдыңа келеді. Жасандылық жоқ, алдын ала жазып алып, ауызды ғана жыбырлатып тұру деген жоқ, тіпті шындығына келсек, көрерменді алдау деген жоқ. Қандай тамаша! Қосылып шырқап кеттік. Билегіміз де келді. Міне, нағыз өнер деп осыны айт.
«Джарайд» тобын құрушы, кәсіпкер Мұратты әңгімеге тартқанда ол ансамбльдің дүниеге келуі жан-дүниесін байытып, рухани ләззат алу үшін жасалған шаруа екенін айтты. Ол осы топты құрып, пайда табуды емес, өзінің арманын жүзеге асыруды ғана көздеген. Сондықтан топ мүшелерінің өз-өзін асырап, өз-өзін қаржыландыруына жол ашқан. Оларға қажетті аспаптарын сатып алып берген, бөлек ғимарат бөлген, оны жөндеп, студияға айналдырған. Бүгінде «Джарайд» тобы той-домалақтарда ән айтып, нанын тауып жүр. Түскен пайда топтың мүшелеріне теңдей бөлінеді. Жаз айларында сұраныс өте көп. Өйткені, жанды дауыста ән айтатын ансамбль біздің өңірде жоқтың қасы. Мұраттың музыкалық білімі бар, бірақ топтың мүшелерімен тең дәрежеде ойнай алмайтын болғандықтан, қазір тек сырттай бақылаумен шектеледі. Онысына бірақ ренжімейді. Қайта топтың күшейіп, кәсіби, білікті музыканттармен толыға түскеніне қуанады.
Енді топтың құрамында кімдер бар екеніне тоқталсақ, бас гитарада Михаил Калашинов, жай гитарада Юрий Романюк, барабанда Алексей Забродин, клавиште Арман Есжанов. Айта кетейік, топтың құрамында бір ғана қыз бала бар. Аты-жөні – Дина Бапышева. Бұған дейін мейрамханаларда ән салып жүріпті. Оны сырттай бақылап жүрген Мұрат бір күні осы топқа жұмысқа шақырыпты. Міне, екінші жыл ансамбльдің белді мүшесі. Кез келген әнді жанымен салады, егер шет тілде болса, мағынасына мән беріп барып орындайды. Жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Репетициялардан қалмауға тырысады. Ансамбль мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста. Бір кеште жанды дауыста оннан астам шығарма орындауы мүмкін. Қанша шаршаса да, қиналса да ешкімге сездірмеуге тырысады. Өзінің мамандығын сүйеді, әнді сүйеді, өнерді сүйеді. Ал, ансамбльдің екінші солисі Рүстем Өмірзақовтың мамандығы – теміржолшы. Бірақ ән айтуды бала жасынан жақсы көреді. Балалар шығармашылық орталығынан тәрбие алып шыққан. Ақкөңіл, ақжарқын жігіт бірден тыңдарманын өзіне баурап алады екен. Сахнада ән айтып жүргенін көрген Мұрат оны топқа мүше болуға шақырыпты.
«Джарайд» тобының репертуарында 200-ден астам ән бар. Шығармалар қазақ, орыс, итальян, португал және ағылшын тілдерінде орындалады. Көркемдік жетекшісі – көкшеліктерге жақсы таныс музыкант Арман Есжанов. Шығармаларды өңдеумен айналысатын кәсіби маман. Ансамбльдің репертуарын жаңартып, орындалатын әндердің тізімін құрып, аранжировкасын өзі жасайды. «Джарайдқа» жақында ғана келген музыкант Юрий Романюк бард-әнші екен. Өмір жайлы, сезім жайлы толғаныстарын қағаз бетіне түсіріп, оған ән жазып, өзі орындайды. Бұған дейін көршілес елдерде болатын бард-әншілердің фестивальдеріне қатысып жүріпті. – Ал, Көкшетау қаласында сондай кештердің мүлдем өткізілмеуі өкінішті. Қала жым-жырт, кейде соны ойласам, жүрегім сыздайды. Түнгі қаланың тыныштығын бұзатын әдемі ән кештері орталық саябақтарда, Қопа көлінің жағалауында ұйымдастырылса, қандай жақсы болар еді, – дейді ол қынжыла. Жалпы, «Джарайд» тобының аяқ алысы жақсы. Жоспарлары ауқымды. Репертуарлары өте бай. Тыңдарманның талғамына сай кез келген шығарманы орындауға тырысады. Ең бастысы, оның мүшелері музыкаға ғашық жандар. Көзқарастары осы жерде тоқайласып, осы жерде түйіседі. Ал, мықты ансамбль болу үшін бұл аса қажет қасиет.
«Джарайд» тобының мүшелерімен қимай қоштастық. Олардың жанды дауыспен салған әндерін, жанды аспаптардан төгілген әсем саздарын тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің келеді. Сөз арасында айта кетейік, кәсіпкер Мұрат Құлатаев Көкшетау қаласындағы №6 мектеп оқушыларынан құралған «Банзай» тобының да құрушысы. Түрлі аспаптарда ойнайтын балалардың жасы 14-15-терде. Жергілікті шығармашылық байқауларда өнер көрсетіп жүр. Олар да әндерін жанды дауыста орындайды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс