Диқандар тартуы – 5,7 миллион тонна астық!

Ауылшаруашылығы қызмет-керлерінің күніне арналған жиынға өңірдің 600-ден астам құрылымы қатысып, оларды облыс әкімі Сергей Кулагин құттықтады. Өңір басшысы ауылшаруашылығы саласында жетістікке жеткен 33 аграршыға Алғыс хаттар, Құрмет грамоталарын, бағалы сыйлықтар табыс етті. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен «Сарымсақты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Оралбай Глашев пен «Нарол» кәсіпорнының директоры Бақытжан Хамзин марапатталды. «Еңбек ардагері» медалі Александр Карташев және Орынбай Смаиловқа табыс етілді.

Салтанатты шараға арнайы шақырылған Социалистік Еңбек Ерлері Баяш Әміренов, Тұрлыбек Әбілпейісов, Күлән Бәкібаева, Сағила Есенжолова, Ибрагим Жанғоразов, Сартай Жұмағалиев, Сүйіндік Есмағамбетов, Есілбай Қадыралин, Валентин Щербаков та құрметтелді. Кеште жергілікті сазгер Құмарбек Қалқатаевтың дала диқаны Кәмшат Дөненбаева жайлы жаңа әнінің тұсауы кесілді. Мерекеге орай Социалистік Еңбек Ері Кәмшат апайдың жылы лебізі экран арқылы тыңдалды. Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен 18 адам, «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен 6 адам, «Еңбек ардагері» медалімен 17 адам, «Еңбек даңқы» төс- белгісімен 40 адам, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен 12 адам және Алғыс хатымен 178 адам марапатталатыны хабарланды. Ауыл еңбеккерлеріне бұл сый-сыяпаттар өз елді-мекенінде салтанатты жағдайда табыс етілетін болады.

Биыл Ақмола облысының диқандары 5,7 миллион тонна астық жинап, тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерейлі табыспен қарсы алды. Сөйтіп, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өңірдің диқаншылары рес-
публика бойынша бірінші орынға шықты. Соның нәтижесінде облыстың ауылшаруашылығы өнімінің үлестік салмағы 330 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Көктемгі дала жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп, ылғалды ресурс сақтаушы технологиялар 3 миллион гектар жерге жүргізіліпті. Барлық фитосанитариялық қауіпсіздік шаралары толық жасалды. Гектар шығымдылығының 13,2 центнерден айналуы әр шаруашылық өзінің тұқым қорын жасақтауға мүмкіндік берді. Агроөндірістік кешен жыл аяғына дейін 1,8 миллион тонна сапалы астықты экспорттай алмақ. Өйткені, біздің үшінші класты бидайға деген сұраныс жоғары. Биыл астық қабылдау пункттері 3 миллион тонна бидайды қабылдады, оның 1,5 миллион тоннасы кептірілді. Ал, 400 мың тонна бидайды шаруашылықтар өз кешендерінде кептіре алды. Облыстың ауылшаруашылық құрылымдары биыл 3500 бірлік техника сатып алған. Мемлекет басшысы мал шаруашылығын дамыту үшін жаңа технологиялардың арқасында селекциялық-асылдандыру жолымен мал басын көбейтуді баса тапсырған болатын. Қазақстан алыс және жақын шетелді мал өнімімен қамтамасыз ететін бірден-бір ел болуы тиіс. Жыл сайын малдың басы 3 пайыздан 7 пайызға өсіп келеді. Қазір 27 мыңға дейін мал бордақылайтын алаңдар бар. Соның нәтижесінде облыс ет және ет өнімі бойынша өңірдің сұранысын толық қанағаттандырып отыр. Сондай-ақ, Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруға ықпал етіп, белгілі бір бөлігін экспортқа шығаруда. Сүт өндірісі бағытында озық келе жатқан шаруашылықтар: Ақкөл, Астрахан, Бурабай, Целиноград аудандарындағы «Еңбек», «Камышенка», «Есіл Агро», «Родина» Агрофирма жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Жұмыртқа өндірушілер өңірдің және Астана қаласының сұранысын жүз пайызға орындап отыр. Әсіресе, өңірде өндірілетін жұмыртқаның 70 пайызын шығарып келе жатқан «Ижевский» өндірістік кооперативі, «КазГерҚұс» серіктестігі мақтауға лайықты. Құс етін өндіру де жолға қойылуда. Бұл бағытта Целиноград ауданында салынып жатқан «Капитал Проджект» серіктестігі мен қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайтын «Макин» құс фабрикасын айтуға болады.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс