Достығымен жарасқан бауырлас ел Өзбекстан

Елбасының Жарлығына сәйкес биыл Өзбекстанның Қазақстандағы жылы деп жарияланғаны белгілі. Соған орай бауырлас елдің түрлі салада қызмет ететін өкілдерінің біздің өңірге де жұмыс сапарлары жалғасуда. Жақында ғана қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен тілдерді оқыту орталығының ұйымдастырған «Достығымен жарасқан бауырлас ел Өзбекстан» атты мәдени-көпшілік шарасы өтті. Оған Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданындағы №94 мектептің мұғалімдері мен оқушылары арнайы келді. Соған орай ұйымдастырылған семинар-конференция барысында біздің елдің латын һарпіне көшуге қадам жасап жатқандығы, бауырлас елдің осы бағыттағы тәжірибесі, сабақ алатын тұстары жайлы айтылды. Қазақтілді өзбек ағайындар дәм-тұзын алға тартып, көкшелік көрерменге концерттік бағдарламасын ұсынды. Залды билетіп, кәсіби әншілерден кем өнер көрсетпеген мектеп мұғалімдері мен оқушылары әдемі әуенімен баршасын өзіне баурады.

«Достар» мәдениет сарайының кіші залында алдымен «Латын графикасына көшу – болашаққа бастар бағыт» тақырыбында семинар-конференция өтті. Оның жұмысына қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысып, алыстан ат терлетіп келген бауырлас ел өкілдеріне ақ жол тіледі. Жалпы, қазақ пен өзбек ежелден бір туған халық екені белгілі. Олардың арасындағы достық, бауырмалдық қарым-қатынас жігі ажыраған емес. Бүгінгі Көкшетауға келген меймандардың да ұстанғаны осы – ынтымақ пен бірліктің туын жоғары ұстау. Түркістан облысы, Сайрам ауданында тұратын халықтың 70 пайызы өзбектер. Мұнда 70  мектеп жұмыс істейтін болса, оның 54-і өзбек тілінде білім береді. Қазақстан латын әліпбиіне 2025 жылы өтуге байланысты дайындық жұмыстарын бастағалы бері бұл тақырып ел ішінде қызу талқылануда. Осыған байланысты қазақ жұртшылығы көптеген елдердің латын әліпбиіне көшу тәсілі мен тәжірибесіне баса назар аударуда. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, бір алфавиттен өзге бір әліпбиге өту өте күрделі процесс. Түркі тілдес елдердің ішінде Түркия, Әзербайжан сынды мемлекеттер латын әліпбиіне аса бір қиыншылықсыз өткені белгілі. Бірақ Өзбекстан әлі күнге дейін қос әліпбиді (кирилл және латын) пайдаланып келеді. Өзбекстан кирилл алфавитінен латын әліпбиіне өтуге байланысты заң жобасын 1993 жылдың 2 кыркүйегінде қабылдаған болатын. Бұл заңның өзбек елінде қысқа уақыт ішінде қабылдануына басты себеп, сол уақытта Түркиямен арадағы қарым-қатынасының жақсы деңгейде болуы болды. Бірақ кейіннен Ташкент пен Анкара қарым-қатынасы бұзылып, Өзбекстан билігі латын әліпбиіне көшуді 2000 жылға, одан кейін 2005 жылға, кейіннен тіпті 2010 жылға дейін кейінге қалдырды. Осы кезден бастап Өзбекстан мектептерінде қос әліпби оқыту бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарлама уақыт өте келе өзбек қоғамын екі лагерьге бөліп тастады. Олардың бірі Кеңестер одағы кезінде кирилл алфавитімен білім алып, өмір бойы кирилл әліпбиімен жазып келген аға буын өкілдері мен тәуелсіз Өзбекстанда туылып, латын әліпбиінде оқыған жас буын өкілдері.

Қазіргі таңда Өзбекстанда 25 жасқа дейінгі өзбек жастарының барлығы дерлік латын әліпбиін пайдаланады. Ал, аға буын өкілдері керісінше кирилл алфавитінде жазады, сызады. Елдегі кітаптер мен ғылыми еңбектер, газет, журналдар қос алфавитте шығады. Бірақ мектептер мен жоғары оқу орындарының басым көпшілігі латын әліпбиінде жазылған кітаптарды қабылдамайды. Енді 2025 жылға қарай латын әліпбиіне көшеміз деп жатқан Қазақстанға келсек. Бұл жерде біз не көреміз? Бұл арада біз бірінші кезекте латынға көшуде осыдан 15-20 жыл бұрын Өзбекстан елі жіберген қателіктерді қайталауды байқаймыз. Ол қателік компьютер пернетақтасындағы 26 әріптен аспау мақсатында диакритикалық (ноқаты бар) әріптердің орнына қос әріп пайдалану. Бұған дәлел соңғы рет Парламентте талқыланған алфавит. Онда кирилл әліпбиіндегі «ә» әрпін латын алфавитінде «ае» деп белгілеген. Дәл осындай қателікті 1995 жылы Өзбекстан елінің тіл мамандары да жіберген. Оларда өз латын әліпбиіндегі Ç ç, Ş ş сынды диакритикалық таңбаларын Ch ch, Sh sh әріптеріне ауыстырған. Бірақ бұнымен әлі күнге дейін «айды аспанға шығарып», ғаламды таң қалдыратын софт жасап, компьютердің пернетақтасында зырылдайтын өзбек баласын көрмеді әлем жұртшылығы. Міне, осы және басқа да кемшіліктерді алға тартқан Сайрам ауданындағы №94 мектеп директорының орынбасары Клара Расулкулова мен қазақ тілі мұғалімі Раъно Абдраимовалар өзбек ағайындар жіберген қателіктерді қазақ бауырларымыз да жібермесе екен деген тілегін жеткізді. Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің филология бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Иманбаев, облыстық оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы  Қарагөз Жамұханова да өз ойларын ортаға салды. Көкшетауға арнайы келген өзбек ағайындар өздерін үлкен ілтипатпен құшақ жая қарсы алып, құрмет көрсеткен баршасына алғысын білдіріп, Сайрамға қонаққа шақырды.

Бетті дайындаған Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий