Достықтың берік діңгегі

Өткен бейсенбі күні «Көкшетау» мәдениет сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-шы сессиясы болып өтті. Онда Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Мәлік Мырзалин баяндама жасады.

IMG_9547Елбасы Н.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі Жолдауларында әрқашан еліміз экономикасының ілгері басуы, халықтың әл-ауқатының жақсара түсуі, мәдениетіміз бен өнеріміздің өрлеуінің басты бір факторы еліміздегі береке, татулық, бірлік, өзара түсіністік екенін атап айтады. Береке бастауы – бірлік екенін қалтқысыз ұғынып, осы межені бағдар тұтқан қазақстандықтар берік ұстанымнан айныған емес. Бұл жолғы Ассамблея сессиясына жиналғандар жүзінен де риясыз достық пейіл, тату көңіл, ақ ниетті сезіну қиын емес еді. Татулық пен берекені паш еткен көрмені ықыласпен тамашалап, көптен көрмеген дос-жаранмен табысып, суретке түсіп, жадыраған жұрт шын мәнісінде мерекеге жиналғандай. Расында да, достықтан асқан мереке болар ма!

IMG_9550Сахна төріне жайғасқан, ұлттық киім киген он-сан ұлт өкілдері сол көңіл-ниеттің көрінісіндей.

Облыс әкімі өз баяндамасында Елбасы алға қойған келелі міндеттер, « Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мәселелер, күні бүгінге өңір тұрғындарының экономика, мәдениет пен өнер саласындағы қол жеткізген табыстары, Ассамблея облыстық филиалының атқарып келе жатқан игілікті жұмыстарына тоқталды. Одан кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ағылшын тілінің оқытушысы Ж.Сағындықова,  Зеренді аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры Д.Орлова, Целиноград аудандық Достық орталығының директоры М.Сукалов, Астрахан ауданындағы Николаев селолық округінің әкімі Е.Лысенко,  облыстық татар-башқұрт бірлестігінің мүшесі Р.Загайдулиндер сөйледі.

Сессия күн тәртібіндегі мәселелер қарастырылып болған соң, жиналған жұртшылыққа тартымды концерт ұсынылды. Көрерменге әсіресе балғын бөбектердің биі, киноэкранда Елбасы бейнесін сомдап жүрген актер, әнші-композитор Нұрлан Әлімжановтың сахнаға көтерілуі ерекше әсер етті. Сөйтіп, Ассамблея сессиясы асқан ұйымшылдықпен, жарқын көңіл-күй үстінде, сәтті өтті.

                                                                           «Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий