Дінаралық татулыққа өріс кең

Достық үйінде облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен Рухани келісім күніне орай діни бірлестіктермен байланыс кеңесінің отырысы өтті.

Онда өңір басшысы облыста жұмыс істеп тұрған діни ұйымдар туралы айтып, олардың жастарды бірлік пен ынтымақ бағытында тәрбиелеу қажеттігіне тоқталды. Шетелдерде болып жатқан қақтығыстардан сабақ алып, елімізде бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтау қажеттігін айта келе, өңір басшысы мектептегі дінтану пәнінің бағытына, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге айрықша назар аударды. Сондай-ақ, жұқпалы ауруларға қарсы жүргізілетін екпеден бас тарту себептерін түсіндіру жұмыстарын кеңінен өрістетіп, «Нұр-Мүбәрәк» университетін бітіріп келген жас мамандардың жұмысқа орналасуына қамқорлық жасау да назардан тыс қалмауы керек. Өңір басшысы Сергей Кулагин дін істері департаментін ұзақ жыл басқарып келген Сәуле Ыбыраеваны зейнетке шығуымен құттықтап, атқарған қызметіне алғысын білдірді.

Бүгінде облыс бойынша 12 конфессияның 228 діни бірлестігі бар. 218-і әділет органдарында тіркелген. Оның 121 – ислам, 42 – православ, 11 – католик, 43 – протестант және дәстүрлі емес «Бахаи» бағытында жұмыс істейді. Тіркеуден өтпеген «Евангелия-христиан баптистерінің» қоғамы да бар. Өткен жылмен салыстырғанда діни бірлестіктердің саны тағы 4-ке артқан. Олар Родина, Қатаркөл, Еленовка және Максимовка селоларында құрылған. Бүгінде діни қызметпен 59 миссионер айналысады. Оның 15 – Польшадан, 3 – Филиппиннен, 2 – Германиядан,
1 – Украинадан, 4 – Ресейден, 34 – Қазақстан азаматтары. 26 миссионер католицизмді, 20 миссионер протестантизмді, 13 миссионер православиені уағыздайды. Биыл 62 миссионер қайта тіркеуден өтіпті. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркеновтың баяндамасында айтылды. Діни бірлестіктердің қарамағында 178 жеке нысандар бар. Оның 121 – мешіт, 25 – православтық шіркеу, 10 – католиктік костелдер, 22 – протестанттық шоқыну үйлері. Мұнымен қоса өңірде 22 намазхана мен сағатханалар бар. Мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастарды түсіндіру, халықтың діни және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында облыста 2013-2017 жылдарға арналған діни лаңкестік пен терроризмге қарсы тұру мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. 217 адамнан құралған 23 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Жыл басынан бері осы бағытта 1853 шара ұйымдастырылып, оған 72 мың адам тартылған. Дінаралық татулық туралы бұқаралық ақпарат құралдарында 1278 материал жарыққа шыққан. Бүгінде облыстағы 475 мектептің жоғары сыныптарында дінтану пәнінен 554 мұғалім дәріс береді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтында 400-ден астам ұстаз сабақ алған. Мектеп оқушылары сол білім ошағының талаптарына сай киініп, дінтану сабағының мұғалімдері де дұрыс таңдалғаны жөн. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнәр Құлышеваның айтуынша, діни бағытты ұстанған отбастары түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егу шараларынан бас тартып жатыр. Биыл 935 адамның 408-і діни бағытта жүргендер екен. Сондықтан балаларына екпе жасатпау түрлі жұқпалы ауруларға қарсылық күшін жою дегенді білдіретінін ата-аналарға түсіндіру керек. Дін саласында мемлекет саясатын жүргізудегі жемісті жұмысы үшін Жақия қажы мешітінің имамы Серік Халықов, Науан Хазірет мешітінің имамы Нұрлан Бақбасаров, теолог Дінмұхамет Сманов, Ғалым мешітінің имамы Виктор Түйтебеков, дін істері басқармасының ақпараттық-сараптама бөлімінің жетекшісі Данияр Тоқсанбаев, «Насихат» кеңестік-оңалту қоғамдық бірлестігінің директоры Қанат Алшынбаев, Георгий храмының дінбасы Константин Копнин, рим-католик ғибадатханасының дінбасы Войчех Скорупа және Евангелия-Лютеран шіркеуінің дінбасы Эвальт Красовский облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы, Науан Хазірет мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин және Көкшетау мен Ақмола епархиясының епископы Серапион жиналғандарды мерекемен құттықтап, облысымыздағы діни бірлестіктермен конфессияаралық келісімді нығайтатынын жеткізді. Кеңес барысында діни бірлестіктердің барлық басшыларына естелік кәдесыйлар тарту етілді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс